Телефон қолдануды азайту үшін ата-аналар да, ұстаздар да баланың зейіні үшін смартфонмен бәсекелесуі керек. Мұның қиын екенін барлығымыз жақсы түсінеміз.
Мектептердің 76%-ы смартфондарды пайдалануға тыйым салды
Сабақта телефондарға рұқсат бермесе де, оқушылар ережелерді үнемі бұзады. Фото Depositphotos.com сайтынан алынды. Авторы: Andrey Kuzmin
1,895
оқылды

BBC News орта мектеп мұғалімдері баланың қызығушылығы үшін смартфонмен бәсекеде күресу қажеттігін жазды.  Aikyn.kz бұл материалдың негізінде смартфон мен баланың арасында тосқауылды тыйым салумен ғана жасауға болмайтынын талдайды.

Нэнси Стрейт орта мектеп мұғалімі, ол баланың зейіні үшін смартфонмен бәсекелесу қаншалықты қиын екенін жақсы түсінеді. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Нэнси Стрейт орта мектеп мұғалімі, ол баланың зейіні үшін смартфонмен бәсекелесу қаншалықты қиын екенін түсінеді. Бірақ ана ретінде ол бұл құрылғылардың төтенше жағдайда қажет екенін де мойындайды.

«Негізінен ата-аналар қоңырау шалады», – дейді ұстаз. Сабақта телефонды қолдануға рұқсат берілмесе де, оқушылар ережелерді үнемі бұзатынын айтады.

Стрейт ханым сабақ беретін Лос-Анджелес ауданында осы аптада мектептерде смартфондар қолдануға тыйым салынды. Бұл дамыған елдерде күшейіп келе жатқан тренд, өйткені АҚШ-тағы көптеген штаттар мен мектептер балалардың смартфондарға тәуелділігімен күресетін тиімді жолдарды іздеуде.

АҚШ-тың халқы тығыз орналасқан Нью-Йорк пен Калифорния сияқты екі штаты осы мәселеге қатысты жаңа саясатты қарастыруда. Апта басында Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюом сыныптарда смартфондарға тыйым салуға шақырып, бұл саясатта заң шығарушылармен бірігіп жұмыс істейтінін айтты. Нью-Йоркте губернатор Кэти Хочул да осындай заң шығаруды талап етуде. Осы көктемде Индиана губернаторы күзде басталатын оқу  жылында смартфондар қолдануға тыйым салатын заң жобасына қол қойды. Бұл саяси шешімдер мектептерде смартфонды пайдалануға қатысты ұзақ уақытқа созылған пікірталастың соңғы тарауын білдіреді және пандемиядан кейінгі жастардың психикалық денсаулығына алаңдаушылық толқыны күшейген кезеңде қабылданды.

АҚШ мектептерінің 76%-ы смартфонды академиялық емес мақсатта пайдалануға тыйым салды. Соңғы қабылданған нормативтік актілер бұл процесті одан әрі қатаңдатуға бағытталған. Фото hi-tech.mail.ru сайтынан алынды. Авторлығы: btv.md

Құрама Штаттардағы мектептердің көпшілігінде телефон саясаты бар. АҚШ Білім департаментінің мәліметі бойынша, мектептердің 76%-ға жуығы 2021-2022 оқу жылында смартфондарды академиялық емес мақсатта пайдалануға тыйым салды. Дегенмен соңғы қабылданған нормативтік актілер бұл процесті одан әрі қатаңдатуға бағытталған.

Лос-Анджелес мектебінің алтыншы сынып мұғалімі Рафаэла Ходжес балалардың қарым-қатынасындағы үрейлі және күрт өзгерістерді байқағанын айтады.

«Олар ыңғайсыздық сезінгенде, телефонды шұқылай бастады», – дейді ол ВВС-ге берген сұхбатында.

Өткен жылы Флорида штатында мектептерде телефондарды пайдалануға тыйым салатын және мектептегі Wi-Fi арқылы әлеуметтік желілерге кіруді бұғаттауды талап ететін заң қабылданды. Заң сонымен қатар мектептерден «әлеуметтік медианың әлеуметтік, эмоционалды және физикалық әсерлері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді» талап етеді. Мэн мен Вирджиния штаттарының кейбір округтары, Канаданың Онтарио мен Альберту провинциялары сияқты қатаң телефон ережелерін енгізген.

1980 жылдардан бері Құрама Штаттарда сыныптарда смартфонға тыйым салуға бірнеше әрекет жасалған. Фото rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock

Мектептердегі телефондар туралы пікірталастар мен алаңдаушылықтар бұл құрылғылар пайда болғаннан бері жалғасуда. 1980 жылдардан бері Құрама Штаттарда сыныптарда байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салуға бірнеше әрекет жасалған. Бірақ 1999 жылы Колорадо штатындағы «Колумбайн» орта мектебінде 13 адамның өмірін қиған атыстан кейін ата-аналар мен мектептер телефондардың төтенше жағдайда негізгі байланыс құралы ретінде пайдаланылуын қорғауға себеп болды.

Сол қазалы оқиғадан кейін штаттар ережелерді жеңілдетіп, соның ішінде Калифорния да бар, 2002 жылы телефонға тыйым салуды алып тастады.

Мектептер телефондарды кибер-буллинг пен оқушылардың тапсырмаларды көшіру құралы ретінде қарастыратындықтан, пікірталас қайта өрбіді. 1 миллионнан астам оқушылары бар Нью-Йорк қаласы қатаң тыйым салуды енгізе бастады, бірақ 2015 жылы саясат өзгеріп, жеке мектептер өздерінің ережелерін енгізуге мүмкіндік алды.

Бас хирург Вивек Мурти: «Әлеуметтік желілер балаларда мазасыздық пен депрессия белгілерінің пайда болу қаупін арттырады». Фото Getty Images сайтынан алынды

Саясаттың қазіргі өзгеруі оқушылардың психикалық денсаулығы мен әлеуметтік медианы пайдалануына қатысты алаңдаушылықтар күшейген кезбен байланысты.

Дүйсенбіде Американың денсаулық сақтау саласындағы ең жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі темекі қорапшаларындағы сияқты ескерту белгілерін әлеуметтік желілерде жариялауға шақырды. Бас хирург Вивек Мурти «әлеуметтік желілер балаларда мазасыздық пен депрессия белгілерінің пайда болу қаупін арттырады» деп сендірді, дегенмен тақырып бойынша зерттеулер әлі де жалғасуда.

«Бізде балалар тек оқуға құлшынбай, телефондарында отырып, достарына хабарлама жібереді, әлеуметтік желілердегі хабарламаларға жауап береді, желілерді  айналдырады. Бұл оқуды қиындатып қана қоймайды, сонымен қатар мектепте қарым-қатынас пен достық орнатуды қиындатады», – дейді доктор.

АҚШ-тың Бас хирургінің ұсынысына байланысты мақаланы Aikyn.kz сайты да жазды. Мына сілтемеден оқи аласыз: «Шенеунік мектепте смартфондар қолдануға тыйым салуды ұсынды».

2019 жылы жарияланған және федералдық денсаулық сақтау департаменттері жиі сілтеме жасайтын зерттеу нәтижелері әлеуметтік желіде күніне 3 сағаттан астам уақытын өткізетін жасөспірімдер алаңдаушылық пен депрессия сияқты психикалық денсаулық проблемаларының қаупін екі есе арттыратынын көрсеткен.

Мектептер қауіпсіздік пен әлеуметтік медиа қауіптерін шектеу арасындағы баланс табу жолында тарихи күрес жүргізуде. Фото rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock

Смартфондарды мектептерде тыйым салу саясаты өзгеріссіз сақтала ма? Мектептер қауіпсіздік пен әлеуметтік медиа қауіптерін шектеу арасындағы баланс табу жолында тарихи күрес жүргізуде. Ұлттық мектеп қауіпсіздігі басқармасының президенті Кен Трамп бұл саясат қоғамдағы күшті консенсусты қажет ететінін және тәртіпті сақтау арқылы жұмыс істейтінін айтады.

«Бұл қарапайым ата-ана немесе алыстан ғана бақылайтын адамдар ойлағаннан әлдеқайда маңызды. Бұл зұлымдығы көп мәселе және оның шешімі де күрделі», – дейді Трамп мырза.

Бұндай қиындықтарға қарамастан Лос-Анджелестегі мектептердің басқарма мүшелері сейсенбіде (18 маусым) жаңа оқу жылынан бастап телефондарды мектепте тыйым салуға дауыс берді. Бірақ бұл саясаттың қандай нәтиже беретіні белгісіз. Мыңдаған оқушы оқитын Лос-Анджелесте тұратын 18 жастағы Алисса BBC-ге берген сұхбатында телефонсыз орта мектепке баруды елестете алмайтынын айтқан.

«Бізде үлкен кампустар бар, оның бәрін ешкім қадағалай алмайды. Ешкімнің назарына түспей телефон қолдануға болатын көптеген жерлер бар», – дейді ол. Өздері қабылдаған ережелердің сақталуын талап ету жолдарын америкалық мектептер де іздейтіні белгілі.

Ал Қазақ елінің мектептерінде смартфон қолдануға тыйым салу да жақын айларда, жылдарда қабылданатын шешім болады деп ойлаймыз. Бұл ұлт болашағы жастардың денсаулығы үшін, елдің болашағына қажет саяси шешім болатынына сенеміз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.