Қазіргі уақытта Қызылқоға ауданы Сағыз селолық округіндегі аса қауіпті жұқпалы аурулармен күрес бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп келеді.
Ауыл ветеринары «Алтын кітапқа» енді
1,873
оқылды

42 жылын туған ауылына, соның ішінде ауылдағы мал шаруашылығының дамуына арнаған аңыз адам Клара Сәрсенбаеваның есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» енді. Былайғы күндері аса елене бермейтін мамандық иесі осынау жарты ғасырға жуық уақытта тұтас ауылда мал шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосып келді.

Есімі «Алтын кітапқа» енген Клара Сәрсенбаева 42 жылдан бері Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз селосында табан аудармастан еңбек етіп келеді. Осынау уақыт ішінде талай жұқпалы аурулар кезеңін бастан өткеріп, ауыл халқының алғысына бөленген кейіпкеріміз, қайнаған тірліктің ортасында жүріп, төрт түлікпен бірге, ұлт саулығы үшін қызмет етті.

Клара Сәрсенбаева өзі қазір еңбек етіп жүрген Сағыз ауылының тумасы. 

«Ветеринария саласын таңдауым саналы түрде жасалған қадам болды. Себебі көзімді ашқалы көргенім ауылдың өмірі. Атам қазақ ықылым заманнан мал шаруашылығымен айналысқандықтан қыз баласы болсам да, осы бір ата кәсіптің дамуына өз үлесімді қосқым келді. Сондықтан ауылдың қызы ауылды тастап кеткісі келмесе, сол ауылды дамытатын іспен айналысуы керек деп шештім. Осылайша, ветеринария саласына келдім», - дейді есімі Алтын кітапқа алтын әріппен жазылған ветеринар маман Клара Сәрсенбаева. 

Оның айтуынша, ата-анасы қызының таңдауына қарсы болмаған. Әсіресе, әкесі Құрал маңдайы жарқыраған қызының болашағына үлкен сеніммен, үмітпен қараған.

«Ветеринар мамандығын бастапқыда Орал қаласындағы ветеринариялық техникумда  оқыдым. Кейін Алматы қаласында жоғары білім алдым. Осы салада жүргеніме биыл 42 жыл. Алғаш еңбек жолымды Ленин атындағы совхозда бастадым. Кіші мал дәрігері болып еңбек еттім. Ол кезде салада әйел адамдар аз болды. Үлкен ағаларымыз тәжірибеcімен бөлісіп, саланың ыстық-суығына баулыды. Кейін үлкен дәрігер маман болып көтерілдім. КСРО ыдырап, совхоз тарағаннан кейін ауылымдағы базардағы ет-сүт тексеру зертханасында жұмыс істедім», - дейді Клара Сәрсенбаева. 

Қазіргі уақытта Қызылқоға ауданы Сағыз селолық округіндегі аса қауіпті жұқпалы аурулармен күрес бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. 

«Мал шаруашылығы – өте ауыр сала. Бұл салада маман үшін ең алдымен, адаммен тіл табысу маңызды. Одан кейін малмен жұмыс істеу. Өз-өзіңді сауаттандырып отырудың да маңызы зор. Себебі ветеринария саласында еніп жатқан жаңалық көп», - дейді ветеринар маман. 

Саналы ғұмырын ветеринария саласына арнаған Клара Сәрсенбаева бұған дейін І дәрежелі Еңбек даңқы орденімен де наградталды. Мамандығын мақтан ететін ветеринар бұл салаға үлкен өзгерістер керек екенін айтады.

«2020 жылы әлемді қаңтарған COVID-19 пандемиясы көп мәселенің бетін ашты. Әлемде тараған құс тұмауының өзі кез келген елдің экономикасы мен адамзатқа жануарлардан жұғатын аурулардың әсері қаншалықты орасан болатынын  көрсетті. Әйгілі ветеринар ғалым Сергей Евсеенконың  «Медицина адамды қорғайды, ал ветеринария адамзатты қорғайды» деген сөзі бар. Салаға жастарды көптеп тарту үшін, ветеринария саласына көптеген жаңалықтар енгізу маңызды», - дейді Клара Сәрсенбаева.

Қазақстандық ғалымдар қазіргі ветеринария саласындағы қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі елге қауіпті болуы мүмкін екенін айтады. Атап айтсақ, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудағы проблемалардан бастап, ұлт денсаулығының нашарлауына дейін әсер етеді. Ықылым заманнан бері мал шаруашылығын серік еткен қазақ халқы үшін, ветеринария саласының дамуы маңызды.  

Халықты табиғи таза  өнімдерімен, жеңіл өнеркәсіпті құнды шикізатпен қамтамасыз етіп отырған ауылшаруашылығы саласы экономикамыздың, халық саулығы үшін де маңызды болып қала береді.  Малдың қауіпті кеселге шалдығуын болдырмай, төрт түліктен алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандардың мәртебесі қашан да биік болуы тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.