Президенттің биылғы Жолдауында айтылған маңызды мәселенің бірі – әлеуметтік әділеттілік.
Ғазиз Әбішев, саясаттанушы: Әділеттілік ұғымының ауқымы кең
128
оқылды

Әділеттілік ұғы­мының ауқымы кең екенін түсі­нуі­міз керек. Ол нақты шаралар мен шешімдердің тұтас жиынтығын қам­тиды. Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде әлеуметтік-экономикалық әділеттілік мәселесіне де тоқталды.

Біріншіден, әлеуметтік жәрдем­ақылар мәселесі. Егер мемлекеттің байлығы шексіз болса, мәселен, мұнай қоры қазіргіден 20 есе көп, ал оны өндіру құны 10 есе арзан болса, қаржыны жұмсау керек пе, жоқ па деген сұрақ туындамас еді. Ондай жағдайда ақшаны аямай жұмсап, кез келген мәселені қаржының күшімен шешуге болар еді. Осы ғасырдың алғашқы он бес жылында дәл осындай саясат жүргізілді.

Алайда қазір мұнай бұрынғыдай мол табыс әкелмейді. Мемлекеттік бюджет те қиындықтарға тап болып отыр. Бір жағынан, халықтың әлеуметтік қолдауға деген сұранысы жоғары болса, екінші жағынан, мемлекеттің табысы азайып келеді. Сондықтан бюджет шығындарын қысқарту қажеттілік қана емес, одан қашып құтылу мүмкін емес шараға айналды. Соған қарамастан, бюджет тапшылығы қаншалықты күрделі болса да мемлекет көмекке шынымен мұқтаж азаматтарды қолдаудан бас тартпайды. Бірақ мұндағы басты мәселе – кімнің шын мәнінде көмекке мұқтаж екенін анықтау.

Қоғамда мемлекеттік қолдауға сөз­сіз мұқтаж адамдар бар. Сол сияқты мұндай көмекке мүлде мұқтаж емес азаматтар да кездеседі. Ал осы екі топтың арасында жағдайы бірден анық байқалмайтын азаматтар бар. Олардың бір бөлігі мемлекет көмегінсіз күн көре алмайды. Енді біреулері үшін әлеу­меттік жәрдемақы белгілі бір дәрежеде тәуелділікке ай­налған. Соның салдарынан олар өз бе­тінше табыс табуға, экономикалық мүм­кіндіктерін арттыруға ұмтылмайды. Бұл жағдай сол адамның өзіне ғана емес, тұтас экономикаға да кері әсер етеді. Өйткені еңбекке қабілетті азаматтардың экономикалық белсенділігін төмендетіп, олардың ел экономикасына қосатын үлесін шектейді. Сондықтан әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуын күшейтіп, оны шын мәнін­де қолдауға зәру адамдарға ғана беру – орынды шешім. Бұл әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың да, мемлекеттік бюджеттің де, жалпы экономиканың да мүддесіне сай келеді.

Мемлекеттік қолдаусыз күн көре ал­­май­тын азаматтар Президенттің ұсы­­­нысына алаңдамауы керек. Олар­ға берілетін әлеуметтік төлемдер сақ­талады және инфляция деңгейіне қа­рай индекстеліп отырады. Ал қалған аза­мат­тар еңбек нарығындағы бәсекеге қа­білеттілігін арттырудың, табысын кө­бейтудің жолдарын іздеуі қажет.

Екіншіден, ауқатты азаматтарға түсе­тін салық жүктемесін арттыру. Мем­лекет басшысы бұл мәселені 2019 жылы да көтерген болатын. Қазақ­стан­дағы нарықтық экономика адам­дарға өз қабілетін, еңбегін, сондай-ақ бастапқы әлеуметтік жағдайы берген мүмкіндіктерді пайдаланып, табыс табуға жол ашады. Алайда мұндай мүмкіндік барлық елде бірдей бола бермейді. Тіпті экономикасы либералды көптеген мемлекетте табысы жоғары азаматтардан өте жоғары мөлшерде салық алынады. Басқаша айтқанда, табыс көлеміне қарай салық мөлшерлемесін арттыратын прогрессивті салық жүйесі – халықаралық тәжірибеде кең таралған тәсіл. Мұндай жүйе Францияда, Гер­манияда және басқа да көптеген елде қолданылады.

Ауқатты адамның мемлекет ұсы­натын қоғамдық игіліктерді пайда­лануға мүмкіндігі де, оған деген қажеттілігі де көбірек. Тіпті мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарасақ, тұрақты мемлекет оның байлығын түрлі наразылықтардан, қызғаныштан және басқа да қауіп-қатерлерден қор­ғайды. Сондықтан ау­қатты азамат өзі үшін қолайлы жағ­дай жасап отыр­ған мемлекеттің тұрақты­лығын сақ­тау мақсатында көбірек салық тө­лей алады. Дегенмен Қазақстанда ен­гізілуі мүмкін прогрессивті салық жүйесі Еуропадағыдай 45 пайыздық мөлшерлемеге дейін жетпеуі ықтимал. Біздің елдегі салық мөлшерлемесі әл­деқайда төмен әрі жұмсақ болады деп болжанады.