Парламент Сенатының Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев Үндістан Респуб­лика­сы­ның Сай­лау жөніндегі бас комиссары Раджив Кумар­мен кездесті.
Үндістанның сайлау жөніндегі бас комиссарымен кездесті
498
оқылды

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Раджив Кумарды Үндістанда жалпы сайлаудың өткізілуімен құттық­тап, аталған мемлекет Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі екенін айтты. Соңғы жылдарда ынтымақтас­тықтың барлық негізгі бағыттары бойынша маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Халықаралық ұйым­дар аясында да парламентаралық қарым-қатынасты дамыту мәселесіне баса мән беріліп келеді.

«Қазақстан Үндістанмен экономикалық ынтымақ­тастықты, мәдениетаралық диалогті, туризмді және екі тарап та мүдделі басқа салаларды дамытуды, сон­дай-ақ ауқымды мәселелер бойынша өзара қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуді көздейді. Біз парла­ментаралық байланыстарды да нығайтуға мүдделіміз. Осыған байланысты екі елдің Парламенттерінде жұ­мыс істейтін және өзара қарым-қатынасымыздың негізгі тетіктерінің бірі саналатын Достық топтарының әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы зор», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан реформаларға, оның ішінде Қазақстан Консти­туциясына енгізілген маңызды түзетулерге де тоқталып өтті. Сенат Спикері заңнамалық өзгерістер билікті орталықсыздандыру, саяси жүйенің тежемелігі мен тепе-теңдігін күшейту және саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыру ба­ғытында жүр­гізіл­генін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Раджив Кумар Қазақстандағы әлеу­меттік-экономикалық және саяси өзгерістерді, атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған бастамаларды жоғары бағалады. Сондай-ақ екі ел арасындағы парламентаралық ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Сенат Төрағасы Үндістанның дін қайраткерлері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне белсенді қатысып келе жатқаны үшін алғыс білдіріп, Қазақстан рухани дипломатияны дамытуға баса мән беріп отырғанын айтты.