Батыс Қазақстан облысында су­ тасқынының салдарын жою жұ­мыстары әлі де жалғасып жа­т­­­­­­ыр. Аймақта қарғын судың әл­егі наурыз айының аяғында бас­та­лған болатын.
Саяжайлықтарға сая табылады
796
оқылды

Ең алдымен, қар­­ғын су Сырым, Қаратөбе, Те­­р­ек­ті кейін Бөрлі ауданындағы кейбір ауылдарды алып кеткені есімізде. Бүгінде осы аталған ау­дандардың бәрінде де судан зардап шеккен тұрғындарға арнап үйлер салынып жатыр.

Қарғын судан кейін батыс жұрты өзендерден тасыған судың әлегіне тап болды. Жайық, Шаған өзендері көтеріліп, қала маңындағы саяжайлар түгел суға кетті. 15 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Бұлардың ішінен 3 мыңға жуық адам эвапункттерге орналастырылды. Қазір Батыстағы атқарушы билік осы үйлері суға кеткен саяжай тұрғындарына үй беру мәселесімен белсенді шұғылданып жатыр. 

– Су тасқыны басталғалы қала бойынша тұрғындардан 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Мұның ішінде 4 мыңға жуық адамның үйі саяжайдағы жалғыз баспанасы деп танылды. Осының ішінде 3 мыңға жуық азамат жаңа баспана алады, ал қалған 1 000-ға жуық азаматтың үйін жөндеуге қаржы береміз. Ал жоғарыдағы 10 мың өтініштің иесі бәрі бірдей толық бірреттік әлеуметтік көмекті алады. Бүгінде комиссия толық жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта 500-ге жуық адамға нақты тұрғын үй беру туралы комиссияның хаттамасы шықты. Біз бірінші кезекте эвапункттерде тұрып жатырған көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды баспанамен қамтып жатырмыз, – деп атап өтті Орал қаласы қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов. 

Орал қаласы бойынша саяжайлардағы 8 мыңға жуық үй суға кетті. Қазір 4 мыңнан астам үйге бағалау жұмыстары аяқталып, 1 377 адамға мүлікті бағалау бойынша өтемақы төленген. Үйлері суға кеткен саяжай тұрғындарына жаңа үйлер беру маусым айының басында басталған болатын. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­­­­­­­­март ­­Тоқаевтың өзі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті дәрежеде көмек көрсетілуін қатаң тапсырған еді. 

– Біз екі жұмадан бері тұрғындарға үйлердің кілтін табыстаудамыз. Сіздер, міне алғашқылардың қатарында болып үйдің кілтіне қол жеткізіп жатырсыздар. Біз өз қолымыздан келгенше сіздердің проблемаларыңызды тездетіп шешуге тырсып жатырмыз. Сіздер секілді қанша адам күтіп отыр. Қазір тек сабырмен күту керек. Біз ешкімді далада қалдырмаймыз. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! – деп атап өтті тұрғындарға үйдің кілтін табыстаған қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев. 

Орал қаласы бойынша 71 саяжай тұрғыны үйлі болып үлгерді. Солардың бірі – көпбалалы Айнаш Сәменова. 

– Камарова саяжайында 2017 жылы үй салып алып, сол жерде тұрып жатыр едік. Өрт пен суда шекара жоқ дейді ғой. Біздің де үйіміз суға кетіп қалып, далада қалып едік. Қазір міне қаланың қақ ортасынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін алып, қуанып жатырмыз. Қанша жылдан бері қаладан қашық саяжайда тұрып келеміз, ешқашан қала орталығында тұрамын деп ойламаппын, шынымды айтсам, қатты қуанып тұрмын, –  дейді Айнаш Сәменова есімді қала тұрғыны өз қуанышын жасыра алмай. 

Ал көпбалалы ана Рита Ералиева екі айдан аса уақыт эвакуациялық пунктте тұрған. 

– Бүгінгі күнге дейін эвакуациялық пунктте тұрып келдім. Көпбалалы отбасымыз. Әрине, эвапунктте жағдай жақсы деп айта алмаймыз, тек баратын жер болмағасын тұрдық қой. Міне, бүгін бұйырып, жаңа пәтерге көшіп жатырмыз,  – дейді Рита Ералиева. 

Қазір қала бойынша жеке тұрғын үй секторынан 450 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жер үйлердің бәрі де су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға беріледі. 

Жақында аймақ басшысы осы үйлердің құрылысымен танысты. Атап айтсақ, облыс әкімі Зашаған, Жұлдыз, Сарыарқа, Көкжиек, Деркөл шағынаудандарында салынып жатқан үйлерді аралап көрді. 

– Су тасқынынан зардап шеккендерге деп салынып жатқан үйлердің сапасы тікелей Мемлекет басшысының қадағалауында. Біз тұрғын үйлерді барынша сапалы етіп салып, 1 қыркүйекке дейін тапсыруымыз керек, – деді құрылыс компанияларының басшыларымен кездескен облыс әкімі Нариман Төреғалиев. 

Айта кетейік, өңірде судан зардап шек­­кен тұрғындарға үй салу жұмыстарына жергілікті компаниялар тартылған. Қазір осы 450 үйді салу үшін 30 құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. 

10 жыл бұрын Қарақалпақстаннан елге оралған қандастардың бірі – Әлішер Матякупов. Оның үйі де суға кетіп, өзі күні бүгінгі дейін эвапунктте тұрып келді. Әлішер­дің үйін комиссия тұруға жарамсыз деп таныған. 

– Осы саяжайдан үш жер учаскесін сатып алдым. Үш ұлыма үй саламын деген оймен. Ол жылдары суға кетпейтін еді. Мына үйді былтыр күзде бітіріп едім, көктемде суға кетіп қалды. Бар ақшамды осы үйге салдым, жетпеген жеріне кредит алдым, ол кредитті әлі төлеп жатырмын. Мен су келеді дегенге сенбеген едім. Жыл сайын болатын дүрбелең ғой деп отыра бердім. Қазір студенттер жатақханасында тұрып жатырмын. Ауа жоқ, ыстық. Үйдің құжатын жинау да өте қиын екен, кезек көп, мен өзім үшінші топ мүгедегімін, – дейді саяжай тұрғыны. 

Қазіргі уақытта Оралда саяжайларды техникалық тексеру, бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Алайда қалада бағалаушы мамандар тапшы. Сондықтан да бағалаушы мамандарды Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан алдырған. Сырттан келген 150 маман Орал қаласындағы судан зардап шеккен үйлерді бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Бір өкініштісі, суға кеткен 14 500 сая­­­жайдың 30 пайызы әлі суда тұр. Ал үйлерге техникалық тексеріс жүргізетін мамандар белуардан су кешіп үйлерді аралауға мәжбүр. Олай етпесе тағы болмайды. Судың кеткенін күтіп отырғанда қылышын сүйретіп қыс келетін түрі бар. 

Осындай қиындықтардан бөлек, қалада саяжайда үйім бар деп жалған құжат тапсырған алаяқтар, саяжайдағы тек іргетасын бұлдап жүрген бәлеқорлар да комиссия жұмысына кедергі келтіріп отыр. Мамандардың айтуынша, осының бәрін анықтауға, барып қарауға, тексеруге көп уақыт кетеді екен. Бұл аз десеңіз, қазір Орал қаласында үйдің бағасы «ұшып» тұр. Бұл да сол су тасқынымен байланысты. 

– Біз қазір бірінші нарықтағы жаңа үйлерді беріп жатырмыз. Бірақ бұл үйлер бәріне жетпейді. Біз 3 мыңға жуық адамға үй беруміз керек. Осынша үйді бірінші нарықтан таба алмаймыз. Сондықтан екінші нарықтағы үйлерден де қарап жатырмыз. Бірақ біз қолдан, жасанды түрде үй бағасын өсіргенін көріп отырмыз. Мысалы, бұрын 15-17 млн тұрған үйлерге қазір 20-22 млн сұрап отыр. Олар үс­тіндегі ақшаны кейін өзіміз бөліп аламыз ғой деген ұсыныстарын да жасырмай айтып отыр. Біз мұндайға жол бере алмаймыз, сондықтан да шамамыз келгенше тұрғындарға бірінші нарықтағы үйлерден алып беруге тырысамыз, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов. 

Себебі судан зардап шеккендерге 22 млн тұратын үйлер алып береді дегенді құлағы шалып қалған азаматар үйлердің бағасын қолдан өсіріп жіберген. Айтпақшы, осы су тасқынын пайдаланып, өтпей тұрған үйлерін сатып жіберген қулар да бар. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы шығар. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы