Ол халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Тағы бір өзекті мәселе – экология саласы. Бұл – халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды сала. Бірақ біздегі ахуал ойдағыдай деп айтуға болмайды. Сауалнама кезінде азаматтарымыздың 48 пайызы ғана экологиялық жағдайға көңіліміз толады деп жауап берген. Осыған орай, жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Бұл – жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат. Сондай-ақ кодекс озық халықаралық стандарттарға сай келеді», – деген-ді.
2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба 4 бағытты, 11 міндетті, 19 көрсеткішті, 48 іс-шараны қамтиды. Жасалған жоба бойынша, әрине мемлекет бюджетінен қаражат бөлінетіні анық. Мәселен, 2021жылы аталмыш жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 89,3 млрд теңге қарастырылса, 2022 жылы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іс-шараларын іске асыруға шамамен 161 млрд теңге жоспарланғанын еске сала кетейік. Нәтижесінде, 2021 жылы 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға 655 мың тонна қалдық зат шығарып, ол 2020 жылғымен салыстырғанда, 3 пайызға аз болса, ал 2022 жылдың алты айының өзінде кәсіпорындар шығарған қалдық заттар 293,2 мың тоннаға жеткен. Мұны да сол 2021 жылғымен салыстырсақ, 6,7 пайызға кемігенін байқауға болады. Демек, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар нәтиже беріп отыр деуге әбден болады.
Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу стратегиясын өзгертті
Жуырда Мемлекет басшысы 2024 жылғы 10 маусымдағы Жарлығымен жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына бірқатар өзгеріс енгізді. Құжатта жасыл экономикаға көшу – Тұрақты даму мақсаттарына жетудің негізгі жолы және Қазақстанның Париж келісімі аясында парниктік газдар шығарындыларын азайтуға қосқан үлесі деп жазылған. Біріншіден, құжатта суды үнемдейтін технологияларды кеңірек енгізіп, антропогендік ағынды суларды барынша тазарту − су ресурстарын пайдаланудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді әрі таза су қоймаларының санын арттыруға көмектеседі деп айтылған. Екіншіден, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мән беру керек. Бұған органикалық өнімдердің үлесін арттыру, техникалық жабдықтау, тұқым генофондымен қамтамасыз ету арқылы қол жеткізуге болады. Бұл факторлар өнімділікті ғана емес, жобаның экологиялық тазалығын да арттырмақ. Өнеркәсіп, құрылыс және көлік салалары да өзгеріске ұшырайды. Бұл салаларда энергия үнемдеу әрі энергия тиімділігін арттыруды бірінші орынға қою жоспарлануда. Осылайша, жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын азайтуға мүмкіндік туады. Қазақстанның барлық аймағы үшін көкейкесті мәселе – қоршаған ортаны қалдық-қоқыспен ластау және қалдықтарды жинап, кәдеге жаратудың қиындығы. Тұжырымдамада қоқысты бөлек жинау жүйесін кеңінен енгізіп, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, қайта пайдалану деңгейін арттыру ұсынылады. Құжатта «жасыл экономиканың» жеке тармақ болып тұрғаны заңды. Бұл бағытта қаржы институттары қоршаған ортаны жақсартуға, қалпына келтіруге көмектесетін жобаларды әзірлеуге, іске асыруға ынталандырады. Ынталандыру құралдарына «жасыл несиелер», «жасыл облигациялар» т.б. кіреді.
Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына сай, жоспарланып отырған өзгерістердің арқасында 2050 жылға қарай елдің жылдық ЖІӨ базалық сценариймен салыстырғанда ширектен астамға өспек. Құжат авторлары уақыт өте келе ел «жаңа өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларын құрып немесе барын жаңартып, халықтың өмір сүру сапасын жоғары стандарттарға жеткізе алады» деп сенеді.
Құжатты әзірлегендердің есебі бойынша, жоспарлы шараларды іске асыру инвестиция ағынын арттырады. Бұл өз кезегінде елдің ЖІӨ-дегі инвестиция үлесін 3-13%-ға көбейтпек. Бұған қоса, осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2031-2040 жылдары жыл сайынғы инвестициялар көлемі орта есеппен 7-8%-ға (10 жылда 235-270 миллиард долларға), ал 2041-2050 жылдары 14-15%-ға (10 жылда 650-700 миллиард долларға) артады. Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – әлеуметтік бөлігі. Жасыл технологияларды дамыту арқасында үш санаттағы мамандықтар бойынша жаңа тұрақты жұмыс орындары пайда болады деген болжам бар. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, экологияға байланысты мамандықтарға үміткерлердің қызығушылық деңгейі төмен, бұл ұдайы солай. «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының авторлары мемлекеттік бюджеттен бірқатар мамандыққа бөлінетін білім гранттарын көбейту қажет екенін айтады.
Тұжырымдама әзірлеушілердің айтуынша, 2024 жылдан 2050 жылға дейінгі мерзімде тұжырымдаманы жүзеге асыруға қажетті қосымша инвестицияның жиынтық көлемі жыл сайын орта есеппен алғанда, шамамен, 15 миллиард доллар болады. Осы орайда ең жоғары жылдық инвестиция көлемі 2041-2045 жылдар аралығында ЖІӨ-нің 6,2%-на тең болмақ. Ал 2050 жылға дейінгі орташа инвестиция көлемі ЖІӨ-нің шамамен 4,4%-ын құрайды. Оның негізгі бөлігін жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тарту жоспарлануда.
Анарыс АҚЫЛМАН