Оны өзімнің курстас әріптесім Камалхан Балқыбекқызынан да шетжағалап білгенмін. Студент кезімізде курстастар бас қосқан дастарқанда әрқайсымыз отбасы, әулетіміз туралы әңгіме тиегін ағытатынбыз. Сонда Камалхан ҚазМУ-дың журфагында оқитын бауырының табиғи қасиеттерін оқушы кезінен бастап айта бастайтын. Кейіннен танысқанымызда ол туралы өз аузынан еститін болдық. Одан бері де 40 жылдан асып кетіпті.
Мұратбек 1-7 сынып аралығында сыныбының старостасы болыпты. 6-кластан бастап аудандық, облыстық, республикалық газеттерде ауыл, мектеп өмірінен жазылған мақалалары үздіксіз жарияланып жатыпты. 8-10 сыныпта оқып жүргенде Октябрь орта мектебі комсомол комитетінің секретары ретінде қоғамдық жұмыстың қазанын қайнатқан. Жас тілші ретінде қолында Аягөз аудандық «Алға», облыстық «Семей таңы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінің «штаттан тыс тілші» деген куәліктері болған. Арасында «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас алаш») балғын көңілден шыққан шағын материалдары жарық көрген. 7-10 сыныпта мектептің бес метрлік «Жас қалам» қабырға газетінің редакторы болып, өзі ойлап шығарған «Ресми жаңалықтар», «Мектеп мақтанышы», «Әзіл-оспақ әлемі, «Ой-өрім», «Кірпі» сияқты айдарлармен шығарған материалдарын үзіліске шыққан ұл-қыздар топтаса тұрып оқитын болған. Әсіресе, «Кірпі»-ге ілігіп кетеміз бе деп кейбір ерке, тентек балалар кәдімгідей айылдарын тарта жүріпті. Сыныптастары Тиқын атап кеткен Серік Мұқанов деген бір сыныптас досы «Кірпі» топтамасына топ ете қалыпты. Ақкөңіл Серік күні бүгінге дейін бұл өлеңді Мәкең маған арнап шығарған деп айта жүреді екен:
«Мынау біздің Тиқын,
Қарашы өзінің сиқын,
Оқы десе сабақты,
Тыржитады қабақты».
Бұл енді бала редактордың журналистикаға ұмтылысының тырнақалды көрінісі деуге әбден болады. «Кішкентай газеттегі» кейбір айдарлар күні бүгінге дейін өзекті. 7-кластағы оқушы – редактор үшін бұл енді көп-көрім жетістік, шығармашылық ізденіс жемісі деп ауыз толтырып айтуға болады. Ол аз десеңіз, 8-класта жүргенде аудандық комсомол комитетінің мүшесі ретінде Пленумда сөз берілгенде ол комсомол ұйымы ұлттық құндылықтарды насихаттауда белсенділік танытуы, қазақтан шыққан ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау арқылы жас ұрпаққа тәрбие берудің өзекжарды мәселелерін көтерген. Ол үшін орта мектептер кітапханаларына Абайдан бастап қазақ классиктерінің кітаптарын көптеп алдыртуды айтқан. Сонымен қатар белгілі қаламгерлердің танымал туындылары бойынша әдеби кештерді жиі өткізуді, оған Ерғазы Рахимов сияқты жергілікті ақын-жазушыларды тарту, жас ақындарды қолдау бойынша аудандық комсомол комитеті нақты шараларды жүзеге асыруды ұсыныс ретінде енгізген.
Мәкеңнің ерлікке парапар қадамға баратын кейбір әрекеттері туралы достары мен әріптестері аңыз ретінде айта жүретін әңгімелер аз емес. Соның біріне тоқталайын. 1981 жылы мектеп бітірген Мұратбек ҚазМУ-дың журфагына оқуға түспек болып, абитуриент ретінде кезекті «СССР тарихы» пәнінен сынақ тапсырғанда қойылғалы тұрған «3-ке» риза болмай, қабылдау бөлімінің апелляциялық комиссиясына барған. «15-билетке толық жауап берсем де маған 3 қоймақ екен, мен 5-ке жауап бергеніме сенімдімін. Қаласаңыздар, қосымша 3 билет алып, 9 сұраққа дайындалмастан жауап беруге әзірмін» деген ғой. Сонда комиссия төрағасы, т.ғ.д., профессор (кейіннен академик) Уахит Шәлекенов аға орнынан тұрып, осыншама жылдар ҚазМУ-де қызмет істегенде біліміне өте сенімді мұндай абитуриентті көрмегенін, әріптестері қолдаса, автоматты түрде 5 қою туралы ұсынысы барын білдіреді. Сөйтіп, әділеттілік салтанат құрып, Мұратбек бұл сынақтан «бес» алады. Бұл – БІЛІМІНЕ СЕНІМДІЛІК, қайсарлық көрінісі ғой. Өміріндегі маңызды сынаққа дайындалған бала оқуға түсуге құштарлығы мығым болғаны сонша, тарих пәні бойынша әрбір айтулы датаны, белгілі оқиғаларды алдымен қалың дәптерге ретімен жазып, сосын жаттап алған ғой. Бұл енді екінің бірі бармайтын тәуекел екені дау туғызбаса керек.
Ол университетте де қоғамдық жұмысқа белсене атсалысты, Журналистика факультетінің комсомол комитетінің мүшесі, университет баспасөз қызметінің белсендісі ретінде едәуір рухани шараларға мұрындық болды. Оқу ордасында болып жатқан жаңалықтарды «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде ұдайы жариялатып отырды, қолынан қаламы түспеді. Білімін молайтуды ойлап, кезінде «Пушкин кітапханасы» атанып кеткен қазіргі Ұлттық кітапханаға, М.Әуезов мұражай үйіндегі рухани дәрістерге жиі барып тұрды. Кітап оқуға құштарлығы сонша, университетті бітіргенде сатып алған кітаптары он жәшік болған ғой. Студенттік шақта спортпен айналысып, еркін күрестен Журналистика факультетінің намысын қорғады, бірнеше спорттық жарыста жеңімпаз болды. 2-ші курсты бітіргенде университет оқу озаттары қатарында Германияда Халықаралық интерлагерьде демалу құрметіне ие болды, сол елдің тарихи 5 қаласын аралап, келісімен «ГЕТЕ ЕЛІНЕ САЯХАТ» атты жолсапар очерктері циклын газетте жариялады.
Қазақ руханиятының қара нары, ғалым ағасы Ақселеу Сейдімбек пен облыстық «Коммунизм нұры» газеті редакторының бірінші орынбасары Жомарт Әбдіхалықтың арнайы шақыруымен сол кездегі Целиноград облыстық газетіне қызметке келуі де жеке бір әңгімеге арқау болар еді. Өйткені ҚазМУ-ды бітіру қарсаңында оған қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстаннан» қызметке келуге ұсыныс түседі, дипломдық жетекшісі атақты профессор Тауман Амандосов аспирантураға қалуға кеңес беріп, өзі ғылыми жетекші болатынын айтады. Алайда журналистикаға құмар Мұратбек екі ұсыныс тастаған екі жақтағы ағаларына да шексіз алғысын айтып, солтүстікке тартып отырады.
Ол мұнда келгенде қайраткерлік, қаламгерлік қырлары жаңа сипаттарымен ашыла бастайды. Оның қабілетін байқап қалған облыстық комсомол комитетінің басшылары кезекті пленумда 22 жастағы жігері тасыған жігітті бюро мүшесі етіп сайлайды. Тоқтағазин тыныш жүре ме, партияның «сара саясатына» онша-пұнша алаңдамай, обком комсомолдың алқалы жиындарында қазақтың ұлттық құндылықтарын, қазақ тілін жастар арасында көбірек насихаттауға ұсыныстарын батыл енгізе бастайды. Әсіресе, «Наурыз» мерекесі шараларын ұйымдастыру кезінде бұл тарапта бірқатар нақты істердің атқарылуына мұрындық болады. Аудандық комсомол комитеттерін талантты қазақ қыз-жігіттерінің басқаруына атсалысады. Тіпті, облыстық «Коммунизм нұры» газеті редакторы Октябрь Әлібековтың қолдауымен екі айда бір рет газеттің тұтас бір номерін жастар мен комсомолдарға арнап «Жас өркен» қосымшасын шығарып отыру арқылы жаңадан өсіп келе жатқан қазақтың жас кадрларын кеңінен насихаттап, облыс басшылығының назарын аудартады. Кейіннен олардың арасынан бірнешеуі өсіп шығып, аудандық комсомол комитеттерін, облыстық комсомол комитетінің жетекші бөлімдерін басқаруға дейін жоғарылайды.
Мұратбек Балқыбекұлының қайраткерлік қыры ашылатын тұс – Халық депутаттарының Целиноград қалалық Советіне 25 жасында депутат болып сайлануы. Ол тұста демократияның алғашқы ұшқындары байқала бастаған шақ. Бір мандаттық округтен депутаттыққа үш кандидатура таласқа түседі. Қарсыласы Целиноград қаласы Жастар сарайының директоры Виктор Береснев пен бүкіл қалаға әйгілі насос заводының өкілі тартысқа түсіп, екінші айналымда жас жігітке менсінбей қараған, қарамағында ондаған қызметкері бар Жастар сарайы директорынан әлдеқайда басым түскен Мұратбек депутат болып сайланады.
Жігері жалын атқан жас жігіт сайланбалы органдағы қызу жұмысын алғашқы аптада-ақ бастап кетеді. Целиноградқа Ақмола тарихи атауын қайтаруға орай депутаттардың қалалық сессиясында арнайы комиссия құру туралы ұсыныс жасап, өзі бастамашы ретінде сол комиссияның қосалқы төрағасы болып сайланды. Ол тұс компартияның дәурені жүріп тұрған кезең екенін, ұлттық жаңғыруға тосқауыл көп болғанын білеміз. Алайда ұлтын сүйген ұл «мың өліп, мың тірілген» қазағының рухани жағынан еңсесін көтеруіне өз үлесін қосуға ұмтылды. Сондай қиын кезеңде қалалық Советтегі депутаттардың 80 пайызы орыстілді басқа ұлт өкілдері болып табылатын органда маңызды мәселені алып шығу, жеріне жеткізіп шешу қаншалықты ауыр болғанын көз алдыңызға елестете беріңіз: дауысқа салса мәселе бірден «құлайды».
Осындай күрделі кезеңде депутаттарды иландырып, көпшілігі ойлағандай бұл ешқандай да «миллиондаған шығынға» ұрындыратын шешім еместігін дәлелдеу қажет болды. Депутаттардың бірі тіпті есепшотпен санағандай 8 миллион шығын болатынын айтып, жұртты үрейлендіріп қойған. Дәл осы тұста Мұратбек демократияның алғашқы шуағы байқала бастаған Ресейдің Нижний Новгород қаласына аттанып кетеді. Ол жақтағы депутат әріптестері Горький қаласының тарихи атауын қайтарудағы нақты тәжірибелерін ортаға жайып салады. Бүкіл ақпаратты жинаған Мұратбек қайтып оралысымен қалалық Советтегі тиісті мамандарға тапсырма беріп, ақырында қаланың тарихи атауын қайтару шығыны 8 миллион емес, 800 мың сом болатынын техника-экономикалық негіздеме құжаты бойынша дәлелдеп береді.
Бірқатар шовинистік пиғылдағы депутаттарды райынан қайтару үшін өзі қызмет істейтін «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ақмола атауы үшін айқас» атты мақала жариялап, оның түйіндеу тұсына мына жолдарды келтіреді: «Иә, сессияда Ақмола атауын қайтаруды осы қаланың тұрғындары ғана қалап отырмағандығы, бұл мұқым қазақтың тілегі екендігі жөніндегі ой-тұжырым бірнеше мәрте айтылды. Өкінішке қарай, қалада 80 пайыз болып табылатын басқа ұлт өкілдері, бұл мәселенің байыбына бармастан, қазірдің өзінде қарсылық білдірген хаттарды қалалық Кеңеске қарша бората бастады. Сондықтан келелі іске жанашыр азаматтар Ақмола атын қайтаруға байланысты өз пікірлерін, тілектерін «Социалистік Қазақстан» газетіне және мына тұраққа жолдаса құба-құп болар еді: 473000. Целиноград қаласы, Октябрь көшесі, 119 үй, Целиноград қалалық Кеңесіне. Бұл ретте республикалық «Қазақ тілі» қоғамы, оның облыстық, аудандық бөлімшелері, бастауыш ұйымдары белсенділік танытып, оны басқарып отырған жанашыр азаматтар жұртшылықтың арасында нақты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді деген үміттеміз. Сонымен, өміршең істің шешуші, ең ауыр сыны алда тұр».
М.Тоқтағазиннің осы тарихи мақаласы жарияланғаннан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына 2 мыңнан астам оқырманның қолдау хаттары келіп, ол газетте 4-5 мәрте топтама түрінде жарияланған. Сонымен қатар халық депутаттары Целиноград қалалық Кеңесіне де бірнеше жүз хат келіп түскен.
...Бір күні таңғы сағат 8-де Мұратбекке Халық депутаттары Целиноград облыстық Советінің төрағасы Андрей Браунның көмекшісі телефон шалады. Әңгіменің төркіні мынау: «Мәке, сіз не істеп қойдыңыз, Андрей Георгиевич валидол ішіп жатыр, телефонмен сөйлескісі келеді». Жауап: «9-да тілші қосынына хабарлассын». А.Браун: «Муратбек Балкыбекович, сіздің мақалаңыздан кейін қыруар хаттардың астында қалдық. Бұны ел басшысы білсе қиын болайын деп тұр. Сізге не керек өзі: қаласаңыз, зәулім үй сыйлайық немесе жер телімдерін тарту етейік. Мынаны тоқтатыңыз». «Жоқ, Андрей Георгиевич, ешқандай сыйлықтың қажеті жоқ. Оданда 24 сағат ішінде Республикалық Ономастика комиссиясына және Жоғарғы Совет Президиумына қалаға және облысқа тарихи Ақмола атауын қайтару туралы Ұсыныс-хат жолдаңыз, сонда бәрі дұрыс болады!». «Келістік!»
Осы тілдесуден кейін Мұратбек Балқыбекұлы келесі күні облыстық Совет канцеляриясына келсе, ол құрылымның басшысы «Біздің ұсыныс таңертеңгі самолетпен Алматыға жөнелтілді» деп ресми құжаттар көшірмелерін көрсетеді. Арада бір ай өткенде қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков басқаратын Республикалық Ономастика комиссиясының өздеріне жергілікті билік тарапынан жеткен ресми құжат негізінде жоғарыға жіберген Қолдау-ұсынысының нәтижесінде Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының шешімімен Ақмола қаласы мен осы аттас облыстың тарихи атауы қалпына келтірілуі туралы ресми шешім баспасөзде жарияланады.
Мәкеңнің ұлтшылдығын мынадан да байқауға болады. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта шенінде қаладағы жалғыз Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп бала санының аздығына байланысты жабылуы мүмкін деген әңгіме тарай бастайды. Сол кезде облыстық газетте жұмыс істейтін Алдан Смайылов, Жылқыбай Жағыпарұлы, Мағжан Садыханов, Марат Дәдікбаев және басқа журналистер үй-үйді аралап, бірінші класқа баратын балаларын осы жалғыз қазақ мектебіне беруді насихаттайды. Алыста тұрса да Жылқыбай Жағыпарұлы сияқты қаламгерлер намыс үшін балаларын осы мектепке әкеледі. Мектеп директоры Жанна Байсейітқызының өтініші бойынша бұл іске Мұратбек Тоқтағазин де бел шеше кірісіп, он шақты ұл-қыздардың қазақ мектебіне баруына мұрындық болады. Ол аздай қаладағы №3 мектепте қазақ сыныбының ашылуына күш салады, келер жылы ол шаруа да шешіледі. Сол кезеңнің өлшеміне салсақ, бұл едәуір ілгерілеушілік еді. Ал уақыт өте келе, бастамашыл топ мүшелері Ақмоладағы Әнуарбек Ералы басқаратын «Тіл және мәдениет» қоғамының қолдауымен қаланың басқа да мектептерінде қазақ сыныптары ашылуына қол жеткізеді.
ҚазМУ-ды бітіріп, сол тұстағы Целиноградқа келгенде мұнда жергілікті тұрғындар бар болғаны 20 пайызға жетер-жетпес екендігіне көз жеткізеді. Редакция тапсырмасымен түрлі мекемелерге барғанда кіреберістегі қатеге толы жазбалар жүрегін ауыртады. Ол заманда қазіргідей дайын мобильді құрылғы жоқ, бірден түсіріп алуға. Содан редакциядағы жалғыз фотографқа өтініп жүріп, жанына ертіп алып, жиырма шақты ұйым, кәсіпорындарды аралап шығады. Көп ұзамай облыстық «Коммунизм нұры» газетінде «Маңдайшадағы «қойыртпақтар» деген жарты беттік сын мақала жарияланып, онда мекеме маңдайшаларындағы қазақша атаулардағы қаптаған қателер жіпке тізгендей «сап түзейді». Бұл жайттан хабардар болған бірқатар ірі бастықтар редакция басшыларына хабарласып, «тыныштығын бұзған» жас тілшіге реніштерін білдірсе, бірқатары қызметкерлерін жіберіп, дұрыс аударма жасап беруді қиыла сұрайды, ақысын төлеуге әзірліктерін білдіреді. Кейіннен бұл қалалық партия комитетінде қаралып, қаланың барлық мекемелеріне «мекеме атауын сауатты аудармамен қамтамасыз ету» туралы нақты тапсырма берумен аяқталады.
Ұлт мүддесін қорғауға байланысты тағы бір материалдың жазылуы Мәкең «Социалистік Қазақстанның» меншікті тілшісі қызметіне тағайындалғанда болыпты. Алексеев ауданынан жазылған арызды редакция облыстағы меншікті тілшісіне тексеруге жібереді ғой. Қолына түскен хатты оқып отырса, аталған аудандағы бір совхоздың директоры С.Садовский деген өзін жарты патша сезініп, жергілікті тұрғындарды сыйлау түгілі маңына жолатпайтын көрінеді. Бас маман түгілі кеңсесінің еден сыпырушысына дейін тек басқа ұлт өкілін жұмысқа алатын көрінеді. Қазақтарға қырын қарайтын басшы туралы Мұратбек «СҚ»-ның бетінде «Садовский қашанғы сайрандамақ?» атты көлемді сыни мақала жариялап, жергілікті тұрғындарға мұрнын шүйірген «дөкейдің» шын бейнесін ашады. Арада көп уақыт өтпей алдымен аудандық, сосын облыстық партия комитеті бюросында мәселесі қаралған С.Садовский қызметінен алынады. Бұл бір жағы сол шақтағы газет сынына кадрлық номенклатураның бейжай қарамайтындығының, басылым беделіне мән бергендігінің көрінісі деуге болар.
Мәкеңнің қайраткерлік қыры, қоғам мүддесіне қызмет етуі 2012 жылы Бас редакторлар клубына вице-президент болып сайланғаннан бастап жаңа қырынан ашыла бастайды. Ол кезде республикалық «Әділет» газетінің редакторлар кеңесінің төрағасы, көп уақыт өтпей Бас редакторы болған ол басылым бетінде жемқорлар мен әділетсіз басшылар туралы мақалаларды дүркін-дүркін жариялатып жатты. Ал қоғамдық ұйым болып табылатын клуб жұмысына білек сыбана кірісті. 2007 жылы құрылып, бүгінде құрамына Қазақстанның 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының Бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті қоғамдық бірлестіктің елде шығармашылық атмосфера қалыптастыруға байланысты атқарып жатқан шаруалары шаш-етектен. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті қалыптастыруға байланысты өткізген шаралар кешені ауқымды. МEDIA EXPO көрме, журналистика проблемалары бойынша семинар, вебинар, шеберлік мектебін өткізу жолға қойылды. Ақпараттық кеңістіктің өзекті мәселелері бойынша Мұратбек Балқыбекұлының тікелей ұйымдастыруымен 5 республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, оған отандық қана емес шетелдік мамандар, эксперттер қатысуы нәтижесінде екіжақты тиімді шарттарға, меморандумдарға қол қойылды. Бас редакторлар клубының мәтін әзірлеуімен, Қазақстан Журналистер одағының қолдауымен 2012 жылы «Қазақстан Республикасы журналисінің Этикалық кодексі» дүниеге келді. Бұл маңызды құжаттың әзірленуіне Мәкең тікелей атсалысты. Бұл тарапта ұзақ айта беруге болады.
Енді Мұратбек Балқыбекұлының ғылымдағы соқпағына қысқаша тоқтала кетейін. Кезінде аспирантураға қалуға шақырған Тауман Амандосов ұстазының ниетін Мұратбек 2010 жылы жүзеге асырды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аспирантурасын бітіріп, әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады. Ғылымдағы қадамдары да жемісті болып, 80-нен астам зерттеу еңбектері жарық көрді. Scopus, Web of Science библиографиялық, реферативті базаларында 5 ғылыми мақаласы жарық көрсе, Қазақстан, Беларусь, Ресей елдерінің ВАК, ККСОН журналдарында 25 мақаласы жарияланды. 2 монография, 2 оқу құралы, оның құрастыруымен, редакторлығымен 10 ғылыми жинақ баспадан шықты. Бүгінде халықаралық ғылыми базаларда мақалаларына көп сілтеме жасалатын, Хирша индексі өте жоғары ғалымдар санатында болуы да Мәкеңнің еңбекқорлығының, ізденгіштігінің жемісі деп білеміз.
Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетіндегі Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры ретінде шәкірттерін ғылымға баулып жүр. Бір докторантын қорғатса, екеуі дайындалып жүр. 20 магистрант, 30-дан астам бакалавры зерттеу еңбектерін сәтті қорғап, масс-медиа саласында жемісті еңбек етуде. Мұратбек Балқыбекұлы практикалық журналистикадан да қол үзген емес. Қазір республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің Бас редакторы ретінде масс-медианың дамуына үлес қосып, сараптамалық, танымдық, ғылыми мақалаларын баспасөз бетінде жиі жариялап тұрады.
Мұратбек Тоқтағазиннің журналистика, ғылым саласындағы еңбегі әр кезеңде тиісті бағасын алып отырды. 2000 жылы «Қазақстан Республикасы астанасының үздік журналисі» конкурсының, 2012 жылы республикалық «Асыл сөз құдіреті» конкурсының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы Дипломының иегері (2014) атанды. Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстан республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ғылым мен білім саласының еңбек сіңірген қызметкері», Л.Гумилев, Ә.Нұршайықов төсбелгілерімен марапатталған. Халықаралық Ақпараттандыру академиясының, Еуразиялық Телевизия және радио академиясының, Қазақстанның Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі), Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі. Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің (РУМС) мүшесі, ЕҰУ-дың Хабаршысы (журналистика сериясы) журналының редакциялық алқа мүшесі, рецензенті, масс-медиа зерттеушілерінің Ұлттық қауымдастығының (НАММИ) мүшесі.
Мұратбек Балқыбекұлы журналистика мен ғылымдағы еңбектерін қатар жүргізіп, қоғамдық жұмыстарды да қалыс қалдырмай келешекке бет алып барады. Шығармашылық жоспарлары көп. Жақын айларда, жылдарда ол туралы да жаза жатармыз. Алпыстың асуына көтерілген әріптесімізге сәттілік серік болғай!
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Президент жанындағы
Ұлттық құрылтай мүшесі