Әнші балалық шағындағы оқиғаларды есіне түсірді.
Бағдат Сәмиденова әке-шешесіз өскеннің қиындығы туралы айтты
2,212
оқылды

Танымал әнші Бағдат Сәмиденова өміріндегі өкініші туралы айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Еl.kz youtube-арнасына сұхбат берген өнер иесі ата-анасынан ерте айырылғанын жеткізді.

"Әке-шешем ерте қайтыс болып кетті. Өкініш дейтін сол ғой. Бір өкініш іште тұрады. Әкемнің інісінің қолында өстім. Әжем болды. Сол әкемнің інісі бізді қолына алды. Туған әке мен ананың орны бөлек. Бір күні балалармен ойнап жатқанда біреу "сенің шешең жоқ" дегенді айтып қалды. Біздің үй үлкен болатын, бақшамыз бар еді. Балалардың бәрі біздің үйге жиналатын, көмектесетін. Жоңышқаның арасына барып, ешкімге көрсетпей жатып жылағаным бар. Сонда өмірімде бірінші рет қатты жыладым", - деді ол.

Оның айтуынша, анасының бір ауыз жылы сөзі қатты әсер еткен.

"Әке мен шешенің орнын ешкім ештеңемен ауыстыра алмайды. Шешеңнің айтқан бір ауыз жылы сөзі. Мектепке алғаш барған кезімде шешем ауырып, қайта-қайта ауруханаға түсіп қалып жатты. Бір жаққа бара жатсам, нан мен қаймақты бір-біріне жағып, қолыма ұстатты да "енді бара ғой" деді. Соның өзінде көп нәрсе жатыр. Ананы жеп алған соң кешке дейін үйге келмейсің ғой", - деді ол.