Сенатор сонымен қатар мемлекеттік қызметке кандидаттарды іріктеуді жетілдіруде жасанды интеллект құралдарын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Нұртөре Жүсіп мемлекеттік қызметшілердің ынтасын арттыруға шақырды
520
оқылды

ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Әдеп жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. Іс-шараға қатысушылар HR-менеджерлерді даярлау және мемлекеттік қызмет саласының тартымдылығын арттыру мәселелерін талқылады.

Нұртөре Жүсіп отырыс барысында еңбекақы төлеу мен мемлекеттік қызметшілер жұмысының нәтижесі арасындағы сәйкессіздікті атап өтті. 

«Әртүрлі мекемелерде бірдей лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеуде үлкен алшақтық, сондай-ақ еңбекақы төлеуде бәсекелестік емес ахуал байқалады. Басшы лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілер коммерциялық ұйымдар басшыларының жалақысынан төмен ақша алуы мүмкін,  кейіннен ол белгілі бір зиянды салдарға әкелуі ықтимал. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруды тиімді жетілдіру мәселесі де маңызды. Бұл мәселеге халықаралық тәжірибені, атап айтқанда Батыс елдерін, сондай-ақ Жапония мен Малайзияны зерделеу арқылы жан-жақты қарау керек», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор сонымен қатар мемлекеттік қызметке кандидаттарды іріктеуді жетілдіруде жасанды интеллект құралдарын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Депутаттың пікірінше, мұндай өзгерістер кадрларды қалыптастыру проблемасын шешуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасын іске асырудың бастапқы нүктесінің біріне айналады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.