Жақында қазақ киносының қоржыны тағы бір олжамен толықты. Тарихи көріністі әспеттеген «Талақ» толықметражды фильмі Шанхай кинофестивалінде үздік деп танылып, 14 фильм­нен озық шықты. Қазақ әдебиетіндегі шығармалар желісін арқау етіп, «Алтын кубок» иеленген фильмнің режиссері – Данияр Саламат.
Данияр Саламат: Режиссер үшін кино алдыңғы орында болуы керек
5,158
оқылды

Жер-жаһанды мойындатқан қазақ киногерімен әңгімелескен едік. Ол тарихи киноның маңызына тоқталып, кино саласындағы режиссердің бірқатар міндетін атап өтті. Сонымен қатар жүлдеге ие болған кино тақырыбында отбасылық күрделі мәселе ғана емес, халықтың басынан өткен ауыр кезең кеңірек сипатталатыны туралы сөз қозғады.

– Әлемдік кинододадағы жеңісіңізбен құттықтаймыз! Бәріміз білетін қазақ дәстүріндегі отбасылық өмірге қатысты сөздің бірі – талақ. Осы сөзді киноның тақырыбы етіп қоюдың сыры неде? 

– Фильмдегі «Талақ» сөзі үлкен мағынаға ие. Негізі, бұл киноның сценарийі Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әжей» деген шығармалары желісі негізінде жазылған. Мұнда талақ мәселесі екі жас­тың арасындағы отбасылық кикілжің ретінде көр­се­тіледі. Бірақ біз сценарий жазу барысында қазақ­тың сөз тіркесіне еніп кеткен талақ сөзінің аясын барынша кеңейттік. Мысалы, тек отбасындағы мә­селені ғана емес, дүниені тәрк етті немесе басқаны талақ етті деген секілді тұрақты сөз тіркестері бар. Осы тұста «талақ» сөзінің арқалар жүгі ауыр. Өйт­кені сол кезде Кеңес үкіметі орнаған уақытта, 20-жылдары халқымыз өзінің тұрмысын, өмір сүру дәстүрін, кейбір жағдайда ана тілін, көшпе­лі дәуірін талақ етуге мәжбүр болды. Талақ біржақты жүргізіледі. Мысалы, ер мен әйелдің арасында да талақ біржақты айтылады, ері ғана талақ айта алады, әйе­лі айта алмайды. Осы сияқты Кеңес үкіметі хал­қымыздың өзінің дәстүрлі жолынан тайқуға мәж­бүр етті, яғни барын талақ етуге халық мәжбүр бол­ды. Сол кезеңнің үлкен панорамалық суреті, та­лақтың фонында қалған дүниелер бір отбасы өмі­рі­нің астарында үлкен саяси өзгерістің жүруімен көрінді. 

– Бұл арқылы көрерменге не жеткізгіңіз келді?

– Осы тақырып арқылы көрерменге жеткізгім келгені – сонау өліара кезеңде үлкен ауыр өзгерісті ба­сынан өткізген қазақтың тағдырын, әбден қа­жытқан ХХ ғасыр басындағы аштық жайлаған кез­ді, ұжымдастыру кезеңінің суретін беру. Әу бастан-ақ М.Әуезовті, Б.Майлинді, Ж.Аймауытов­ты оқығандағы көз алдыма келген дүниелерді эк­раннан беру менің басты арманым болды. Егер осы айтылғандарды өз деңгейінде бере алсам мақсатымның орындалғаны болар еді. 

– «Шанхай» кинофестивалінде көрсетілген 14 киноның ішінде бас жүлде бұйырған «Талақ» фильміне басқа киногерлердің көзқарасы қалай болды? Кино тақырыбын қалай қабылдады? 

– Фильмнің атауы «Талақ» болғанымен, оны аударған ағылшын тіліне «Развод» деп аталып кеткен, яғни «Ажырасу». Мен оны пресс-конференция кезінде де айттым, киноның алғашқы көрсетілімінде де айттым. Бұл сөздің негізі біржақты шешім шығарылатын, екіжақты келісімге келетін ажырасудың түрі және оның мағынасы анағұрлым тереңде екеніне де тоқталдым. Бірақ сол кезде мақалалар шықты, біраз киносыншылар пікір білдірді. Осы «Ажырасу» деген тақырыптың өзінен де біраз мағына шығарып, талдап айтты. Бірінші көрсетілімнен кейін ақылды көрерменнің көзқарасы ерекше болып, бізге назары ауа бастады. Өзім көркемдік сал­мақ салған, көрерменнің өзі түйіндеуі керек деген жерлерді өзіме қайыра айтып, дәл ойымдағыдай пікір айтты. Көрермен ойы қабысып тұрғанын көр­генде шынында жақсы дүние жасаған шығармын деген ойға келдім. Содан кейін «бір жүлдеге ие болу мүмкін-ау» деген ойдың келгені рас. Жақсы айтылған пікір көп, көрермен жаман емес. Фестиваль кезінде жүрген мамандар да барынша бізбен тілдес­кісі келіп, қазақ тауларының биіктігін, даланың кеңдігін, киім киісінің ерекшелігін айтып біз­бен пі­кірлесуге тырысып жатқанын байқадық. 

– «Талақ» – тарихи фильм. Осыған байланысты әлеуметтік парақшаларда оқырман мен көрерменнің сыни пікірлері айтылып жатыр. «Осындай тарихи кино түсіріп, ашаршылық уақыттағы жағдайды, жұпыны киінген халықты экранға шығару арқылы қазақтың қазіргі хал-ахуалын осылай әспеттеп жатырмыз, әлем халқымызды осы қалыпта таниды». Ал сіздің ойыңыз қандай?

– Әлеуметтік желіде фильмді мақтаған, қуаттаған пікірлермен бірге, сынап айтылған ойлар да болды. Оның бәрі – ұшқары пікір. Өйткені фильмді әлі ешкім көрген жоқ. Әртістердің үзіліс кезінде түскен суреттеріне қарап, оның костюмі туралы пікір айту, меніңше, сәл-пәл ұяттау. Өмірде адамды өсірмейтін, табиғи даму процесін тежейтін нәрсе – жауырды жаба тоқу, яғни өзіндегі бар кемшілікті, бар шындықты айтудан және жазудан тартынып қалу, өзін-өзі қор санау комплексі. Осы нәрсе бізді, киноны өсірмейді, өнерді де қарыштатпайды. Айталық, әдебиетте қаламы қарымды қаншама жазу­шы­лардың том-том еңбектері бар. Сол шығармалардың кейіпкерлері сән-салтанатты болған жоқ қой. Қиын кезеңнің сипатына қарасаңыз, күйзеліс­те жүрген, тұрмысы төмен адамдардың қашанда киімдерінің жақсы болмайтыны түсінікті. Осы сияқты Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожасын» оқыған кезде «қызыл сирағы сираңдап келе жатыр» деп әкесін бейнелейді. Енді осы суреттемелердің барлығы ғажап нәрсе емес, ғажап костюмдер емес қой. Осының бәрін оқығаннан кейін, өліара кезеңді суреттеген соң, әрине, киімдерін жұпыны етіп көрсетеміз. Фильмде актерлердің киімін күнделікті қолданыстағы жұпыны киімдерді емес, тарихи кезеңді көрермен сезіне алатындай стильдендірдік. Киімдер – қолдан тігілген, суретшінің қолынан өткен дүниелер. Сондықтан оқымай, көрмей тұрып, барынша шын фильм түсіргісі келетін адамдарды артық сөзбен сынаған дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл негізі әдебиетте қалыптасқан нәрсе ғой. Мысалы, әдебиетте реалистік бағыт қалыптасқан да, ал киноға келген кезде соған үрке қараймыз. Сол нәрсе мені кейде қапаландырады. 

– Көрермен көзқарасы бойынша драма жанрындағы фильмдер тек тарихи, ал қазіргі заманға сай отандық кинолар тек комедия бағытында ғана түсірі­летін сияқты. Бұл қаншалықты рас?

– Бұл – сөз сәл-пәл қате пікір. Себебі біз тарихи фильм түсірген кезде міндетті түрде мемлекеттік тапсырысқа иек артамыз. Бұлар – қымбат фильмдер. Осындай тарихи фильмді мемлекеттің демеуінсіз түсіру өте қиын. Сондықтан Ұлттық киноны қолдау орталығынан шығарылған көбіне тарихи фильмдер көзге түсіп қала береді. Оның үстіне, қазір көп адамның тарихи фильмге деген көзқарасы да, ықыласы да ерекше. Сол себепті тарихи фильмдер драмалық жанрда шығып жатқандай көрінеді. Негізі олай емес. Ұлттық киноны қолдау орталығының демеуімен, мемлекеттің қаржыландырумен түсі­ріліп жатқан фильмдердің ішінде заманауи драмалық фильмдер де жетерлік. Заманауи бағытта түсі­­рілетін фильм жанрының басым бөлігі комедия­лық бағытта деуімізге себеп болып отырған нәрсе – жеке қаржыға түсірілген коммерциялық фильмнің көп болуы. Олар өзін-өзі ақтауға мәжбүр. Яғни, оларды қаржыландырған жеке демеуші қаржысын қайтаруға тырысады. Сондықтан қазіргі көрерменге ең өтімді нәрсе – комедиялық фильмдер деп саналады деп ойлаймыз. Дәлелі ретінде кинотеатрларды қараңыз, 90 пайызы – комедиялық фильмдер. Өйткені ондай фильм аса қатты ойлануға, санаға салмақ түсіруге тырыспайды, көңілді жадыратады. Коммерциялық фильмдердің арасында кең таралғаны да осы. Ондағы басты мақсаты – әрине, фильмді көрерменге өткізіп, өзінің салған ақшасын қайтару немесе табыс табу. Осындай мақсатта комедияның шоқтығы көрініп қала береді.

– Байқағанымыз, сіз әлеуметтік желіде белсенді емессіз... Жалпы, киноның сыртқы кадрында жұмыс істеп жүрген режиссер, сценаристерге танымалдық керек пе? Мұның кинотуынды кең таралуы үшін маңызы бар ма?

– Дұрыс айтасыз, әлеуметтік желіде белсенді емеспін. Өйткені оған ешқандай сұраныс та жоқ, қажеті де шамалы. Кейбір шетін мәселелерге, әлеу­меттік маңызы бар дүниелерге ғана ептеп дауысымды қосамын. Өзімнің шығармашылықта жасаған туындыларыма айтылып жатқан сындарға жауап бергенім болмаса, Facebook парақшамда аса көп көріне бермейтінім рас. Ал басқа желілерде парақшаларым жоқ. Танымалдық деген сахнаға шыға­тын адамға, эстрада бағытында жұмыс істеп жүрген адамға қажет шығар, мүмкін. Ал кино саласында киноның өзі алдыңғы жоспарда тұруы керек деп ойлаймын. Егер фильмдерге көп пікір айтылса, фильмдердің өзі-ақ өзіне тиісті жарнаманы жасайды. Ал енді авторлары жарнамаланып, алға шығып кеуде соға беруіне мен аса құлықты емес­пін және оны қоштамаймын да. 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ