«Ауылдық жерлерді тұрақты дамытуды қамтамасыз ету үшін Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шөлейттену процестерінің алдын алуда табиғи-ауылшаруашылық жүйелерін (ТАЖ) орнықты басқаруды ғылыми-қолданбалы негіздеу» бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының шеңберінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары егіншілік пен жайылымды пайдаланудың табиғи егіншілік жүйелерінің жай-күйіне далалық зерттеу жүргізді.
Далалық экспедицияға қатысушылар: География, жерге орналастыру және кадастр, Картография және геоинформатика, Биоалуантүрлілік және биологиялық ресурстар кафедраларының профессорлық-оқытушылық құрамы, сонымен қатар Ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтықтан зондтау орталығының қызметкерлері.
Негізгі бағыттардағы шөлейттену процестерінің дамуын бақылау бағдарламасына климаттың өзгеруімен күресуге бағытталған Тұрақты дамудың 13-ші мақсаты және жердегі экожүйелерді сақтауға бағытталған Тұрақты дамудың 15-ші мақсаты енгізілді.
Экспедицияның негізгі міндеттері ауыл шаруашылығы және жайылымдық жерлерді пайдаланудың қазіргі жағдайын зерделеу, шөлейттену процестеріне ықпал ететін негізгі факторларды анықтау, сондай-ақ аумақтарды тұрақты басқару бойынша ғылыми-қолданбалы ұсыныстар әзірлеу болды.
Ауыл шаруашылығы мен жайылымды пайдалану үшін табиғи және антропогендік ТАЖ кешендерін қамтитын барлығы 96 негізгі бақылау нүктелеріне шолу жүргізілді.
Далалық жұмыстарды жүргізу барысында барлық жоспарланған нүктелер қаралды. Барлық бақылау нүктелерінде топырақ кескіндері арқылы сипаттау жүргізілді. Топырақ үлгілері жинақталды, ұшқышсыз аппаратты қолдану арқылы ТАЖ сипаттамасы және өсімдік жамылғысының сипаттамасы жасалды. Кейбір бақылау нүктелерінде табиғи және жасанды (карьерлер) тау жыныстары зерттелді және сипатталды.
Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен салыстыру үшін бақылау нүктелерінде жетекші физикалық-географиялық және геоморфологиялық процестерге далалық талдау жүргізілді. Алдын ала далалық деректер ішінара өңделді және одан әрі үстел үсті зерттеулері үшін мәліметтер базасы жасалды.
Далалық зерттеу кезеңінде топырақ үлгілері алынып, бақылау нүктелерінен бейне және фотоматериалдар жасалды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.