Жасанды интелектуалды гуманоидтардың тағы бір жетістігі newatlas.com сайтында жарияланды. Материалда ұсынылған видеоның негізінде Aikyn.kz жаңа роботтардың аппараттық құралдары мен оқыту тәсілдерін, жаңа мүмкіндіктерін түсіндіреді.
Заманауи гуманоид-роботтар бір мақсатты көздейді: адам орындай алатын кез келген физикалық тапсырманы арзан және сапалы орындау. Роботтардың қабілеттері де олардың қалай үйренетіні мен мүмкіндіктеріне байланысты бағаланады.
Робот неғұрлым қабілетті әрі икемді болса, компаниялар соғұрлым оны көп сата алады, бұл экономикалық өсуге көмектеседі, еңбек нарығын оңтайландырады.
Қазіргі нарықтағы кейбір ақылды машиналар таңғаларлық қабілетті болып көрінеді, оларды үйрететін және басқаратын ЖИ модельдері дамудың бастапқы кезеңінде болса да, роботтардың даму қарқыны күшейіп келеді. Дәстүрлі өнеркәсіптік роботтардан робот-гуманоидтардың ерекшелігі – олар сөйлейді, өзінің іс-әрекетін түсіндіре алады.
Жалпы мақсаттағы адамға өте ұқсас гуманоид жасау әлі де алыс болғанымен, оларды жасайтын компаниялар автомобиль индустриясында гуманоид-роботтарды ертерек енгізуге бәсекелесуде. Мысалы, Apptronik өзінің Apollo роботын сынау үшін Mercedes-пен келісімге келді. Бұл сегменттің «құрметті ақсақалы» Boston Dynamics компаниясының Atlas роботы да автомобиль өндірісі тапсырмаларын орындауға үйретілген.
Aikyn.kz сайты гуманоид роботтар туралы материалдарды жиі жариялайды. Соның бірі осы Mercedes көліктерін жинауға роботтарды қолдану туралы болды: Атақты Mercedes-Benz көліктерін енді роботтар жинайды
Әрине, Tesla да өзінің Optimus роботын оқыту, сынау және ертерек пайдалану үшін өзінің үлкен автокөлік шығаратын зауыты бар. Дегенмен Figure-дың негізін қалаушы Бретт Адкок бұндай тәсіл Tesla роботының дамуы үшін кедергі болуы мүмкін деп ойлайтын сияқты:
«Робот сәтсіздікке ұшыраса жұмыстан шығаратын сыртқы тапсырыс берушінің болуы біздің Figure-дың бәсекелестікке шыдамды болуына кепілдік береді».
Оның сөзінің дұрыстығын төмендегі BMW Full Use Case роботын автономды пайдалануға үйрету процесінен көре аламыз:
Бір қолмен екі кішкене бөлікті көтеріп, оларды дұрыс орналастыру үшін итеріп, қателігін түзете алады. Қазірше, роботтардың қимыл жылдамдағы әсерлі деп айту қиын. Бірақ уақыт өте келе бұл операцияларға машықтанған робот мұндай қозғалыстарды жылдам және бірқалыпты орындауы мүмкін.
Видео «BMW Group, Plant Spartanburg» деген сөздермен аяқталса да, ол Figure-дың өз ғимаратындағы сынақ алаңында түсірілгенге ұқсайды. Бұл рас болса, Figure 01 роботы BMW-ның зауыттарында қашан пайда болатыны да белгісіз.
Қалай дегенмен де, бұндай гуманоид-роботтардың нақты әлемде қалай жұмыс істейтінін көру қызықты. Бұдан 5-6 жыл бұрын олар баяу, ауыр және шектеулі болады, бірақ ЖИ олардың мінез-құлық үлгілерін дамытып, қозғалыстары мен дағдыларын жетілдіруді жылдамдатты.
Бірақ адамдарға достық ниетін көрсетіп, сеніміне кіріп, миллиондаған өнім шығарып және қоғамға орасан зор пайда әкелу үшін олар бүгіннен бастап өздерінің ашық пейілі мен айқын экономикалық артықшылықтарын дәлелдеуі керек. Қызық дәл осы жерден басталады!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.