Қабылдау барысында облыс тұрғындары депутатқа әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, коммуналдық шаруашылық, жол құрылысы және басқа да мәселелерді көтерді.
Мәжіліс депутаты Жетісу тұрғындарының өтінішін назарға алды
795
оқылды

Депутаттардың аймақтарға сапары жалғасуда. Мәжілісмен Руслан Қожасбаев «АМАNАТ» партиясы Жетісу облысы бойынша филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады.

Қабылдау барысында облыс тұрғындары депутатқа әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, коммуналдық шаруашылық, жол құрылысы және басқа да мәселелерді көтерді.

Талдықорған қаласының кәсіпкері Ерлік Бейбітұлы екі жылдан астам ағаш өңдеу кәсібімен айналысып келеді. Енді оны кеңейтіп, жаңа құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 5 миллион теңге өтеусіз грант алу үшін бизнес-жоспар дайындаған. Бірақ комиссия құрамында тиісті мамандар болмағандықтан оны қорғай алмаған.

– Гранттарды бөлу ережелері уақыт талабына сай болуға тиіс. Бұл мәселені Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп зерделеу қажет. Сонда мүмкіндігінше шағын бизнес тегін гранттарды пайдалана алады, – деді Руслан Қожасбаев.

Бұл ретте депутат бизнесті қолдау бойынша басқа да бірқатар мемлекеттік бағдарлама бар екенін еске салды. Мәселен, «ДАМУ» қоры арқылы, «Бизнестің жол картасы», «Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы» және басқалар.

Әлеуметтік қорғау мәселесі де көтерілді. Талдықорған қаласындағы «Асар» дене шынықтыру-сауықтыру орталығының басшысы Елдос Баялышбаев көппәтерлі тұрғын үйлерді ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бейімдеудің, атап айтқанда, кіреберіс есік, балкон, ас үйге арналған арнайы құрылғылармен жабдықтаудың маңыздылығына назар аударды.

Бұл ретте Руслан Қожасбаев қолжетімді ортаны құру бойынша «Кедергісіз келешек» партиялық жобасына тоқталды. Қазіргі таңда әкімдік Жетісу өңірінде 2021-2023 жылдар аралығында бейімдеу жоспарланған 410 әлеуметтік нысанның 382-сінде бейімдеу шараларын жүргізді.

– Қолжетімділік стандарттары әзірленбей тұрып салынған үйлер барын, лифт немесе пандус орнату мүмкін емес жерлер де бар екенін ұмытпаған жөн. Енді біздің міндетіміз – әрбір құрылыс компаниясы барлық техникалық стандартқа сай болуы үшін әзірлеушілерді қадағалау. Барлық нақты фактіні жергілікті атқарушы органдарға жолдаймын, анықталған бұзушылықтар жақын арада жойылуға тиіс, – деді депутат.

Жетісу өңіріндегі «АМАNАТ» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне барлығы 2024 жылдың басынан бері 1500-ге жуық арыз-шағым тіркеліп, олардың басым бөлігі оң шешімін тапқан. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.