Полиция мәліметінше, оқушы сабаққа кешігіп келген кезде спортзалында қараусыз қалған телефонды байқап, жедел қызмет нөміріне қоңырау шалған. Ол терроризм актісі дайындалып жатқанын хабарлаған.
Сабаққа кешіккен оқушының бір қоңырауы қылмыстық іске ұласты
188
оқылды

Павлодарда сабаққа кешіккен жасөспірім терроризм актісі туралы жалған хабар беріп, қылмыстық іске ілікті.

Енді оның ата-анасынан жедел қызметтердің шығыны өндіріліп алынуы мүмкін.

Полиция мәліметінше, оқушы сабаққа кешігіп келген кезде спортзалында қараусыз қалған телефонды байқап, жедел қызмет нөміріне қоңырау шалған. Ол терроризм актісі дайындалып жатқанын хабарлаған.

Тәртіп сақшылары қоңырау түскен телефон нөмірін жедел анықтап, оқиғаның мән-жайын тексерген. Жасөспірім өз әрекетінің қандай салдарға әкелетінін ойламағанын айтқан.

– Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілдерінің бақылауына тапсырылды, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Полиция мұндай әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар жалған хабарламаға байланысты жедел қызметтердің жұмсаған шығыны өтелуге тиіс.

Қазір келтірілген шығынды жасөспірімнің заңды өкілдерінен өндіріп алу мәселесі қаралып жатыр. Құқық қорғау органдары ата-аналарды балаларына жалған хабар таратудың салдарын түсіндіруге шақырды.