Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев және Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысы Сауран ауданы Ораңғай елді мекеніне барып, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысымен танысты. Бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр.
Мәжіліс депутаттары Түркістан облысында Оңалту орталығына барды
440
оқылды

Халық қалаулылары құрылыс-монтаж жұмысы аяқталуға жақындаған нысанның қазіргі жай-күйіне, арнайы жабдықтармен қамтылуына, орталық аумағына барлық инфрақұрылымның тартылуына, абаттандыру жұмысын жүргізу мәселесіне баса назар аударды.

– Тұрғындар «AMANAT» партиясының атқарып жатқан жұмысын нақты нәтижеге қарап бағалайды. Сондықтан партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру өте маңызды. Тұрғындардың сұранысына ие әлеуметтік нысандар сапалы салынып, уақытылы пайдалануға берілуге тиіс. Осы орталықтың құрылысы да партияның ерекше бақылауында», – деді депутат Темір Қырықбаев.

Айта кетейік, нысан құрылысына облыстық және республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жаңа нысанда бір мезетте 200 пациенттің ем қабылдауына жағдай жасалып, оларды оңалту шараларымен қамту көзделуде. Жоспарға сәйкес, Түркістан қаласының іргесінде салынып жатқан Орталық биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі.

 

– Өздеріңіз білетіндей, өңірде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қатары қалың. Мен сондай тұрғынның бірімін. Қазір Сауран ауданы Қарашық ауылы Құмтиын елді мекенінде тұрып жатырмын. 2-топтағы мүгедекпін. Жылына кемі 2 рет дәрігер қабылдауында болып, оңалту шараларынан өтуге мәжбүрмін. Ондай медициналық мекеме жақын жерде болмағандықтан, ем қабылдау үшін бірнеше жылдан бері Шымкент қаласына қатынап жүрмін. Жаңа нысан тезірек іске қосылса деймін. Осы орталықтың ашылуын асыға күтіп жүрмін, – деді Жақсыкүл Истамкулова.

Айта кетейік, депутаттардың өңірге сапары әрі қарай жалғасуда. Халық қалаулылары тағы бірқатар нысанды аралап, халықпен кездесулер өткізеді.