Жандос Рейн 17 жылдан кейін сәбилер үйіне барып, бұрын өзін баққан тәрбиешілерімен, өзі тағдырлас балалармен кездесті.
"Анамды жазғырғым келмейді": 17 жылдан кейін шешесін іздеп келген канадалық жігіт
5,590
оқылды
Канадалықтар асырап алған қазақ баласы еліне оралды. Ол 17 жылдан кейін кеше Ақтаудағы анасымен кездесті, - деп  хабарлайды Аikyn.kz сайты «Маңғыстау» облыстық телеарнасына сілтеме жасап.

«Кішкентай кезінен Жандосқа оны асырап алғанымызды айтып келдік. «Туған анасын көргісі келе ме, жоқ па?» деген сұрақты да өзіне қалдырдық. Ол Торонтода ұлты қазақ достарымен жиі кездесіп, араласып тұрады. 17 жасқа толғанда достары да анасын табуға кеңес берген. Біз ниетін қолдадық. «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторына хабарластық. Ол бізге Жандостың анасын табуға көмектесті. Ақтауға келіп, Жандостың туған анасымен кездестік», - дейді Жандосты асырап алған анасы Шанас Мұхамед.

Телеарна мәліметінше, Жандос анасымен, туған бауырларымен қауышқаннан кейін қазіргі ата-анасымен өзі тәрбиеленген сәбилер үйіне  барған. Канадалықтар Жандосты 10 айлығында асырып алған. Бұл кездесуге Жанар Байсеміздің «Шетелдегі қазақ балалары» авторлық жобасы себеп болыпты.

«Анам менен көз жазып қалса да, тастап кетсе де оған өкпем жоқ. Анамды жазғырғым келмейді. Болашаққа көз тастаймын, екеуміздің тағдырымыз сондай болды. Егер мені Канадаға алып кетпегенде, сол жақта өспегенде, қазіргі қырларым ашылмас па еді? Мені барлығы керемет қарсы алды. Менің халқым, ұлтым қонақжай екен», - дейді Жандос Рейн.

Елден жырақта өмір сұріп жатқан қазақ баласы туған жері қатты ұнағанын, 3-4 жылдан кейін Қазақстанға қайта келуді жоспарлап қойғанын айтты.