«Астана Операның» әйгілі балет труппасы Люблянадағы 72-ші халықаралық жазғы фестивальде словениялық көрермендердің жүрегін жаулады.
Қазақ балеті Словенияны тәнті етті
1,036
оқылды

Фестиваль ұйымдастырушыларының шақыруымен қазақстандық ұжым 1-2 шілдеде көпшілікке Арам Хачатурянның туындысы – «Спартак» балетін ұсынды. Бұл гастрольдік өнер көрсету Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы арқасында болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Спартак» – арнайы таныстыруды қажет етпейтін туынды. Хачатурянның кемеңгер музыкасы, аңызға айналған балетмейстер Юрий Григоровичтің керемет хореографиясы мен драматургия тереңдігі оны әлемдік балет өнері қазыналарының бірі етті.

Халықаралық жазғы фестивальде жоғары деңгейдегі өнер көрсетулерді тамашалауға үйреніп қалған словениялық көрермендер қазақстандық әртістерді таңданыспен қарсы алды. «Цанкарьев дом» мәдени орталығының Gallus Hall ірі залы келушілерге лық толы болды. 3 мыңнан астам көрермен әртістерге тоқтаусыз ду қол шапалақ соғып, құрмет-қошемет спектакльдер аяқталғаннан кейін де көпке дейін толастамады. Көрермендер театр этуальдері Бақтияр Адамжан, Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаеваның техникалық шеберліктерін қоса, олардың сахнада мінсіз жүзеге асыра білген терең эмоциялық құраушы бөлігіне де таңғалды.

 –  Әртістердің «Спартак» балетінің барлық нюанстарын соншалық анық әрі әсерлі жеткізгеніне қайран қалдым. Бұл жай ғана хореография емес, бұл әрбір бөлшегі мағынаға ие нағыз театрлық қойылым болды. «Астана Опера» труппасы қазақстандық балеттің әлемдік деңгейде екенін дәлелдеді. Бақтияр Адамжан мен Мәдина Өнербаева Спартак пен Фригияның басты партияларын орындап, кейіпкерлердің бейнелеріне өздерінің бірегей интерпретацияларын қосты, бұл Спартактың қайғылы көтеріліс хикаясына көрермендердің жаңа күшпен енуіне мүмкіндік берді. Тәжірибелі балерина Айгерім Бекетаева зұлым Эгинаның бейнесін шебер сомдаса, Красстың партиясындағы Арман Уразов пен Гладиатордың рөліндегі Серік Нақыспеков харизмалары мен әртістік қабілеттерін паш етті, – деді любляналық көрермен Янез Новак қазақстандық труппаның өнер көрсетуі жайлы пікірін білдіре отырып.

Көрермендердің пікірінше, «Спартак» осынау беделді фестивальдің шарықтау шегі болды.

–  Тамаша спектакль, Люблянадағы  фестивальге жыл сайын келемін, алайда бұл балет – мүлде айрықша дүние болды, басқа өнер көрсетулерден ерекшеленді. Мұнда келгеніме өте қуаныштымын. Қойылым да, балет әртістері де, оркестр де өте ғажап, жоғары деңгейде  болғанын айтуым керек, – деп атап өтті кәсіби биші Марко Враньеш.

Балет труппасының өнер көрсетуін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының дирижері, маэстро Абзал Мұхитдиннің басқаруымен Словения филармониясының оркестрі және әйелдер хоры сүйемелдеді. Оркестр Хачатурян музыкасының барлық қуаты мен драмалығын мінсіз жеткізіп, қайталанбас атмосфера жасады. Әйгілі музыка әсем әуезді сахналар мен еуропалық және төл әуендердің араласуы арқылы композитордың неғұрлым танымал қырларын көрсетті.

Словения филармониясы оркестрінің бірінші скрипкасы Миран Колбл осыған дейін А.Хачатурянның «Спартак» балетін ешқашан орындамағандықтан, бұл жобада өнер көрсететін сәтті асыға күткенін атап өтті.

– Маэстро Абзал Мұхитдин – сондай ғажап дирижер. Сондықтан біз барлығымыз оның басқаруымен өнер көрсетуге өте қуанышты болдық. Осы гастрольдің арқасында мен сіздердің елдеріңіз Қазақстан мен Астана жайлы біле бастадым. Көптеген есімдерді біліп, сіздерде жүретін жаңа опералық қойылымның бейнежазбасын тамашаладым. Астаналарыңызды  суреттен көріп, оның әсемдігіне сондай тәнті болдым, аздап тарихтарыңызды да зерттей бастадым, балет труппаларыңыз жайлы мәліметті оқыдым. Сенімім ақталғанына қуаныштымын, бұл керемет өнер көрсету, тамаша екі спектакль болды, – деді Миран Колбл таңданысын жеткізе отырып.

–  Бұл таңғаларлық өнер көрсету болды, біз әрбір сәтінен ләззат алдық. Балет әртістерінің қалайша осылай қимылдай алатынына сене алмадық. Менің анам олардың физикаға қарсы шыққанын айтты. Мен сегіз жасымнан бастап балеттік спектакльдерді үнемі тамашалап келемін, осы ретте бұл менің бұрын-соңды көрген үздік балетім деп айтар едім.  Ол шынымен қызықты болды. Балет әртістері, сценография, мизансцена – бұл – ғажайып, бұл – өнер. Ер әртістердің құрамы айрықша мақтауға лайық. Мен мұндай мінсіз ер бишілерді ешқашан көрмеген екенмін, олардың әрқайсысы таңдай қақтырады. Көрермендер оларға тік тұрып қол соқты, тіпті өнер көрсетудің аяқталғанын күтпей, орта кезінен-ақ ду қол шапалақтарын жаудырды, бұл да көп жайтты аңғартады. Словениялықтардың спектакльден зор әсер алатын кездері  жиі бола бермейді, тіпті ондай кездер жоқ деуге болады, – деді алған әсерлерімен бөліскен көрермен Кристина Робежник.

Қазіргі таңда Германияда тұратын қазақстандық ерлі-зайыпты Ольга және Виктор Рооттың отбасы «Астана Опера» труппасын көру үшін фестивальге арнайы келген екен.

–  Жерлестеріміздің осындай жетістіктерін мақтан етеміз! Әртістер де керемет, музыка да ғажап. Жетекші солистер Григоровичтің күрделі хореографиясын ойдағыдай орындап шықты, ал кордебалет бірлескен жұмысты паш етті, барлығына «бәрекелді» деймін! Бұл көркемдік жетекші Алтынай Асылмұратованың зор еңбегі, сондықтан оған рақметімді айтамын. Ал Спартак рөліндегі Бақтияр Адамжан  – сахнаның нағыз төресі екен!

Спектакльдер қарсаңында Люблянадағы мәдени орталықта қазақстандық труппаның гастрольдік өнер көрсетуіне арналған баспасөз жиыны өтіп, онда «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова сөз сөйледі. Әлемдік балет жұлдызы мұндай қойылымды балет әртістерінің саны жеткілікті балет  компаниясы ғана өзіне рұқсат ете алатынын атап өтті.

– Орындаушылардың жоғары кәсіби сапасы өте маңызды. Мұндай партиялар оң жамбасына келетін әртістер кез келген труппадан табыла бермейді, – деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.

Бұдан бөлек, маэстро А.Мұхитдин, Б.Адамжан мен М.Өнербаева спикер ретінде сөз алды.

– Ауқымды әрі әсерлі «Спартак» балеті – әлемдік репертуардың ең озық үлгілерінің бірі. Әлбетте, бұл хореографиялық туынды көрермендерге әрдайым зор әсер етеді. Бүгін мен мұнда алғаш рет өнер көрсеттім, ал біздің труппа Люблянадағы 71-ші жазғы фестивальде гастрольмен болған еді, сондықтан біз әртістерімізді ұнатып үлгерген көрермендердің алдына шықтық. Мұндағы сахна керемет, оның бізді жатсынбағанына сенімдімін, – деп қорытындылады Мәдина Өнербаева.

Люблянадағы фестивальдің директоры әрі көркемдік жетекшісі Дарко Брлек «Астана Опера» балет труппасына алғысын білдірді.

Біз Люблянадағы фестивальге әлемдік репертуардағы барлық уақыттағы  ірі және  анағұрлым ауқымды балет қойылымы «Спартак» балетін шақырдық. «Астана Опера» труппасының осында келгеніне қуаныштымын. Бұл салмақты ұжымда әрбір әртістерге зор көңіл бөлінеді. Олардың кейбір өнер көрсетулерін Астанада сіздердің театрларыңызда  тамашалаған едім. Сол кезде бұл ұжымның деңгейі өте жоғары екенін бірден түсіндім, – деді Дарко Брлек.

Люблянадағы халықаралық жазғы фестиваль – Еуропадағы ең беделді мәдени оқиғалардың бірі. Жыл сайын оның сахнасында дүниежүзінен үздік әртістер, музыканттар мен труппалар өнер көрсетеді. Осынау фестивальге қатысу ұжымның шеберлігі мен дарынының жоғары деңгейде мойындалуы болып саналады. Қазақстандық труппа балет өнерінің жоғары деңгейін паш етіп, фестивальдің сәнін келтірді. Кезекті рет өздерінің жоғары кәсібиліктерін дәлелдеген әртістер Қазақстан мен Словения арасындағы мәдени алмасуға жарқын үлестерін қосты.