Сонымен, бұл құжат ғылым мен ғылыми технологияларды дамытуға, оларды еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан экономикасының түрлі саласына енгізуге бағытталған. Ол сондай-ақ стратегиялық, кәсіби-әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын қарастырады. Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты әлемдік технологиялық көшбасшылармен инновациялық алшақтықты айтарлықтай азайтуға сеп болады деп сенеміз.
Ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді, бұл оның жұмысын айтарлықтай жақсартуға әкеледі деп үміттенеміз. Жаңадан құрылатын Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы ғылыми-техникалық ақпаратты және ғылыми жетістіктерді, инновацияларды және жаңа технологиялар нарығын жинаудың, өңдеудің, талдаудың жаңа тетігін жүзеге асыратын болады. ҒТИ мониторингі ғылыми процесті ақпараттық-талдамалық тұрғыда қамтамасыз етеді және ғылым дамуының тұрақтылығына ықпал етеді, елдегі ғылымды басқарудың тиімділігін айтарлықтай арттырады деп жоспарлануда.
Заң шеңберінде Салық кодексінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне – зерттеулерге, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша салықтық жеңілдіктер мен салық шегерімдерін бергені үшін мемлекеттік ынталандыру шаралары көзделгені өте маңызды болып отыр. Мәселен, 50% мөлшерінде салық шегерімдері көзделген. Бұл ғылымды қажет ететін технологияларды қолдау үшін бизнес-құрылымдарға айтарлықтай қаржылық көмек беретіні анық. Ал заң бойынша жергілікті атқарушы органдарға гранттық қаржыландыру нысанында ғылым, ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша өкілеттіктердің берілуі отандық ғылымның дамуына өзіндік үлесін қосады.
Сонымен қатар Президент «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға да қол қойды. Заң шеңберінде Парламент Мәжілісінің депутаттары ғылыми-зерттеу жұмыстарын мемлекеттік сатып алудың жалпы бюрократиялық рәсімінсіз жүзеге асыру үшін ҒЗИ мен жоғары оқу орындарына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты нормаларды енгізді. Бұл ретте, сатып алу тәртібі мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның келісіміне сәйкес ҒЖБМ айқындалатын болады. Сатып алу саласын реттеуге арналған бұл норма ғылыми қауымдастықты шамадан тыс және кәсіби емес қамқорлықтан, кейбір шенеуніктердің нысаналы қаржыландыру бағдарламалары мен гранттық жобалардың конкурстық рәсімдеріне араласуынан арылтады деп үміттенеміз.
Қайрат Күтербеков,
Л. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы
ҒЗИ директоры, профессор