Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Отырыс басталарда делегация басшылары Беларусь Республикасын Ұйым құрамына қабылдау және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды.
Сенім мен ынтымақтастық кепілі
780
оқылды

Мемлекет басшысы бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы достық, та­ту көршілік, тең­құқықтық және өзара қол­даудың, яғни «шанхай рухы» не­гізін­де жұмыс істейтін мем­лекетаралық қа­тынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті.

ТИІМДІ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНҒАН КЕЗЕҢ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ­­станның Ұйымға төраға­лығы аясында атқарылған жұ­мыстардың қорытындысы жөнінде баяндады. Ол ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақ­станның ұйымға төра­ғалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді. Сонымен қа­­тар осы шаралардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-эко­номикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқа­нына тоқталды. 

Президент Қазақстан тө­ра­ғалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байла­ныс­тарды нығайтуға ерекше назар ауда­рылғанын айтты.

– «ШЫҰ+» форматын барынша тар­тымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және ту­ристік астанасына айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толы­ғымен орындады. Сондай-ақ Президент еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы риза­шылығын білдірді.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР БЕЛГІЛЕНДІ

Мемлекет басшысы «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды. Қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды бірінші маңызды бағыт ретінде атады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлы­ғын­­дағы бейбітшілік пен қа­уіп­­сіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Ұйымға мүше мемлекеттерге «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын жүзеге асыру дәл осы мақсатпен ұсынылды.

Президент Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт кел­генін айтты. Бұл ретте «Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі әрдайым жіті назарда болуға тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев кибер­қауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір маңыз­ды міндет екеніне назар аударды. Сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұ­мысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бүгін халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мәселелері бойынша қабылданатын өзара іс-қимыл жоспары аталған мақсаттарға сай келеді.

Сауда-экономикалық бай­ла­ныстарды кеңейту ынты­мақтастықтың тағы бір маңызды бағыты екеніне де назар аударды. Сондай-ақ тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың келесі бағыты ретінде атап өтіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қа­жеттігіне арнайы тоқталды.

– Қарқынды жаһандық өз­ге­рістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңге­рімді ұсыныстарын ортаға сал­ды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті айтыл­ған барлық ұсыныс ШЫҰ-ға мүше елдерге ортақ игі мақсаттарға қол жеткізуге барынша үлес қо­суға деген шынайы ниеттен туындағанын атап өтті.

Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдердің басшыларына қолда­ғандары үшін ризашылығын біл­дірді. Сонымен қатар Қытай Ха­лық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен шын жүректен құттықтап, Қытай тара­пына табыс тіледі.

Отырыста көпжақты ынты­мақ­тастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланып, Ұйымды одан әрі дамыту бағыты айқындалды.

– Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен үміт күтеміз. Қазір біз қол қоятын құ­жат­­тар ШЫҰ аясындағы ынты­мақ­тастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына, Ұйымның жүйелі әрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

БАЛАМАСЫ ЖОҚ ҰЙЫМ

Шанхай ынтымақтастық ұйы­­мына мүше мемлекеттер басшы­лары кеңесінің отырысы­нан кейін саммит «ШЫҰ+» форматында жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиын­ға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ын­ты­мақ­тастық ұйымының ха­лық­аралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды. Сонымен қатар ол бейбіт және үйлесімді даму мәселесін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың басты міндеті ретінде атап өтті.

– Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия ар­қы­лы ғана әлемдегі басты қайшы­лықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халық­аралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сон­дықтан біз қабылдаған тату көршілік, сенім және ынты­мақтастық қағи­даттары туралы мәлімдеме өте өзекті, – деді Мем­лекет бас­шысы.

Қазақстан Президенті Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылды­ғына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсын­ды. Оның пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға да айрықша мән берген жөн.

– Санкциялық даулар жаһан­дық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перс­пективаларының аясын тарылтып жатыр. Мұндай жағдайда біз­ге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет. Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Азияның экономикалық тұрғыдан өркен­деуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан тарапы Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптады.

Қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруіне қар­сы күрес салаларындағы ынты­мақтастықтың өзектілігі арта түсті. Мемлекет басшысы ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл бағыт­тағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мұз­дықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.

Президенттің пікірінше, ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағы­тының бірі – мәдени-гума­ни­тарлық ынтымақтастықты кеңей­ту. Бұл сала Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде ұдайы назарда болды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізу, диалог аясындағы серіктес­тердің жаңа оқу орын­дарын қосу арқылы ШЫҰ уни­верситеттері желісін кеңейту, тех­ни­калық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жылдан-жылға көбейту жөнінде ұсыныс айтты.

Өз сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қазақ­станның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ+» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ын­тымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серік­тес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Кәмила ЕРКІН