Шанхай ынты­мақ­тастық ұйы­мына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі­нің отырысы аяқтал­ды. Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық еткен жыл Ұйым үшін бетбұрыс кезеңі болғаны сөзсіз.
Ұлттық мүддемізге толық сай
418
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыртқы саясатымыздың жасампаз әлеуетін бүкіл әлемге паш етті және бұл Саммит қазіргі жаһандық геосаяси турбуленттілік қыспағындағы әлем қоғамдастығына жаңа ты­ныс-дем берді. 

БҰҰ Жарғысының үстемдігі жағдайында бейбітшілік пен жаһандық диалогты басымдық ретінде бекіткен Астана декла­рациясы 3,5 миллиард халықты құрайтын мемлекеттер басшы­ларының ортақ ерік-жігерін білдіреді. Бұл құжаттың рухани мазмұны адамзаттың бар жа­һан­дық қауіп-қатер мен дағ­дарыстарды еңсеруге деген үмітін оятып отыр.  

Мемлекет басшысы «Қа­зақ­стан Ұйымның негізін қалау­шылардың бірі ретінде өзінің төрағалығы кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін мейлінше тиімді ұйымға айналдыруды көздеп отыр» деп атап өтті. ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясын бекіту және ұйымның өңірдің логистикалық байланысы мен сауда-экономика саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге баса назар аударуы маңыз­ды қадам болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы басқа интег­рация­лық бірлестіктермен – Еу­­разия экономикалық одағымен, БРИКС, АСЕАН және Еуропа Одағы елдерімен ынтымақтастықты дамыту перспективаларына мән берді.

Мемлекет басшысы жаһандық сауданы дамыту үшін Еуразия белдеуіне көбірек көңіл бөлуді ұсынып, ШЫҰ-ның жаңа моделін белгіледі. Қазақстанның төрағалығы кезінде айқындалған бұл бағытты ШЫҰ-ның барлық мүшесі қызу қолдады. Мүддесі көбінесе қарама-қайшы әрі бәсекелес жаһандық көшбасшы елдерді біртұтас конструктивті күн тәртібі арқылы біріктіру Президентіміздің зор жеңісіне айналды. Бұл жайт Қасым-Жомарт Кемелұлының дипломатиялық таланты мен мол тәжірибесін көрсетеді. Оның жетекшілігімен еліміз жүргізіп келе жатқан ауқымды да сындарлы, егжей-тег­жейлі үйлестірілген сыртқы сая­саттың жемісі деп те айта аламыз.  

Жаңа жағдайда Қазақстанның ШЫҰ-ның барлық мүшесіне ұсынары мол. Біріншіден, бұл – біздің елдің географиялық орнына байланысты қамтамасыз ете алатын орасан зор логистикалық әлеует. Мемлекет басшысы атап өткендей, Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтың транзиттік тасыма­лының 80 пайызы еліміздің аумағы арқылы жүзеге асырылады. Ресейді Оңтүстік Азия елдерімен байланыстыратын Солтүстік-Оңтүстік бағыты да Қазақстан арқылы өтуі мүмкін. «Шанхай ондығына» кіретін елдерге іс жүзінде шектеусіз сауда жасау үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады.

БҰҰ Бас хатшысы Гутерриштің «ШЫҰ+» жиынына белсене қа­тысуы ұйымның геосаяси маңыз­дылығы артып, Үлкен Еуразия ел­дері мен халықтарының мүд­делерін білдіретін алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымын орта державалардың пайдасына сай реформалау туралы пікірталас жағдайында мұның маңызы зор.

Астанадағы саммиттердің дәстүрлі түрде ШЫҰ аясының кеңеюімен аяқталуының сим­волдық мәні бар. 2017 жылы ұйым Үндістан мен Пәкістанды қабылдап, 8 мүше мемлекетке дейін кеңейді. Кешегі отырыс Беларусь Республикасын ШЫҰ-ға қабылдау туралы шешім қабылдаудан басталды. Осылайша, қазақ жерінде ұзақ­мерзімді мақсаттар айқындалып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуына тың серпін берілді деп айта аламыз.

Ұйымдағы кезекті төраға­лығымыздың қорытындысы ретінде саммитті Астанада өткізу ұлттық мүддемізге толық сай келетінін айтуға болады. Тұрақты Шанхай диалогы Қазақстан үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де ұдайы туындап отыратын бар­лық сын-қатерге жүйелі жа­уап береді. Бірақ одан да маңыз­дысы, Қазақстанның «Шан­хай ондығына» мүше бо­луы және белсенді қатысуы елі­міз­дің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне кепілдік бе­реді, әлемдік экономика көш­басшыларымен сауда-эко­но­микалық ынтымақтастықты кеңей­­­туді қамтамасыз етеді.  

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс Төрағасы