Мирас ЖИЕНБАЕВ,
Сыртқы саясат және зерттеулер бағдарламасының ғылыми қызметкері:
ҚЫЗМЕТ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙДІ
«ШЫҰ+» форматының тұжырымдамалық маңыздылығы неде? Қазақстан ұйымға төрағалық еткен мерзім ішінде серіктес мемлекеттердің ауқымын кеңейтіп қана қоймай, сыртқы әлеммен өзара қарым-қатынас орнатудың жаңа формуласын ұсынды. Нәтижесінде қазір көптеген мемлекеттер тарапынан ұйымға кіруге деген ұмтылыс бар екенін көреміз. Ұйымға мүше болып кіру – ұзақ процедура. Айталық, кеше Беларуссия үш жылды артқа тастап барып, ресми түрде мүшелікке қабылданды. Бірақ ұйымға мүше елдердің саны артса, бұл шешім қабылдауға, ведомствоаралық, мемлекетаралық келіссөздер жылдамдығына және негізінен,ынтымақтастық тетіктеріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан «ШЫҰ+» бұл икемді көпжақтылық формат дер едім.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы не үшін құрылды? Ең алдымен, зұлымдықтың үш күшіне қарсы тұру үшін: терроризм, экстремизм және сепаратизм. Яғни, күн тәртібіндегі қауіпсіздік мәселелерін кең ауқымда талқылауға негізделген. Дегенмен бұл қандай да бір әскери одақ құруды көздемейді. Сонымен бірге ШЫҰ қауіпсіздік саласындағы мемлекеттер ынтымақтастығының ережелері мен нормаларын, құндылықтарын талқылауға мүмкіндік береді. Қазір ұйым қызметінің ауқымы кеңейіп, экономикалық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық бағыттағы өзара іс-қимылға және өркениетті диалогқа бет бұрып келеді. «ШЫҰ+» форматы – ұйымның географиялық шекарасын кеңейту факторының бірі. Қазірдің өзінде оған Еуразия аумағынан қатысушы мемлекеттер пулы ұлғайып келеді. Болашақта ШЫҰ-ға төрағалық еткен әрбір мемлекет осы диалогқа қатысу үшін өзінің стратегиялық серіктестерін шақырады деп сенеміз.
Айталық, биыл Қатар саммитке алғаш рет қатысуда, ал біз бұл мемлекет қазақ сыртқы саясатының жарқын бағыттарының бірі екенін білеміз. Әзербайжан секілді бауырлас ел де бізді қолдап келіп отыр. Бұл да қазақ дипломатиясының коалиция ауқымын үлкейтуге қабілетті екенін дәлелдеді. Осылайша, Қазақстан икемді формат арқылы мемлекеттерді ұйымға мүше болуға тартуда. Самитте кең ауқымда талқыланған терроризм, экстремизм, ынтымақтастық, қарама-қайшылық, қауіп-қатер мәселелері мемлекетаралық ынтымақтастықтың жаңа ережелерін, нормалары мен құндылықтарын құруға итермелейді. Мұның барлығы – Еуразия кеңістігінде бірыңғай ойын ережелерін қалыптастырып, мемлекеттердің толыққанды қауіпсіздікті сезініп, бір-біріне деген өзара сенімін нығайту үшін жасалатын қадамдар.
Өз басым, Астана декларациясы ШЫҰ даму тарихында бетбұрыс жасайтын кезең болуы мүмкін деп есептеймін. Ең алдымен, ұлы державалардың геосаяси қарсыластығы мен дипломатия мен халықаралық ынтымақтастық қағидаттары дағдарысқа ұшыраған бүгінгідей уақытта декларацияға қол қойылғанын түсіну маңызды. Себебі саммитке қатысушы мемлекеттер кең көлемде қамтылды. Бұл қазақ дипломатиясының әлеуетін көрсетеді. Сондықтан Астана Декларациясын қабылдау – бүкіл институционалдық әлемдік тәртіп үшін тарихи маңызды факты. Егер ШЫҰ шеңберінде ынтымақтастық тетіктерін дұрыс реттейтін болсақ, онда бұл халықаралық қатынастар жүйесінің негізгі элементі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдегенін көрсетеді.
Ерік БАТЫРХАНОВ,
тәуелсіз сарапшы:
ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ЖЕЛІСІ ҚАЛЫПТАСТЫ
Беларуссияның ШЫҰ-ға кіруі – елдің еуразиялық өңірдегі саяси және экономика-
лық интеграциясын тереңдетудегі маңызды қадам. Сонымен
қатар Беларуссияның халықаралық байланыстарын тексеруге және көпжақты ынтымақтастық арқылы қауіпсіздікті нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Тұтастай алғанда, бұл – тығыз қарым-қатынас орнату бағытындағы оңтайлы шешім. Нәтижесінде, Ұйымға экономикалық және мәдени тұрғыда ынтымақтастық құруға болатын жаңа мүше қосылды. Оның географиялық тұрғыда Шығыс Еуропаға жақын орналасуын да ескерген жөн. ШЫҰ-ның кеңеюі ұйымның халықаралық ықпалын және оның жаһандық сын-қатерлерге тиімді жауап беру қабілетін күшейтуге ықпал етеді.
Астана саммитіне мүше мемлекет басшыларынан басқа серіктес бақылаушы елдер де қатысты. Бұл геосаяси қамтуды кеңейтуде шешуші рөл атқарады және ынтымақтастық үшін жаңа аймақтарды тартуға жол ашады, өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасудың кең желісін қалыптастырады.
ШЫҰ саммиті аясында Мемлекет басшысы ұсынған «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастамасын атап өткен жөн. Бұл Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қарама-қайшылықтарды болдырмай, саяси және дипломатиялық шаралар арқылы халықаралық қауіпсіздік күштерін арттыруға деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл бастама ШЫҰ-ның қақтығыстарды реттеудің және жаңа қауіптердің алдын алудың тиімді құралы ретіндегі халықаралық аренадағы рөлін нығайтады.
Әмина
ҚОСБАЕВА,
Еуразиялық интеграция сараптамалық институты сарапшысы:
ӘлЕМДІК ТӘРТІПКЕ НЕГІЗ БОЛМАҚ
Тұтастай алғанда, биыл Қазақстан төраға ретінде ұйымдастыратын ШЫҰ шеңберіндегі барлық іс-шаралар бұрын-соңды болмаған айрықша сипатқа ие. Көптеген сарапшылар қатысушы елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерінің саны бойынша бұл құрам барынша ауқымды әрі жан-жақты екенін айтуда. Дәл осы «ШЫҰ+» форматы ұйымдар үшін де, Қазақстан үшін де стратегиялық сипат береді. Өйткені «ШЫҰ+» шарасына қатысатын елдердің барлығы қазіргі уақытта тікелей ұйымға мүше емес. Бірақ бұл ШЫҰ-ның халықаларық аренадағы әлеуетін көрсетеді. Яғни, өзара диалог жүргізуге балама алаңдарының бірі ретінде ШЫҰ саммитінің тартымдылығын дәлелдейді.
Экономикалық тұрғыдан саммит осындай кездесулердің нәтижелілігін айқындайтын түрлі келісімдер мен уағдаластықтар жасасуға байланысты үмітті толық ақтады. Саммитте Көлік және жүк тасымалы мәселелері басты тақырыптың бірі болғаны орынды дер едім. Өйткені көлік және логистика – қазір аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін факторлардың бірі.
Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай өте күрделі, жаһандық сенім дағдарысы айқын көрініп отырғанын мойындауымыз керек. Елдер өзара іс-қимылдың жаңа тиімді жолдарын іздеуге мәжбүр. ШЫҰ мемлекеттерге өз мүдделерін еркін білдіре алатын ашық алаң ұсынады. ШЫҰ-ға кіретін немесе онымен ынтымақтасатын әрбір ел өзара іс-қимыл және ынтымақтастық құндылықтарына адал. Ұлттық мүдделерді қорғаумен қатар, бұл құндылықтар әлемдік тәртіпке негіз болып табылады.