Ол 3 жылға сотталды.
Түркістан облысында әйел полицейдің саусағын сындырып, үйіне алып кеткен
Ашық дереккөз
899
оқылды

Түркістан облысы Абай ауылында Қылмыстық кодекстің 380-бабы  4-бөлігінің 1-тармағы бойынша іс қозғалды. Яғни, екі адамға күш көрсету немесе қорқыту айыбымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған 43 жастағы автокөлік жүргізушісі А.-ның ісі бойынша сот отырысы өтті, деп жазады Aikyn.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 15 ақпан күні түстен кейін А. есімді әйел Абай ауылындағы сауда үйінің маңындағы жаяу жүргіншілер жолына көлігін тоқтатып қояды.

Құқықтық тәртіпті қорғау мақсатында рейд жүргізген полиция подполковнигі өзін таныстырып, әйелге заңбұзушылықты ескертіп, көлікті алып кетуін сұрайды. Бұған әйел дөрекі жауап берді. Содан кейін тәртіп бұзушыға екінші полицей, аға лейтенант Ж. хаттама жаза бастайды. Бірақ әйел бұған қарамастан, қозғалтқышты іске қосып, оқиға орнынан қашпақ болыпты. Лейтенант болса көліктің алдында тұрып, оның жолын бөгейді. Осыған қарамастан әйел газды басып, полицейді бамперімен соқты. Ол көлік капотына құлап, капотқа жабысып ұстап қалды. Жол-патрульдік полиция қызметкерін көлігінің капотына жабыстырған күйі әйел 20 метрдей жүріп барып қана тоқтады. Полицей қызметкері оқыс оқиға кезінде саусағын сындырып алды.  Ол хаттама толтырмақ болып, тәртіп бұзушының көлігіне отырды. Әйел болса қайтадан газды басып, полицейді үйіне алып кетті.

Сотта әйел өз кінәсін мойындап, өкініп, кешірім сұрады. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.