Қазақтың қуанышы мен қайғысын жеткізе білген домбыраның ұлты үшін маңызы зор. Дегенмен домбыра шын шебердің қолында толғап, нағыз өнерпаздың тартуымен ғана жырлайды. Осыған орай, Домбыра күнінде қазақтың мақтанышына айналған ән мен күйшілердің өздері ұстаған бес домбыра жайлы сөз қозғамақпыз.
Бұл – атақты Дина Нұрпейісованың домбырасы. Домбыраны жасаған шебер Қамар Қасымұлы. Түп-сипаты бүгінгі домбыраларға келеді. Яғни, Кеңес заманы кезінде ортақ стильмен жасалған домбыралардың алғашқысы деп сеніммен айта аламыз. Халық терминологиясында айтылатын жуас (алтыншы) және кәдесіз (он сегізінші) пернелер жоқ.
Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, Дина Нұрпейісова өзі ұстады деген үш домбыра Астана, Алматы және Атырау мұражайында сақтаулы тұр.
Бұл – атақты Біржан салдың домбырасы. Домбыраны музейге өткізген Жарқын Шәкәрім келесідей оқиғаны еске алады. «Партия ардагері Әшімбек Бектасов есімді азамат қызмет бабымен бүгінгі Ақмола облысы Степняк қаласына келеді. Бір үйге түсіп, әңгіме барысында Біржан сал жайлы сөз қозғайды. Үй иелері әншінің жақын тумаластары екен. Олар Біржанның бейітіне апарып, «міне ақын осы жерде жатыр» дейді. Зираты әбден құлап, мүжіліп кеткен екен. Сол мезетте Біржанның зиратын қайта көтеріп жөндеттіреді. Әшімбек Бектасовтың осы ісіне риза болған Біржанның туғандары оған «мынау Біржанның өз домбырасы» деп аспапты табыстайды. Бұл 1943 жыл екен. 1980 жылдары домбыра аспаптар мұражайына тапсырылады».
Домбыра Арқа домбырасы стилінде жасалған. Бірнеше рет реставрациядан өткені байқалады. Төменгі сағадағы пернелер мүлдем жоқ. Жалпы, перне саны – 11. Бұл пернелер қайта байланғаны көрінеді.
Махамбеттің домбырасы. Turkystan.kz-тен бұл домбыра жайлы келесідей дерек таптық: «Махамбеттің домбырасы – 13 пернелі, жұмыр шанақты домбыра. Ол ұрпағы, музыкант Арыстан Баталовтың қолында болған.
1931 жылы Арыстан көз жұмғанда ағасы Қатеп Қызылордаға алып кеткен. 1933 жылы белгілі күйші Сейтек Оразұлы домбыраны іздеп Қызылордаға барады. Домбыраны 2 күн шертіп, аспапты өзіне сыйға сұрағанмен, ала алмайды. Қатеп қайтқан соң домбыра туысы Қажетте қалады. Ол 1934 жылы көз жұмады. Анасы Ресейге көшкенде домбыраны өзімен бірге алып кеткен. Ресейде аспап Елеу деген қарттың үйінде сақталған. 1974 жылы оның ұлы Мұстафа Исмағұловтың қолына өтеді. 1985 жылы ол домбыраны Алматыға алып келіп, аспаптың бет тақтайына реставрация жасатып, тарихи құндылық ретінде Алматыдағы Ықылас музейіне әкеліп тапсырылған екен».
Бұл – Әміре Қашаубаевтың домбырасы. Бұл домбырамен әнші 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде, Мәскеу консерваториясының залында ән шырқаған. Әнші қайтыс болғаннан кейін домбыраны біраз уақыт халық әртісі Жүсіпбек Елебеков, әнші Нұғыман Әбішев тартқан.
Ал мұражайға өткізген Әміренің жесірі Оразке Қашаубаева екен. Ол 1947 жылдың 5 шілдесінде бүгінгі Орталық музей қорына өткізген. Музей құжаттарында келесідей жазылған. «Домбыра ұзындығы – 80 см. Материалы: ағаш. Құрама домбыра. Қос ішекті, жеті пернелі».
Қазақстанның халық әртісі, әнші Жүсіпбек Елебековтің домбырасы. Бұл домбыра Алматыдағы Ықылас атындағы ұлт аспаптар мұражайында сақтаулы тұр. Мұражай қызметкерлері: «әнші Жүсіпбек Елебеков домбырасының шетін бисерге ұқсас материалмен безендірген. Гүлдің суреті ортекенің мүйізінен жасалған», – деп мәлімет береді.
Бұған дейін Сегізінші ғасырдағы қазақтың музыкалық аспаптары туралы жазған болатынбыз.