International Biology Olympiad – әлемдегі ТОП-7 халықаралық олимпиаданың бірі.
Елордада ең беделді IBO-2024 халықаралық олимпиадасы басталды
1,650
оқылды

7 шілдеде Астана қаласында оқушылар арасындағы IBO-2024 биологиядан халықаралық ең беделді олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова арнайы қатысты.

Биылғы жылы білім додасына әлемнің 81 елінен 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысып жатыр.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ғани Бейсембаев халықаралық олимпиаданың біздің елімізде өткізілуі аса маңызды екенін атап өтті. Биологиядан халықаралық олимпиада алғаш рет 34 жыл бұрын өткізілді, оған ол кезде тек алты ел қатысқан. Ал бүгін ел астанасында 81 мемлекеттің командалары жиналды.

"Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы осыдан бір жарым ғасыр бұрын: "Адамның күші оның ойы мен білімінде жатыр" деген. Осы сөздің бүгінгі күні де өзекті екеніне күмән жоқ. Сіздердің көпшілігіңіз болашақта белгілі биолог атанып, мыңжылдықтың орасан зор жаңалықтарын ашасыздар деп сенемін. Осы Олимпиада әрқайсыңыз үшін мамандық таңдаудың, әлемдік ғылымның игілігі үшін елеулі жетістіктерге жетудің маңызды кезеңіне айналатынына сенімдімін. Олимпиада Сіздерге Қазақстанмен танысып, біздің салт-дәстүріміз, қонақжайлығымыз бен достығымыздан ұмытылмас әсер қалдырады деп ойлаймын", – деді Ғани Бейсембаев.

Қазақстандық оқушылар 28 жылдан бері аталмыш додада ел намысын қолдан бермей келеді, осы жылдар ішінде 70-тен аса марапатқа ие болдық. Ұйымдастыру комитетінің мәлімдеуінше, биылғы олимпиаданы Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдауына жергілікті оқушылардың жетістігі себеп болды. Қатысушылар тек зияткерлік сайысқа ғана қатысып қоймай, сондай-ақ, елорданың көрікті жерлерін, Қазақстанның інжу-маржаны – Бурабайды аралайды, еліміздің тарихымен, өнерімен танысады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.