Кез келген демалыстан кейін қалыпты жұмыс ритміне ілесіп кету әрбір жанға қиын. Психологтар мұндайды «мерекеден кейінгі синдром» деп те атайды. Жалпы демалыстан кейін жұмысқа қалай күйзеліссіз кірісіп кетуге болады? Бұл жайында психолог Рада Махамбетова айтып берген.
– Мысалы, жаңа жылда көп жағымды эмоцияға толы жағдайды бастан өткіземіз. Ағайын-туған, дос-жаранмен кездесіп, сыйлық аламыз. Не болмаса алыс-жақын жерлерге саяхаттап, жаңа сезімге бөленіп жатады. Ағзамыз үшін бұл – «эмоциялық отшашу» секілді дүние. Кейін күнделікті өмірге қайта оралуға мәжбүрміз. Бұған қоса адам автоматты түрде мерекеден кейінгі және оған дейінгі өмірін салыстырып, қайта көңілі түседі. Миымыз осылай жұмыс істейді, – дейді психолог.
Екіншіден, мерекеге дайындалғаннан шаршап, қажиды екен. "Мерекеге дайындалғаннан шаршау – эмоциялық қажу. Демалыстан кейін де демалыс керек деп кейде қалжыңдап жататынымыз да содан. Сондықтан да демалыстың кейінгі күні мен жұмыстың алғашқы күнін дұрыс жоспарлау өте маңызды, – дейді психолог.
Маманның айтуынша, жұмысқа дайындықты демалыстың соңғы күніне бастап кету керек. Ол демалыста да, соңғы күні де тамақ жеу, ұйқы ретінің дұрыс болуына және дене белсенділігіне көңіл бөлуге кеңес берді. Себебі адамның дене ахуалы да эмоциялық күйге қатты әсер етеді. Тоқ етерін айтсақ, бір күн бұрын уақтылы ұйықтап, ерте тұруға, күнделікті әдетіңізді еске алуға қайта дағдылану керек. Сонда жұмыстың алғашқы күнінде адамға қатты салмақ түспейді.
– Принстон ғалымдары зерттеулерінде адамның миы жақсы ұйымдастырылғанын, жинақы ортада жақсы жұмыс істейтінін дәлелдеп берді. Сондықтан әуелі жұмыс орнын тазалауға 10-15 минут жұмсаңыз: қажет емес қағаздарды тастап, шамды сүртіп, компьютердегі қажет емес файлдарды өшіріңіз. Бұл процесс бойдағы алаңдаушылықты және неден бастасам екен деген шашыраңқы ойды сейілтеді, – дейді маман.
Психолог жұмыстың бірінші күні «алғыс тізімін» жасап көруді ұсынды. Бұл үшін бір парақ алып, жыл бойы болған, есіңізде қалған оқиғалар тізімін жазып шығу керек.
– Осылай, сол уақытты қорытындылап, бейсанада «бұл кезең аяқталды» деген түсінік қалыптасады. Миға да жаңа іске кірісу жеңіл болады. Бұған қоса мұндайда миымыз қанағаттану мен қуаныш сезімін тудыратын дофамин шығара бастайды. Осыдан соң келесі жылға жұмысыңызға, мансабыңызға қатысты жоспар құрыңыз: нақты нені жақсартқыңыз келетінін, қандай қадам жасайтыныңызды және тағы басқасын жазыңыз. Келешекке жоспар, дамуға қатысты қадамдарды нақтылап отыру адам бойында сенімділік сезімін оятады. Сана тұман мен белгісіздіктен қауіптенеді. Сондықтан Жаңа жылдың қарбаласымен жүріп, жоспар құрмай, өткен жылды қорытындыламай жұмысқа шығып кеткенде де, сана жұмыстан «қаша береді», – дейді психолог.
Үшіншіден, жұмыс көлемін бірте-бірте ұлғайтқан дұрыс.
– Істі қарапайым әрі өзіңізге ұнайтын тапсырмалардан бастауға мүмкіндік беріңіз. Бұл бірінші жұмыс күніндегі күйзеліс деңгейін төмендетеді. Күнделікті жұмыс жоспарына үш пункттен артық іс қоспаған абзал. Әдетте, психологтар жұмыс күнін ең қиын тапсырмадан бастауға кеңес береді, өйткені адамдардың көпшілігінің өнімділігі таңертең шыңына жетеді. Бірақ бұл күні бәрі басқаша. Бұл күнгі мақсат – жай ғана жұмысты бастау, – дейді ол.
Төртіншіден, жұмыстың бірінші күні түскі үзіліс уақытын бірге өткізген жөн.
– Тамақты көппен бірге жеген дәмдірек. Бұрын-соңды жеп көрмеген, көптен жегіңіз келіп жүрген тамаққа тапсырыс беріп, түскі үзілісті әріптестеріңізбен өткізіңіз. Осылай, мерекелік көңіл күйді шорт кеспей, жұмыс атмосферасына бірте-бірте, жеңіл еніп кетуге болады. Сонымен қатар бірінші жұмыс күні санамызда жағымды эмоция ретінде есте қалады, – дейді ол.
Бксіншіден, бірінші жұмыс күнінен соң достармен кездесіп, арқа-жарқа болған да бұл күннің күйзеліссіз өтуіне көмектеседі. "Не болмаса сүйікті спортпен айналысып, театрға, кинотеатрға бару немесе рахаттанатын кез келген іске уақыт тапқан дұрыс. Жұмыс аяқталған соң жағымды іспен айналысатыныңыз туралы ойдың өзі көңіл күйді көтеріп, жұмыс күнін жақсы өткізуге күш-қуат береді, – дейді Рада Махамбетова.
Бұл туралы Аikyn.kz сайты baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.