Жас мамандар әлеуметтік желілерде өздерінің «жұмыстан жалаңаш отставкаға» кеткендері туралы жиі жаза бастады. Бұл термин жаңа жұмыс іздемей қызметтен мүлдем шығу дегенді білдіреді.
Z ұрпақ «жұмыстан құр қол отставкаға» кетіп жатыр
Қытайлық жастардың ең үлкен арманы – ұзақ демалысқа шығып, күнделікті өмірдің күйбең тірлігінен құтылу. Фото ridus.ru сайтынан алынды
1,548
оқылды

Қытайдағы жастар жұмыстан шаршап, саяхаттау үшін қызметтен кете бастағаны туралы businessinsider.com жазды. Жас буынның мұндай шешімдерінің себебін Aikyn.kz түсіндіреді.

«Екі нүкте, бір сызық» ұғымы: үй мен жұмыстың арасында ғана өмірі өтетін, басқа ештеңеге уақыты жоқ жастарды сипаттайды. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Qilai Shen 

Қытайда жұмыстан қол үзіп, ұзақ үзілістер жасау ақылға сыймайтын әрекет деп саналады. Саяхаттау мен жаңа хоббимен айналысу үшін бір жыл демалыс алу болашақта жоғарылау немесе жалақының көтерілуіне кедергі келтіреді.

Бірақ соңғы жылдары Қытайдағы жас мамандар ұзақ жұмыс уақыты мен төмен жалақыға әлеуметтік желілерде шағымдана бастады. Корпоративтік өмірдің көлеңке жақтары көріне бастаған сияқты, адамдар жеке өміріне уақыт таппай, ауыр жұмыстың шындығымен бөлісуде.

Көптеген қытайлық жастар өздерінің ең үлкен арманы – ұзақ демалысқа шығып, күнделікті өмірдің күйбең тірлігінен құтылу екенін айтуда. Қытайлық әлеуметтік желілердегі танымал сөз тіркестерінің бірі – «екі нүкте, бір сызық» деп аударылады.

«Бұл – өмірде ештеңе көрмей, үй мен жұмыстың арасында өтіп жатқан жастарды сипаттайды», – дейді Tong Global компаниясының қытайлық бағыты бойынша кеңес беруші Джек Портеус.

Жұмысты ешқандай болашақ жоспарсыз, басқа жұмысқа ауыспай қалдыру. Бұл уақытты жастар өзінің денсаулығына, саяхаттауға, психикалық жағдайын қалпына келтіруге арнайды. Фото pikabu.ru сайтынан алынды

Қытайдағы жаңадан шығып жатқан үрдіс жас қызметкерлердің жұмыстан кетуге еш қиналмайтын Батыстағы әлеуметтік желілердегі QuitTok трендіне ұқсайды. Батыстық жастар адамды жылдам қалжырататын жұмыс режиміне шыдамай, жұмыстан шығып жатқандары туралы видеоларды TikTok желісіне жүктеп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісу соңғы жылдары жиілеп барады. Осындай үрдісті қытайлық жастар да өздерінің әлеуметтік желілерінде көп талқылай бастаған.

«Екі нүкте, бір сызық» түсінігі жұмысты ешқандай болашақ жоспарсыз, басқа жұмысқа ауыспай қалдыруды білдіреді. Бұл уақытты жастар өзінің денсаулығына, жақындарына көңіл бөліп, ұзақ демалыс жариялап, саяхаттауға, психикалық жағдайын қалпына келтіруге арнайды.

Мысалы, Twitter-дің қытайлық нұсқасы Weibo-да 28 жастағы жігіт жазған вирустық жазбаны алайық. 5 шілдедегі жазбаны бүркеншік атпен жазған ер адам қызметте жоғарылағаннан кейін бірден «жоспарсыз» жұмыстан кеткенін айтады, өйткені ол «біраз уақытқа тоқтағысы келген».

«Жас кезінде батылы жетпеген қадамға енді біраз жылдан кейін бару мүмкін емес». Фото AFP сайтынан алынды 

«Соңғы екі жылда менің жалақым әр алты ай сайын өсті, бірақ мен әрқашан өмірімдегі ең маңызды нәрсе жұмыс емес екеніне сендім», – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ пост авторы жұмыстан кеткеннен кейін не істеуге ниеттенгенінің тізімін жасады: ағылшын тілін үйрену, денсаулығын жақсарту, тамақ әзірлеуді үйрену және «ешқашан уақыт таппаған барлық әдемі пейзаждарды көру үшін саяхатқа бару».

«Осы «жалаңаш отставкаға» шыққаннан кейін менің өмірім жақсара ма, білмеймін. Бірақ мен бұрынғы жұмысымда қалсам, 28 жасымда жасауға батылым жетпеген қадамға енді біраз жылдан кейін бара алмас едім. Өмір қысқа. Қазіргідей жақсы уақыт кейін болмайды», – деп жазады жас жігіт.

Жастар үшін ұзақ демалыс жаңа қызметке кіріспес бұрын жеке өсу мен іздену мүмкіндігі болуы мүмкін. Фото ekd.me сайтынан алынды. Авторлығы: Sixth Tone

Қытайлық жастар арасында танымал әлеуметтік желілерде «жалаңаш отставкаға» шыққаннан кейінгі өмірлері туралы әңгімелер көп жарияланады. Жазбаларда «жалаңаш отставканың» жақсы және жаман жақтары егжей-тегжейлі сипатталады.  Жастар демалыстарын отбасымен бірге, табиғат аясында саяхаттап, ашық ауада көбірек өткізу үшін пайдаланатындарын айтады.

Жастар үшін ұзақ демалыс жаңа қызметке кіріспес бұрын жеке өсу мен іздену мүмкіндігі болуы мүмкін. «Олар ұзақмерзімді қызметке араласпас бұрын саяхаттап, жаңа күш жинап, жаңа дағдыларды үйренгісі келеді немесе еріктілердің (волонтер) қатарына қосылады. Бос жыл жастарға өз өмірін қайта қарауға өте қажет үзіліс және жастарға еңбек нарығына сергек және ынталы түрде кіруге көмектеседі», – дейді Қытайда орналасқан 11K Consulting кеңес беру компаниясының негізін қалаушы Салли Майер-Йип.

Көптеген жастар өз кәсібін қайта қарауға және өмірдің жаңа мағынасын іздеуге арнауда. «Жалаңаш» демалыс алғандардың көпшілігі технология секторынан. Фото РИА Новости сайтынан алынды. Авторы: Илья Питалев

Мамандардың айтуынша, Қытайдағы еңбек нарығы жас түлектер мен бастапқы деңгейдегі мамандар үшін аса қолайлы емес. Қытайдың Ұлттық статистикалық бюросының мәліметі бойынша, 16 мен 24 жас аралығындағы адамдар арасындағы жұмыссыздық деңгейі желтоқсан айында 14,9% құрады, 25 пен 29 жас аралығындағы адамдар үшін 6,1% және 30 бен 59 жас аралығындағы адамдар үшін 4%.

Жақында болған экономикалық құлдырау мен пандемия көптеген жастарды өз кәсібін қайта қарауға және өмірінде жаңа мағына іздеуге мәжбүр етуде. Бір айта кететін мәселе, «жалаңаш» демалыс алғандардың көпшілігі технология секторынан. Олардың бірнеше айлық жалақысы жұмыстан шығып, бір жыл бойы еш уайымсыз демалу үшін қор жинауға еркін жетеді деп ойлаймыз. 

Alibaba-ның бас директоры Джек Ма бір кездері ауыр жұмыс кестесін мақтап, оны жас мамандар үшін «үлкен сый» деп атаған. Baidu технологиялық алпауытының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Цю Цзин осы жылдың басында өзінің жұмысқа деген экстремалды көзқарасымен келіспейтін қызметкерлерді айыптаған видеоларын желіде жарияланғаннан кейін қызметінен босатылған.

BI Гонконг политехникалық университетінің әлеуметтану кафедрасының ассистенті Дженни Чан: «Ірі технологиялық компанияларда пайдалы жұмыс табу – элиталық университеттердің жас талапкерлерінің арманы. Бірақ Қытайдың күрделі технологиялық индустриясында жетістікке жету үшін жұмыс пен жеке өмір арасындағы шекараларды жою уақыт пен күш-жігерді талап етеді», – дейді. 

Аға буын «жалаңаш отставканы» кәсіптік өсуге кедергі ретінде қарастырады. Ал Z буыны бұндай демалысты өзін-өзі тану мен өзін-өзі күтуге басымдық беруге арнайды. Фото ekd.me сайтынан алынды. Авторлығы: Google

Экономикалық құлдырау мен қатал еңбек мәдениеті адамдарды ірі корпорацияларда «шайнап» жіберетіндей көрінуі мүмкін. Жас ұрпақ қызметке келгенде үлкен қорқынышта болады. Бірақ аға буын бүгінгі жастардың жұмыстан үзіліс жасауын қолдамайды, ондай қадамға баруға қорқады.

Аға ұрпақ өкілдері «жалаңаш отставканы» кәсіптік өсуге кедергі ретінде қарастырады, ал Z буыны бұндай демалысты өзін-өзі тану мен өзін-өзі күтуге басымдық беруге арнағысы келеді.

Қытай қоғамында өмірлік жоспар құрмай, қызметіне жеңіл қарайтын жастар өмірде адасып, қателеседі деген пікір де жиі айтылды. Аға буын өкілдері «жастар дәстүрлі күйбең тірліктен алыстап, өмірден ләззат алуды ғана мақсат ететін» қарапайым көзқарас ұстанады деп санайды.

«Қазіргі жастар сән-салтанатқа үйренген, мінез-құлқы нашар, билікті менсінбейді, үлкенді сыйламайды, үлкендермен сөз таластырады». Рафаэльдің «Афина мектебі» картинасы. Фото commons.wikimedia.org сайтынан алынды

Ежелгі дәуірдегі ғұламалардың жазбаларынан

1 жазба. «Қазіргі жастар сән-салтанатқа үйренген, мінез-құлқы нашар, билікті менсінбейді, үлкенді сыйламайды, жас балалар үлкендермен сөз таластырады, тамақты ашкөздікпен жұтады, ұстаздарды қинайды».

 

2-жазба. «Бүгінгі жастар ертең билік тізгінін ұстаса, еліміздің болашағынан үмітім үзілді. Өйткені бұл жастар адам төзгісіз, ұстамсыз, олардың болашағы қорқынышты».

Бұл сөздерді бүгін де жиі естиміз. Келісесіз ғой!

Бірінші жазбаның авторы 2500 жыл бұрын өмір сүрген ежелгі грек философы Сократ болса, екінші автор 2700 жыл бұрын өмір сүрген ежелгі грек сөз зергері Гесиод екен. Ия, біздің аталарымыз айтқандай, «адам өзгермейді, оны Жаратушы осылай жаратқан» деген сөздері рас шығар.

Мына әзіл видеодан бүгінгі жастарды анық таба аласыз:

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.