Қоғамдық қабылдау жұмысы барысында азаматтарға құқықтық кеңестер беріліп, сондай-ақ әлеуметтік мәселелердің заңнамалық нормалары түсіндірілді.
Кездесу барысында ауылдағы қордаланып қалған бірқатар проблема көтеріліп, түйінді сұрақтар талқыланды. Тұрғындардың бірі жол мәселесін қозғаса, өзгелері өңірдегі медициналық көмекті жетілдіру керектігін алға тартты.
Ауыл ақсақалы Пітәт Ахметжанов өңірдегі ауылдардың әкімшілік бөлінісін қайта қарауды сұрады.
«Өңірде жаңа облыс пайда болған кезде ауылдар да екі жаққа бөлінді. Таскескен, Қарақол ауылдары Аягөз ауданынан бөлініп кетті. Алайда Қарақол су қоймасы біз үшін өте керек. Өйткені ауылда көкөніс егіп, күн көріп отырған шаруа көп. Бірақ өкінішке қарай, Қарақол мен Таскескен Үржар ауданына қосылып кетті. Соларды Аягөз ауданына қайта қосып берсеңіздер деген өтінішіміз бар», – деді қария.
Өз кезегінде Нұртай Сабильянов бұл мәселенің ең алдымен жергілікті жерде талқылануы тиіс екенін атап өтті. Тұрғындардың ұсынысы облыс деңгейінде қолдау тауып жатса, мәселе Үкімет қабырғасына да жететін болады.
«Жалпы, бұған дейін де қай елді мекенді қай ауданға қосу мәселесі жан-жақты жүйелі түрде қарастырылған. Жалпы, бұл мәселені жергілікті билік пен мәслихат бірлесіп шешуі тиіс. Яғни, бұл жерде жергілікті атқарушы орган тиісті шешімін қабылдағаннан кейін оны облысқа жібереді. Егер облыс қолдаса, онда бұл мәселе Үкіметке жолданады. Тек содан кейін ғана ұсыныс енгізілетін болады. Ал енді Қарақол су қоймасына келер болсақ, бұл мәселе Мәжілісте көтерілген. Ең алдымен жобалық-сметалық құжаттар жасалды. Одан кейін барып қана оған күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл су қоймасына кезінде қаражат бөлінген, бірақ дұрыс игерілмеген. Ендігі ретте бұл мәселе біздің назарымызда болады», - деді депутат.
Кездесуге Мәжіліс депутатынан бөлек, жергілікті билік өкілдері де қатысты. Тұрғындардың шағымын ауыл әкімі де өз бақылауына алып, тиісті жұмыстарды атқаруға уәде берді.