Мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын еңбектердің қалай іріктелетінін Мәдениет және ақпарат министрлігі айтып берді. Бұл туралы Аikyn.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
«Еңбектерін мемлекеттік тапсырыспен басып шығару және тарату бағытында келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтінімі 2021 жылы депутаттардың ұсынысымен енгізілген Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының интернет-ресурсында алдын ала іріктеу бойынша онлайн-платформаға оқырмандар дауыс беру үшін жүктеледі. Бұл жүйенің тиімділігі – Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тапсырыс бойынша басылып шығатын шығармаларды іріктеуге қатысуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде қоғамның отандық әдебиетке деген сұранысын, шығармалар жанрын, оқырмандардың жас санаттарын талдауға, сондай-ақ шығарма авторларының танымал болуына мүмкіндік береді», – деп жазылған ведомство мәліметінде.
Дегенмен оқырман қауымның берген дауысы іріктеуде шешуші рөл атқармайды. Мемлекеттік тапсырыспен басылатын еңбектерді үш кезеңде үш түрлі комиссия анықтайды.
«Бұдан кейін оқырмандар дауысын ескере отырып, Кітап палатасы жанынан құрылған тәуелсіз комиссия (іріктеудің бірінші кезеңі) қарауына ұсынылады. Тәуелсіз комиссия авторлық туындыны басып шығаруға өтінімдерді алдын ала іріктеуді қорытындылайды. Тәуелсіз комиссияның қарауынан өткен еңбектер шығарманың көркемдік құндылығын, өзектілігін, орындылығын, сондай-ақ оларды зерттеп қорытынды беру үшін сараптамалық комиссияға (іріктеудің екінші кезеңі) беріледі. Сараптама комиссиясының оң қорытындысын алған шығармалар ведомствоаралық комиссияның (іріктеудің үшінші кезеңі) қарауына енгізіледі. Ведомствоаралық комиссияның шешімі қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығаруға негіз болып табылады. Осы ретте іріктеудің үш кезеңінен оң қорытынды алған өтінімдер мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын әдебиеттер тізіміне енгізіліп, жыл соңына дейін әрқайсысы 3 мың дана таралымда басылып шығып, кітапханаларға таратылады. Кітапханалар қоры негізінен мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген әдебиеттермен толықтырылып отырады», – деп түсіндірді министрліктегілер.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.