Қытаймен шекараның жабылғанын сылтауратып, азық-түліктің бағасын көтерген кәсіпкерлер бақылауға алынады.
Осыған орай құзырлы орындар бақылауды күшейтпек. Өзара сөз байласып, нарықтағы бағаны құбылтуға тырысатындарға қарсы әрекет ететін арнайы топ құру да жоспарда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Ал халық тұтынатын негізгі азық-түлік былтыр 10%-ке қымбаттаса, биыл қаңтар айында 0,3%-ке шарықтаған.
Қытаймен арадағы шекара жабылғанымен, сауда-саттық тоқтаған жоқ. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, вирус тауар арқылы емес, адамнан адамға жұғады. «Яғни, кәсіпкерлердің азық-түлік бағасын өсіруі бизнестің жосықсыз әрекеті», - деді. Енді бақылау күшеймек. Дүкен сөресіндегі тауар бағасының өскенін байқағандар бірден сенім телефонына хабарласа алады. Сөйтіп, министр азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін тұтынушылардың көмегіне сүйенбек.
«Баға мониторингі және электрондық сауданы дамытуға халықты тарту қажет. 2019 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласында бағаға мониторинг жасайтын PRICE SCANNER мобильді қосымшасы іске қосылды. Бағалар туралы барлық деректер азаматтардан алынған ақпаратқа негізделген», -деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.