Instagram қолданушысы Мереке Жақсыбаева жеке парақшасына Астанадағы дүкендердің бірінде түсірілген видеоны жариялады.
Баласын қағып кеткен: Астанадағы дүкендердің бірінде ер мен әйел төбелесіп қалды
Видеодан алынған кадр
671
оқылды

Астана полицейлері елордалық дүкендердің бірінде ер мен әйелдің төбелесінен кейін қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кадрдан сатып алушы жігіт пен әйелдің арасында жанжал туындағаны көрінеді. Әйелдің айтуынша, оқиға 7 шілдеде болған.

"Мен дүкенге барып, баланы қағып кеттім. Нақтырақ айтқанда, баланың өзі шалынып қалды. Оның әкесі содан дау шығара бастады. Мен кешірім сұрадым, себебі балаға зиянымды тигізетін мақсатым болмады. Содан кейін арамызда кикілжің туды. Ол мені балағаттап, бейәдеп сөздер айтты. Баласын ұстап тұрып, мені бірнеше рет итерді. Қолында бала болған соң оған ештеңе істей алмадым. Кейін ол сыртқа шығып кетті. Алайда баласыз қайта оралды, оны видеодан айқын көре аласыздар. Мен оның үстінен арыз жазамын, жауапсыз қалдырмаймын. Денемде жарақаттар бар", - деді Мереке Жақсыбаева.

Оның жариялаған видеосы Instagram желісіндегі танымал парақшаларға дейін жетіп, талқыға түсті.

"Балағат сөздер айтқаны үшін сот шешімімен ер адам 5 тәулікке қамауға алынды. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.