Мектеп түлегі төмен балл жинағандарға пайдам тиді деп ойлайды.
ҰБТ-дан 1 балл алған оқушы шетелде білім алатынын айтты
Фото: видеодан кадр
11,804
оқылды

ҰБТ-дан 1 балл алып, антирекорд жасаған Ерасыл Уәлиев бір-ақ күнде желі жұлдызына айналды. Кaz.nur.kz тілшісіне сұқбат берген мектеп түлегі неліктен әдейі 1 балл алғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ұлттық біріңғай тестілеуден 1 балл алғанын жариялап, бір сәтте желінің жұлдызына айналып шыға келген Ерасыл Уәлиев Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылындағы № 12 орта мектеп түлегі. Оның айтуынша, ол 9-сыныпқа дейін барлық сабақты 5-ке оқыған. Мектепті "4" пен "5-ке" бітірді. Талапкер неліктен ҰБТ-дан 1 балл алғанын айтты. 

"Мен осыған дейін қаңтар, наурыз айларында өткен ҰБТ-ға дайындық үшін өткізетін байқау сынағын тапсырған жоқпын. Дайындықсыз бірінші ҰБТ-ға қатысып, 93 балл жинадым. Түсетін мамандығым бойынша грантқа балл жетіп тұр. "Мейрамхана бизнесі" мамандығын грантпен оқи аламын. Екінші тестке қатыспауыма болар еді. Қатысып, 1 балл ала салдым. Солай алғым келді. Жасырын емес, ҰБТ тапсырып, өмірден түңіліп кететіндер бар. Төмен балл жинаса өміріме балта шабылды деп қайғырып отырады. Мен ҰБТ көрсеткіші - өмірдің соңы емес екенін көрсеткім келді. Менің негізгі айтпағым осы. ҰБТ-дан кейін өмір тоқтап қалмайды. TikТok желісіне салғанымда қаншама адам таңғалып жазды. "Қалай салып отырсың", "50 балл алып, қайғырып отырғанымызда күйзелістен шығардың" деп жазып жатыр", - дейді Ерасыл Уәлиев. 

Мектеп түлегі төмен балл жинағандарға пайдам тиді деп ойлайды. 

"Мақсатты түрде төмен балл алдым. Осы арқылы көптің назарын өзіме аударып, ойымды жеткізгім келді. Ата-анам оны қалыпты қабылдады. Әрине, біз ұстаздарыма зияны тиіп кете ме деп те алаңдадық. Мектептің рейтингі түсіп кете ме деген ой болды. Бірақ бірінші тест бойынша 93 балл жинадым. Сондықтан қиындық жоқ. Мен шетелге оқуға түсе алмаған жағдайдың өзінде осы жақтан грант бар. Әрі қарай да желіні белсенді пайдаланып, ойымды бөлісіп отырамын. Пайдалы контент түсіргім келеді", - дейді Ерасыл Уалиев. 

Ол қазір желідегі парақшасын белсенді қолданып, төмен балл жинап депрессияға түспеу керегі туралы түрлі мысал айтып отырады. Дональд Трамптың мектептегі бағасы жақсы болмағанын, Билл Гейтс, Стив Джобстардың университетті жақсы оқымаса да, өмірде жетістігі мол екені туралы айтады. 

Ерасыл Уәлиев шетелдік оқу орнының грантын ұтқанын да айтты. 

"Мен шетелге оқуға барамын. Маған ағылшын тілі ұнайды. Словакиядағы университетте оқимын. Грантым бар. Маркетинг жағына барамын", - деді ол. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.