Үнемі динамикалық қозғалыста болып, дамуды, ілгерілеуді ғана мұрат тұтқан жарықтық қариядай дана, мәңгі көктемдей жасыл, теңіздей шалқар әдебиетіміздің, үнемі толқын­ыста, дамуда болатын кең шалқар, әдебиет айдыны әлемінің көш керуенінде өзіндік орнын ойып алған Бауыржан Жақыптың есімін қазір исі қазақ жақсы ақын ретінде жақсы біледі әрі құрметпен атайды десем, артық айтқандық болмас.
Бауыржан ақынның өлеңдеріне саяхат
1,884
оқылды

Өйткені поэзия әлеміне алғаш, бұдан тура қырық жыл бұрын республикалық жас ақындардың творчестволық «Жігер» фестивалінде «Ұршық» деген өлеңі жүлделі бірінші орын алды. Сол өлеңмен танылған бұл есім, содан бері өлеңнің отын қалап, қып-қызыл шоғына маңдайын қыздырып, талмай көсеп, шынайы шығарма­шы­лықтың қазанында қайнап, Жайықтың бұйра толқынындай ғажайып жырларымен, ойлы өлеңдерімен жырсүйер қауымды сүйсіндіріп келе жатқаны баршаға аян. Осы фестивальге біз де, арамызда Оңтүстік өңірден ақын Әкім Ысқақ, қарағандылық ақын Қуаныш Мақсұтов қатысып, қолымызға табақтай диплом алып қайтқанбыз. Қасиетті қара шаңырақ, киелі орда – Қазақстан Жазушылар одағында ол кездері мүйізі қарағайдай, аттары әлемді шарлап кеткен жазушылардың жұлдызды бек шоғыры әдебиет майданының көрігін қыздырып жүретін. Олжас Сүлейменов басшылық ететін, ірі суреткер, көрнекті ақын-жазушылар Әбділдә Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Марал Ысқақбаев, Мұхтар Шаханов, Сәбит Досанов, Марфуға Айтхожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов, Қалдарбек Найманбаев, Қалтай Мұхамед­жанов, Шәрбану Құмарова, Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова, Рафаэль Ниязбеков, Аян Нысаналин сынды таудай тұлғаларды – аға-апаларымызды көріп, таң-тамаша болатынбыз. Ол кісілердің сол мүшәйраға келіп, залдың көркін ашып, самаладай болып отыр­ғаны, жастарды тыңдап, өлеңдеріне аса мән беріп, жақсысына қол соғып, кәдімгідей қуанып отырғандарына куә болғанбыз. Әрі қазіргі уақыт деңгейімен, қазіргі таңдағы жағдайымызбен қарап, тәнті болатын­ымды жасыра алмаймын. Бауыржанның мықтылығын мен, әдебиеттің қаймағын меймілдетіп толтырып тұр­ған осындай, әрқайсысының алтын тағы бар алқалы топ алдында оқығанда танып, түйген екем. Өзін одан бұрын да ҚазМУ-дың Журналистика факультеті Мұхамеджан Сералин атындағы бірлестігінің белсенді мүшесі ретінде танытып, сол бірлестікте аққұба өңді, қап-қара шашы маңдайының жартысына ғана жараса төгіліп тұратын, тебіндеген бала мұртты, бағлан тұлғалы балаң жігіт қоңыр дауысымен өлең оқушы еді. Сөзі де, өлеңі де дәмді болатын. Біз бірге оқыдық, Бауыржан бізден бір курс төмен оқыған болатын. ҚазМУ-дың атақты 5-жатақханасындағы студенттік, қайталанбайтын алаулы жастық кездеріміз, ол бөлек әңгіменің арқауы дер ем... 

Тамылжып мың сан бояу жер көгінен,

Көзді арбар әр алуан өрнегімен.

Көк жота, қызыл адыр, күрең белі,

Тойған қозы секілді дөңдерімен.

Ыстық ол көдесімен, көкпегімен,

Жусанды, бетегелі бөктерімен.

Кетердей түрегеліп түйе таулар

Дәл қазір көз алдымда шөккенімен. 

Бұл – Бауыржанның жүрекжарды өлең шумақтары. Байтақ даласының тауы мен бауы, өрекпіген өзені мен жыңғылды өзегі, бүлдіргенді сайы мен қыз­ғалдақты қыры, шөптері мен шөңгесі, гүлі мен мүгіне дейін термелеп, олардың әрқайсының атын атап, қайыс қамшының қос өріміндей өлең жолдарына шеберлікпен жымдастыра өреді. Жоғары пафос­та жырлайды. Өзінің ел мен жерге деген оттай ыстық сезіміне орай, сені де сол сезімнің құшағына ала­ды. Алдымен ұшқынына еліткізіп, соңына ертіп, алау-далау сезімдермен жүрегіңді толқытып, артынан тамағыңа тас тығылып, сары селеулі сары далаңа деген сағынышың оянып, туған жерге деген сүйіспеншілігің артып, қаның қызып, соңына таман ата-баба­ларыңның сол талыстай болып шалқалап жатқан ұлан-байтақ жерді қалай қорғағаны, оны қорғап қалу үшін жауларымен қанқұйлы соғысы, жалт-жұлт еткен алмас қылышы, сол қылышты салып жібергендегі аспанға шапшып атқан қып-қызыл қан елестейді... Бабалардың мына сары даласын неге сонша сүйгенін, не үшін жанын жалау ғып тіккенін мидағы бір түйсік­термен терең бойлай түйсінгендей боласың... Бір кезде әлгі тамағыңа тығылған тас көзіңнен ып-ыстық жас болып омырауыңа төгіліп жатқанын сезесің... Ау, бұл не деген құдірет, не күш... Өлеңнің аяғына жет­кенше, не болды бұл... Бұл, сірә, ақындық қуат бол­са керек! Бұл тұрғыда орыс ақыны, күміс ғасырдың аспанын жарқыратқан ақын Марина Цветаева жөнінде жазған А.Михалков былай депті: «Вдохновение – та внутренняя сила, которая и нас читателей, заражает волнением художника, заставляет сопереживать ему, воспринимать стихи с безоглядным доверием. Это пик творческого самобытия и самоотдачи поэта». 

Елге, жерге деген ыстық махаббаты өлеңнің, ақынның қуатымен заряд­талып сізді қозғады, жүрек-жұлыныңыз бен тұлабойыңызды жаулап алды, тырп еткізбей... жыланды жыр­ матап тастағандай... Бұл – Бауыржанның өзі өлеңмен жырлаған «Мен жаққан оты»! Ол «жаққан от – сөнбейтін сөз алауы, жанған сайын жан дүниең тазарады, ол көрмеген жерлерде лаулап жанып, ол бармаған жерлерді кезе алады». Ол «жаққан от Абайдан ұшқын алып, Әуезов боп әуелі құшты жалған, Мағжан болып санаға сәуле шашып, одан сайын маздаған, күшті жанған. Содан кейін Қасым болып өртке айналған...». 

Міне, қазір сіз бен біз осындай қазақ ұлты үшін туып, сол үшін ажал құшқан арыстармен бетпе-бет келіп, ұлы әруақтар отынан ұшқын алып, алаулап жанып, аруақтар өртімен, оның запыран дертімен шарпылып, біте қайнасып кетіп, өртке айналған оттың жалынына шарпылдық! Шарпылып қана қойған жоқпыз, отқа шыжғырылып күйдік, өзекке шоқ түсіп кетті, орны күлкілдеп қалды... Неге? Қазіргі оп-оңай, ойланбай-ақ, асығыс-үсігіс, айтылу үшін айтыла салатын, жақсының да, жасықтың да аузында жүрген, «патриоттық» сезіміңіз оянды, бұл жердегі патриоттық сезім басқаша, салмағы қорғасындай, өзінің нағыз мағынасындағы, шынайы патриоттық сезім. Сол сезім оянды деген сол шығар, сіз өз Еліңіз бен Жеріңізді, Ұлтыңызды өлердей жақсы көріп, одан сайын сүйіп кетесіз... 

«Білте шамның жарығы» кітабы – тұтас органика­лық бірегей шығармашылық дүние екенін айтпасқа болмас. Ол басынан аяғына дейін қазақ деген ұлттың, ол мекендейтін жердің киесі мен қасиетін, өз бояу өр­негімен жырлай отыра, елге деген әрбір адамның көкейінде жүрген сүйіспеншілік сезім – жібектей үл­біреген, бірақ ширатылған үзілмейтін тіні, лейтмоти­ві. Ол ешбір өлеңде, балладалар мен поэмаларда үзіліп қалмай, уілдеген қобыздай үні үздігіп уілдеген қалпында ілесіп отырады. Ол осы бір сезімді өзінің жібектей лирикасымен жаныңа сіңіре отырып, отансүйг­­­іш­­тік асқақ сезімдерге ұластырады. 

 Шеберліктің айқындалар, ақындықтың ұтар жері, не нәрсені де тұспалдап, салыстырулар, теңеулер, эпитеттер арқылы жеткізу болатын болса, осы тұстағы үлгісі үлкен, шеберлігі шыңдалған. 

Әрбір өлеңі – негізінен толғаудың жүгін көтеріп тұрған шоқтықты шығармалар. Баукең бүкіл қазақ жерінің байлығын айтып, тамылжыған табиғатын көркем де құнарлы тілмен, зор шеберлікпен жырлап, сөзбен ғажайып полотнолы пейзаж жасап, алдыңызға жая салған. «Балыққа – саяздан терең оңай, ақынға – қара сөзден өлең оңай» деген халық мақалы, Бауыр­жан ақынға қаратылып айтылғандай. Өзінен-өзі құйылып жатқан өлең – өзен, таңқалмасқа шараң қал­майды. Мысалы:

Түлкі үріп, қасқыр ұлып, қоян қашқан,

Қорбаңдап қоңыр аю аяң басқан.

Барысы, сілеусіні қар жамылып,

Жем іздеп, тауды кезген аянбастан.

Қырында ақ самалы аңқылдаған,

Сайында саршұнағы шаңқылдаған.

Жайылып ін қасында борсықтары,

Терісі күзенінің жалтылдаған. 

Балығы сан алуан тереңде өскен,

Құстары ұшып-қонған бөгелместен.

Қамысты қабан-шошқа судырлатса,

Тоғайда еліктері елеңдескен.

Жалпы, Бауыржанның өлеңдерін жіліктеп, талдау қашанда міндет, әр өлеңін шұқшия зерделеу керек, өйткені ол тудырған туындылар осыны қажетсінеді. Қазір, мынау өтпелі деп атап жүрген аласапыран, өз­герістерге толы, Жер жарықтық өз өсін бұрынғыға қар­ағанда әлдеқайда жылдамырақ айналып жатқан зымыран заманда қатарластарының қолы да тимей жатқан шығар. Менің дәлелдегім келгені – ақынның патриоттық жырлары. Жоғарыда аталған 5-6 ғана шумақтан тұратын өлеңнің өзі ақтаңдақтарға толы, алмағайып заманның, бүкіл қазақ тарихын қопарып жібергендей, заман шаңы қауып бара жатқан артта қалған сұмдық соқыр болған, шарасыздан іштен қан жұтқан замандарға жетелеп кетеді. Бұл авторды оқи отырып, сол арыстардың тағдырын қазып, ежіктеп зерттеп, зерделеп, сол рухпен суарылып, қаны мен жаны сол рухтармен астасып кеткендей әсерде қаласың. Сол арыстар мен тұлпарлардың «Магиканның соңғы тұяғындай» асыл тұяғы, сол Алты Алаш ардақ­тыларының отының ұшқыны, ізбасары, ұлы істерінің жалғастырушысы, аманат арқалаған асыл ұрпағының моделі сияқты, Баукең. Осы байламға келуге осы қуат мәжбүрлейді, амалсыз мойындайсыз. Оның самал тер­беген ақ селеуі желбіреген даласына деген зор құр­меті мен асқан сүйіспеншілігі, сол ақ көкірек, ақ а­дал болмысы жағасы жайлау, ақ даласынан аумайтын кең пейілі, бірде тереңі шымырлап жатқан теңіздей, бірде даласының ақ самалындай жаныңды рақатқа бөлейтін ақжарма, аста-төк, кейде майдан қыл суырғандай соншалық сұңғыла, нәзік те зерек жырлары осыған дәлел.

Ақынның өлеңдерін шұқшия оқып, талдау керекті­гінің себебі, оның кез келген өлең жолдарында бірнеше ойлардың қатпарлары көрінбей, астарланып жатады... 

– Кетердей түрегеліп түйе таулар

Дәл қазір көз алдымда шөккенімен,  

– дейді ақын. Алдымен таулардың түйеге теңелгені қандай керемет сурет?! Жансыз тауды жанды түйеге айналдырып жіберді. Әдеби тілде оны «метафора» дейді. Шөгіп жатқан тау түйелер ақынның көзімен, туған жерін көргендегі қуаныш сезімінен тұрып кетпек немесе Бауыржан секілді елі мен жерінің жоғын түгендеп, соның тарихын қопарып, тілі мен ділінің, әдебиетінің, тарихының жоқшысы болып жүрген бүгінгі Ахмет, Мағжандардың «сынығы», үлкен ақынның лебін сезіп тұрып кеткісі келді ме екен, сәлем беруге... Мұны айыру оқырманның патша көңілінің, жүйрік ойының еншісінде. Менің жеке қабылдауымда осының бәрі бар. Сондықтан да бұл жолдар осы өлеңнің шоқтығын биіктетіп көтеріп жібергені. 

Ақын туған жерінің табиғи ландшафын панорамадай көз алдыңа тірі күйінде жай­ып салады, бояуы қанық суреттен ләз­заттанасың, осы тіршілік сізге сөйлеп береді, қозғалысқа түседі, сөз зергері әр­қайсысынан ой түйгізеді. «Тірі бәрі» деген өлеңін алайық: 

Сурет көріп туған жер келбетінен, 

Табиғат бесігінде тербетілем. 

Жел жүгіріп барады су бетімен, 

Су жүгіріп барады жер бетімен. 

Қайың, емен, тал, терек тың тыңдайды,

Лағыл сәуле бұлақта жылтылдайды. 

Бір сәт аспан алқасы – Алтын Күнді, 

Кең дүниенің көзінше бұлт ұрлайды. 

Жолаушылар – Табиғат, Адам, Уақыт, 

Келеді жер ғаламды аралатып. 

Білдіргісі келгендей тірі екенін,

Тау да тасын қояды домалатып.

Ақ шуаққа қыраттар жылынады,

Жапырақтың жан сырын гүл ұғады.

Ау, осы жел тұрушы еді, ал ақынның «Жел су бе­ті­мен жүгіріп барады», су дегеніңіз арқырап ағушы еді, мұнда су жер бетімен жүгіріп барады! Неге? Өйт­кені ақынның сұңғыла көзі оны осы қырынан көрді, осылай кестеледі, «Білдіргісі келгендей тірі екенін, Тау да тасын қояды домалатып». Ғажайып тірі сурет, осы құбылысты тау аралаған әр адам кездестіріп, тауға қарап жалт қарайтыны рас, бірақ таудың тірілігі ешкімнің де ойына келе қоймас, суреттің барлығы кә­сіби поэзияның үлбіреген нәзік үлгісі, ал бұл деген­іңіз – биік шеберліктің биік деңгейі... 

Өлең одан да қызықты болу үшін соңғы «Қозғалыс бар үздіксіз тіршілікте, сондықтан да тіршіліктің бәрі – ояу, тірі бәрі» түйінді деген қос жолын алып тастап, «Жапырақтың жан сырын гүл ұғадыдан» үзіп жіберсе, өлеңнің құны одан сайын арта түсер еді. Оқырманға шайнап бере бермей, әрі қарай өзі түйсінсін де, поэзияның бір мұраты – ой қозғау, ой салу емес пе еді?! Бұл – менің жеке пікірім. Осының барлығы ақын өлеңдерінің көркемдік қуаты, эпитет, салыстырулар секілді, өлеңге аса қажет компоненттер молынан қолданылады. Өлең – сондығымен өлең. Мәселен, 

Көк жота, қызыл адыр, күрең белі, 

Тойған қозы секілді дөңдерімен, 

– дейді ақын. Сол дөңдерді бар адам көреді, бірақ соның тойған қозы секілді моп-момақан болып жатқанын ешкім байқай бермейді, ақындық аңға-

р­ымпаздық, дүниені басқа көзбен көруі, сезімталдығы, сұңғылалығы, ой жүйріктігі, сөз жоқ, осы жерден айырылады. Әдетте, ақындарды «қияли» деп жатамыз ғой. Тегінде, осы сөз де бекер айтылмаса керек, ақынның қиялының ұшқырлығын айтып тұр ғой, студент кездегі досыңыз сізге... Керемет емес пе, сон­дықтан да ол – ақын, бұл өлеңдер сондықтан да поэ­зия. 

Менің қолыма түсіп, ләззаттана оқып отырған кітабым – «Білте шамның жарығы» кітабы. Кітапты оқи отырып, алдымен тау Тұманбай ағамды оқып отырғандағы әсерде болдым. Неге дейсіз ғой? Мен бұл ақын ағамның кітаптарын ауық-ауық қолыма алып оқып отырамын, қатты қоғамнан сәл қатая бастаған жан-жүрегіңді жұмсартып, күннің шуақты сәулесіне шомылдырып, мейірімнің зәм-зәм суынан қана ішіп, тіршіліктің қара шаңын тұла бойыңнан бір сілкіп тастап, тазарып, көзің шайдай ашылып, бұлақ көзіндей мөлдіреп қалғандай күй кешетінің, жаның да жұмсарып махаббатқа меймілдеп, дүние кеңіп қалатыны бар. Бауыржанды оқығанда да осы күйде болдым, кең даланың самалымен жансарайың ашылып, жазиралы белге шыққандай, жусан исі бұрқыраған салқын самалға елтитін рақат сезімге бөленесің, тұнып тұрған позитив. Бұл жерде Бауыржанның поэзиясын Тұманбай ағаның поэзиясынан аумай қалған деген емес, бұл жерде ақын жанының таңғы шықтай тазалығы мен кең даласына ұқсаған мол пішілген болмысы мен кең пейілі, мейірлілігі. Өлең өзен сықылды өз-өзінен құйылып жататындай әсерде қалдыратыны: Ол сезім ұясы – жүректің толқынысынан туып жатқан тербелістер, ол бірде күміс тамшысын көкке серпіген ақ толқындай толқиды, бірде жібектей сусиды, бірде баланың еңбегіндей үлпілдейтін қайран ақын жүрек...

Бауыржанның өлеңдерінің ерекшелігі сонда, палитрасы көпқырлы, ұлттық бояуы қанық, әр сөз өз міндетін толық және тиімді атқару үшін өз ұясына барып қонады.

Жолаушымыз, беу қарғам, сен де, мен де,

Жолаушылап, алып Жер дөңгелеуде.

*

Жерде аққан су сапарда, қашан көрсең,

Аспанда Ай барады жолаушылап,

*

Күн де кетіп барады күймесімен,

Тіршілік-ай не деген үйлесім ең. 

Бұл – «Жол үстіндегі ой» деген өлеңі. Сегіз шумақтан тұратын өлеңнің бар салмағын осы үш егіз жол құрап тұр! Мұндағы ой тіршіліктің ғана үйлесімі емес, өлеңнің ішіне абайлап, асықпай енсеңіз, жолау­шының ойы тереңдеп кетеді, ол ой, бүкіл – он сегіз мың ғаламның өз тәртібімен қаланған күрделі құрылысы мен оның тек қозғалыста болатын мақсат-мұратын ай­қындау биігіне көтеріп жібереді. Сіз аққан суды көресіз де әрі қарай ғарышқа, ондағы тәртіппен орна­ласқан сан мың жұлдыздарға, Ай мен Күнге, оның мәң­гілік қозғалысына куә боласыз, одан жасыл Шар үс­тіндегі ғалам үшін тозаңдай ғана Адамға, оның қоз­ғалыс-тіршілігіне мән бере бастайсыз. Адамның да тіршілігінің мәні қозғалыста екенін ұғасыз. Қозғалыс тоқтаса, бүкіл ғалам тоқтайды. Жолаушылап бара жатқаныңызға шүкіршілік етесіз. Ғалам мұраты – қоз­ғалыс, адам мұраты – тіршілік. Бір-ақ өлең бүкіл ға­ламның қырық құлыпқа салынған құпиясын ашты. Бұл не? Бұл – нағыз поэзияның озық үлгісі. 

Әр ақын – индивид, тағдыр жолы әртүрлі. Бұл туралы А.Чехов: «Ақындардың бәрі бірдей болуы міндетті емес, олар әртүрлі болуы керек» депті. Көктем шыққандағы қырдағы гүлдер қандай түрлі болса, менің ойымша да ақындар әртүрлі болуы керек. Мәселен, бұл туралы «Қоршаған ортаның драмасын сөз жоқ, өзінің бойында драмасы бар адам ғана көре алмақ» деп Темірхан ақын айтқандай, Мұқағали, Жұмекен, Фариза ақын өмірдің, қоғамның күңгірт, проблема жағын айқын көріп, өзінің ішкі драмасымен астастырып жырласа, Бауыржанның жырларының тағы бір ерекшелігі, қара түнде Ай жарықтық көк күмбезден сүт сәулесін аямай төгетіні секілді, өлеңінің сәулесі мол, жап-жарық, жомарт Күн–Анадай жы-

р­ының жылуының көптігінде. Өйткені оның жаны таза, жүрегі – жомарт. Қазаққа ҰЛЫ АБАЙДЫ сыйлаған қасиетті жерде, ақ бесікте дүниеге келген ақын – ата-ананың аялы алақанында, ақ әжесінің күн шуа-

ғындай мейірімі мен шексіз махаббатына бөленіп, туған жерінің ыстық құшағында, ескіліктің ескі әңгімелеріне қанып, жырына ұйып өскен, бойына көп жылу жинаған, жүрегін иман нұрымен суарған нағыз атпал азамат. Сол жомарт жүрегі жырлап кеткенде өзін-өзі аямай, бар жан-жүрегімен Күндей жылуын төгіп, Айдай сәулесін аямайды... Ол нені жырласа да кең диапазонмен, шабытпен жырлайды, ақындық тұғырда мығым отырады. Әлемді өз құзырында ұстап, қыран көзімен әр құбылысты қалт жібермейді.

Өлең – адамның өзі және жаны, сезім нұры, жүрек дірілі. Бауыржан ақынның өлеңі өзі секілді, ашық маңдайы жарқырап, жүзінен иман нұры төгіліп, тал бойынан биік парасат пен адамгершіліктің ізгілік нұры есіп тұратын осынау кең пішілген атпал азаматтың тұрған бойы қандай позитив болса, өлеңінен де тек жақсылықтың сәулесін шашып, мамыражай таңғажайып күйге бөлейді. 

Өлең жазуды бастамай жатып, шаршап-шалдыққан, өмірден баз кешіп, қазір-ақ жоқ болғысы келіп, оқып бастасаң, діңкеңді құртатын негативтерден аулақ. Иә, қазіргі өтпелі кезеңіміз, үлкен қиындық туғызып, өмірдің көлеңке жақтары көбейіп кеткені де рас, бірақ осынау бір күрделі шақтарда адам жанына жарық себер, Күнді көлеңкелеген бұлтты қолмен ысырып тастап, жап-жарық нұрды шашып жіберетін шуақты өлеңдер әмісе, әсіресе осы шақта керек-ақ. Жоғарыда айтқан ойымды тірілтсем, сан қырлы, көп түрлі керек ақынның бірі – Баукеңді Тәңірдің өзі осындай қиын уақытта Күндей жарық сәулесін сепсін, жылуын төксін деп қазақтың маңдайына әдейі сыйлаған секілді көрінеді өзіме. Бұл тұста Мұқағалидың мына өлеңі тіл ұшына оралады: 

Қандай жақсы аспанда Күн тұрғаны, 

Күн астында дүние құлпырғаны. 

Құшақ-құшақ ақ нұрды үлестіріп, 

Бір ұрпаққа бір ұрпақ ұмтылғаны.

Хантәңірі – ақын Мұқағалидың ұлы мұраты – сол «Құшақ-құшақ Күннің нұры» ұрпақтан ұрпаққа берілсе, дейді. Қазір сол ұлы миссияны орындау Баукеңе бұйырғандай... Бүгінгі күні ол «құшақ-құшақ Күн нұры» оның құшағына сыймай тұр, соны көзінің нұры, жүрегінің сәулесі бар адамға аямай үлестіріп жүргендей... «Құшақ-құшақ Күн нұрының» ішінде, көкірек көзі ашық адамға көп нәрсе сыйып тұрғаны анық. 

Тақырып туралы ой тарқатсақ, тақырып біреу – туған жер, ақ селеуі ән айтқан салқар даласы, оны ғасырлар бойы мекен еткен аттың жалында, түйенің қомында жүріп, жерін, елін қорғаған ата-бабасының арман-мұңы, қазақы болмыс-бітімі, ұлттық салт-дәстүрі, басқа елдің бірінде жоқ, баға жетпес байлығы, құны жетпес рухани құндылықтарын ақындық биік пафоспен жырлау. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» депті Леонардо да Винчи. Бауыржан – өте көп еңбектеніп келе жатқан еңбекторы, оның еңбектерін ғылыми тұрғыда талдап, әр өлеңіне үңілетін уақыт жеткен секілді және дарын иесі өзіне тиесілі бағасын да алуы тиіс деп ойлаймыз. Бір мақалада ақынның барлық еңбегін талдап жату мүмкін емес, оны мақала мақсат та тұтпайды. Біз бір ғана кітабынан алған әсерімізді қаламдас ретінде өз пікірімізді ғана айтқан болдық.

Үлкен академиялық білім қоржыны бар, Көктен берген дарыны бар қарымды қаламгер туралы айтылар әңгімелер әлі алда. Ал Баукең өзінің биік Тауына бет түзеп бара жатқан жолдағы олжасы ұшан-теңіз. Жазар көбейсін, қаламдас дос, қоржының қампия берсін, біз тек қуанамыз, үлкен тілектеміз дейміз.

«Білте шамның жарығы» өлең жинағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деген пікірдемін. 

 

Баян БЕКЕТОВА, 

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты