Алматы облысында елді мекендер мен жолдардың бойында және тағы да басқа көпшілік жерлерге салынған құрылыс нысандарына қатысты ауқымды тексерістер жүргізіліп, заңсыз, рұқсатсыз тұрғызылған ғимараттар бұзылуда.
Жақында Еңбекшіқазақ аудандық соты аудандағы ірі елді мекеннің бірі – Бәйтерек ауылында заңсыз салынған дүкенді бұзу туралы шешім шығарды. Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының хабарлауынша, құрылысқа тапсырыс беруші осы аудандағы Бәйтерек ауылына қарасты «Есік-2» саяжай серіктестігіндегі 16-линия көшесі, №482 мекенжай бойынша тұрғызылған дүкенді тиісті рұқсат құжаттарынсыз салған.
Тапсырыс берушінің дүкен құрылысы түскен жер теліміне құқығы болмаған, нысанның өзі жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізу туралы хабарламасыз жүзеге асырылған. Заңды белден басқан тапсырыс беруші осы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс процессуалдық шешім қабылдау үшін Еңбекшіқазақ аудандық сотына жолданып, 2024 жылдың 5 маусымында сот тапсырыс берушіні ҚР ӘҚБтК-нің 319-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған қатысты 55 380 теңге көлемінде айыппұл салу және заңсыз құрылысты мәжбүрлеп бұзуға үкім етті. 28 маусым күні нысан тапсырыс берушінің еркімен бұзылды.
Соңғы кездері облыс аумағында осындай заңсыздықтар көбейіп кеткен. Әсіресе, өңірдегі халық тығыз қоныстанған Алматы қаласы маңындағы ірі аудандардағы елді мекендер мен жолдардың бойында мұндай жағдайлар алдан жиі шығады. Осыған орай мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырады:
«Бәйтерек ауылында болған заңсыз нысанды бұзуға қатысты жағдайдан байқап отырғанымыздай, кез келген құрылыс, оның ішінде жекеменшік аумақта салынған нысанда қоса алғандағы нысандардың барлық жұмысы заңмен қарастырылған тәртіпте жүргізілуге және жүзеге асырылуға тиісті. Осыған байланысты облыс тұрғындарының есіне құрылыс жұмыстарын ойға алғаннан соң, бірінші кезекте тиісті орындармен хабарласып, қажетті құжаттарды түгендеп, барлық істі заң аясында атқару қажеттігін салғым келеді. Құрылыс нормалары мен ережелерін сақтамау арқылы заңды бұзып қана қоймайсыздар, өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіресіз. Сонымен бірге заңсыздық анықталған соң нысанды бұзуға мәжбүр болып, қосымша шығынға ұшырайсыз. Осыны әдайым назарда ұстаған абзал. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы облыс аумағындағы құрылыстардың заңдылығына бақылау мен тексеруді алдағы кезде де жалғастыра береді», – дейді Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қ.Жақсыметов.
Биылдың өзінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік және аудандық соттарына 10 әкімшілік істі қарауға жолдады. Олардың ішіндегі 8 материал бойынша заңсыз салынған құрылыс насындары бұзылатын болса, тағы 2 іс соттың қарауында. Сонымен бірге Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қажетті рұқсат құжаттарынсыз салынған 5 нысанды бұзу туралы талап-арыз берілген. Экономикалық соттың шешімімен аталған нысандардың 4-іне қатысты бұзу туралы шешім шыға-
рылып, бір іс бойынша сот өндірісі әлі жүргізілуде. Атап айтқанда, Қарасай ауданындағы Райымбек ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы OrdaTown көпқабатты тұрғын үй кешені (орындау парағы көрсетілмеген), Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласындағы «Алтын-Бөбек» бөбекжай-балабақшасы» ЖШС (бассейн) спорт кешені (уақытша тоқтатылған), Талғар ауданының Алатау ауылдық округіне қарасты Байбұлақ ауылындағы көппәтерлі тұрғын үй кешені (шешім заңды күшіне енді, сот орындаушысына жіберілді), Талғар ауданындағы тағы бір көппәтерлі тұрғын үй кешені (мұнда да шешім заңды күшіне енді және сот орындаушысына жіберілді) бұзылатын болыпты. Ал Кеген ауданындағы Саты ауылдық округі аумағындағы Көлсай көлі жағалауындағы мейрамхана және қонақүй кешенінің құрылысы бойынша іс сотта қаралуда. Кеген аудандық сотының талап-арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешіміне апелляциялық шағым беріліпті.
Алматы облысы,
Болат Абаған