Қазір көшеде жаяу жү­ру де, көлікпен жүру де екі есе қауіпті болып тұр. Жаяу шық­­саң самокат түй­еді, көлікпен жүрсең са­ған келіп скутер, мо­пед­­тер соғыла­ды. Само­кат­пен де, скутермен де жүр­­ген – өндірдей жас­тар.
Ажалы скутерден болды
1,348
оқылды

Аж­ал құшып жатқан  да­ сол­ар. Биылғы жылдың бес ай­ын­дағы көрсеткіш бойын­ша БҚО-да жол-кө­лік оқи­ға­­лары үш есеге өсіпті. Бұл ту­­ра­лы Өңірлік ком­муника­циялар алаң­ын­да өткен бри­фингте БҚО ПД ӘПБ бас­тығы Ал­ек­­­сандр Плешаков мә­лімдеді.

Полиция өкілдері жол қауіпсіздігін күні-түні күзетіп отырмыз десе де, жол апатының саны азаймай тұр. Тек биылдың өзінде 414 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Жол апатынан қаза тапқандар саны да азамай отырғаны өкінішті. Биыл жол апатынан 44 адам қаза тауып, 554 адам жараланған. Қазір полиция «Жолда абай болыңдар!» деп ойбайлап жатыр. Себебі жол-көлік оқиғасынан қаза тауып жатқандар ішінде балалар мен жасөспірімдер көп. 

– Күні кеше ғана Самара – Шымкент тас­жолының бойында 2 ауыр жол апаты болды. 7 адам қаза тапты. Бұл екі көлік те қар­сы бетке өтіп, соның кесірінен түйісіп отыр. Жалпы, жолдағы апаттың көбі осы қарсы бетке өтіп түйісетіндер кесірінен болады. Қарсы бетке өту кезінде арақаш­ықтықты есептей алмаудың соңы осындай қайғылы оқиғаларға әкеліп отыр. Қазір жа­яу жүргінші жолағымен келе жатқан жол­аушыны да елемейтін көлік жүргізушілері бар. Солардың кесірінен 126 жаяу жүргінші дәл жаяу жүргінші жолағында жараланды. Өкінішке қарай, белгіленбеген жерден жол­ды кесіп өту фактілері де азаймай отыр. Бұл да жолдағы жараланатын адам санының өсуіне ықпал етіп отырғанын жасырмаймыз, – деді брифингте сөйлеген БҚО ПД ӘПБ бастығы Александр Плешаков. 

БҚО-да қазір балалар мен жасөспірімдер үшін скутерлер өте қауіпті болып отыр. По­лиция өкілдері ата-аналар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, шама келсе балаға скутер, мопед секілді көліктерді алып бермеуге үндейді. Себебі оң-солын тол­ық танымаған балаға бұл көліктер өте қауіпті.

Күні кеше ғана Бәйтерек ауданы маңайындағы тасжолда кетіп бара жатқан көлікке бір скутер түйіскен. Оқиға салдарынан скутердегі кәмелетке толмаған бала қайтыс болды. 

Скутер, мопед мінген жасөспірімдер қазір көшеде толып жүр. Бұл балалардың түнгі мезгілдегі қозғалыстары өте қауіпті болып отыр. Себебі статистика көрсетіп отырғандай, скутерлермен болатын жол апаттары негізінен түнгі мезгілде тіркеліп тұр. Осы себепті полиция түнгі мезгілдегі рейдтердің санын көбейткен. Биылғы жылы 2 092 бала түнгі мезгілде ата-анасыз жүргені үшін полицияның қолына түскен. Әлбетте, олардың заңды өкілін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. 

– Бүгінгі күнге дейін көлікті мас күйінде басқарған 820 адам анықталды. Көлік құралын мас күйінде басқару өзіне де, өзгеге де зиянды әрекет. Өкінішке қарай, бұл жауапкершілікті түсінбейтін азаматтар бар. Біз жолдағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында 3 кибер-шериф жүйесіне қосылған автокөлікті шығардық. Бірер күнде тағы 17 кибер-шериф іске қосылады. Мұның бәрі азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан дүниелер. Бізді алаңдап отырғаны – скутер мен самокат тепкен жасөспірімдер. Бұлар өз өміріне балта шауып жатқанын түсінбейді. Олардың ата-анасы қадағалауды күшейту керек. Біз скутер мен мопед иелерімен үнемі кездесулер өткізіп тұрамыз. 172 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарттық, – деп атап өтті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Александар Плешаков. 

Жыл басталғалы самокаттардың қатысуымен 9 жол-көлік апаты тіркеліпті. Ал скутерлердің қатысуымен 48 жол апаты тіркелген. Оқиға салдарынан 2 адам қайтыс болып, 40 адам жараланған. 

Заңға сәйкес, электр самокаттардың жүргізушілеріне велосипед жүретін жолақпен жүруге рұқсат етіледі. Бірақ Орал қаласында велосипед жүретін жолақ болмауы себепті самокат тепкендердің бәрі жаяу жүргіншілер жолымен жүр. Бұл өз кезегінде жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес. 

 

Батыс Қазақстан облысы

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА