Еліміздің құрылыс саласында дау туғалы тұр. Ол қазір Мәжілістің қа­рауында жатқан Құрылыс ко­­де­кс­імен байланысты
Күрмеуі шешілмеген Кодекс
765
оқылды

«Қазақстан Құрыл­­ысшылар одағы» РЗТБ оны жасап шығарушы орган – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне кері қайта­рып, жетілдіре түсу қажет деп санай­ды. Бірақ олардың бұл та­ла­бын ӨҚМ елемей отыр. Сол се­беп­ті ҚҚО осы мақсатта петиция қабылдап қана қоймай, министр Шарлапа­евтың отставкасын да талап етуде.

Бұл петиция бұрынғыдан өзгерек

Қазір Қанат Шарлапаевтың министрлігі елімізде резонанс тудырған утильалымға қатысты петиция бойынша жұмыс істеп жатқанын білеміз. Үлкен тартыспен жүзеге асып жатқан бұл топпен кездесулер күрделі де қиын жүруде. Ендеше Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін алдағы уақытта тағы да бір петиция күтіп тұрған сияқты. Ол – қазір Мәжілістің қарауында жатқан Құрылыс кодексін ӨҚМ-ге қайтарып беру туралы петиция. Оның бастамашысы  Құрылысшылар одағының арыны қатты. Олар жай мәселенің шешімін ғана емес, министрдің отставкасын да талап етіп отыр. Оған себеп – жалғыз кодекс қана емес, жалпы салаға түбегейлі өзгерістер қажеттігі.

«Заң жобасы Президент берген тапсыр­маға атауынан бастап құрылыс саласын демонополизациялау туралы тапсырмасына дейін сәйкес емес. Онда орта және шағын бизнесті қолдау шарттары көрсетілген. Жаңа Құрылыс кодексі сәулет және қала құрылысы саласында прогрессивті және жүйелі тетіктерді құруға, құрылыс процесінің барлық кезеңін онлайн бақылауға мүмкіндік беретін eQurylys ақпараттық жүйесін заңнамалық деңгейде енгізуге тиіс еді. Бірақ олай болмай тұр. Өкінішке қарай, елімізде бүгінде қалыптасқан жағдайды түзетудің барлық ауыртпалығы заң шығарушы билік тармағына түсіп тұр. Ал шындығында, Конституцияға сәйкес Мәжілістің айрықша құзыреті – нормативтік-құқықтық актілерді кем-кетігін толықтырып отыру емес, Парламентке ұсынылған конституциялық заңдар мен жай заңдардың жобаларын қарауына қабылдау ғана. Сол себепті біздің ұйым Құрылыс кодексін дұрыстап дайындау үшін Өнеркәсіп және құрылыс мин­истрлігіне кері қайтаруды ұсынады. Ол үшін министрлік қала құрылысы, сәулет және заң шығару саласындағы сарапшыларды тартуы қажет», – дейді «Қазақстан Құрылысшылар одағы» РЗТБ төрағасы Талғат Ерғалиев.

Мұнысы аздай, ҚҚО министрді орнынан алып тастауды талап етіп отыр. Олар оның өз лауазымын атқаруға кәсіби тәжірибесі жететініне күдік танытып, сектордағы бейінді үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізбей отырғанын сынға алды. Қанат Шарлапаевтың құрылыс өнеркәсібі мен нарық тенденциялары тұрғысынан жүйелі білімі, өзіндік ойы жоқ деп санайды. Сол себепті де, ведомствоның қай саясаты да бұл саланы күйретіп, жойып жіберуге бағытталған.

«Министр нарық үшін, құрылысты дамыту үшін жұмыс істеуге тиіс. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірін тыңдап, уақыт тынысын сезіп, қазіргі тенденцияның барлығын ескеруі керек. Өйткені оның қызметі – дипломатия мен нарықтың барлық қатысушысының мүдделерін ескеруді талап ететін саяси лауазым. Ол керісінше, ешкіммен хабарласпайды, саланы дамытудың ешқандай да жоспарын ұсынып отырған жоқ. Ұсынған жағдайда да өзі таңдап алған ат төбеліндей топпен ғана ақылдасып отыр. Ал құрылыс дегеніміз – экономиканың локомотиві. Оны бейінді сектордағы ҮЕҰ-лармен ауызбірлікте, кәсіпқойлар мен нарықтың негізгі ойыншыларының пікірін ескеріп отырып қана тиімді басқаруға болады. Менің ойымша, министрдің бұл салада білімі жоқ және қарапайым коммуникация машықтары аз. Сондықтан да оған қоғаммен етене жақын болғаны дұрыс», – дейді республикалық Заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы.

Оның айтуынша, биыл бұл салада қабылданатын заң жобасы көп. Сондықтан да олар болашақта нәтижелі жұмыс істеуі үшін ведомство мен қоғам арасындағы байланыс мықты болуға тиіс. Олар – Құрылыс кодексінен бөлек, «Кооперациялар туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдар. Ал «еститін мемлекет» концепциясында алалау болмауы керек. Сонда ғана біз құрылыс индустриясының стагнациясынан, нарықты сауықтыратын ипотекалық бағдарламалардың жоғынан және тағы да басқа күрделі мәселелерден құтыламыз. Десе де, министрлік тарапынан ҚҚО-ның қай талабына да (петицияға да, отставкаға да) жауап болмай отыр. Ал жарияланғанына ­­

2 апта ғана болған петицияға әзірге 500 адам ғана қол қойған.

 

Жолы ауыр Кодекс

Құрылыс кодексі былтыр тамыз айында АшықНҚА порталына орналастырылғаннан бастап сыннан көз ашпай келеді. 250 баптан тұратын бұл құжат қабылданар болса, 4 кодекс пен 13 заңға өзгеріс енгізілуі қажет.

«Бұл құжат таныстырылған кезде өте әдемі сипатталып, көрікті сөздермен жеткізілгенімен, іс жүзінде қойылып отырған талаптарға сәйкес келмейді. Кәсіби маман болмаса, бұл саладан хабары жоқ адам оны расында да керемет жоба деп ойлап қалуы мүмкін. Ал шындығында ол бүгінде қолданыста бар заңдар мен НҚА-лардың қойырт­пақ быламығы, тек дайындаған министр­лік оны әдемі цифрлармен, инно­ва­ция­лармен бүркемелеп отыр. Ал концепциясы мен мазмұнында өзгеріс жоқ. Ондағы айтылғандар қазір қолданыста бар нормалар», – дейді оны алғашқылардың бірі болып сынға алған сарапшы Ирина Манжанова.

Келесі бір сарапшы кодекстің бұрынғы атауын қалдыру қажет деп санайды. Өйткені «құрылыс» сөзі оның мәні мен мағынасын тарылта түседі, ал бұрынғыша «қала құрылысы» деп атар болсақ, сәулет саласы да, құрылыс саласы да қамтылмақ.

«Бұл заң бірінші кезекте қалаға керек. Өйткені құрылыстың қайнаған ортасы да, ол тудыратын жайлылық пен экономикалық мильтипликативті әсер де қаладан бастау алады. Сондықтан да ол елді мекендерді ірілендіруге жұмыс істеуі тиіс. Ал осы аяда сәулет пен дизайн, кеңістікке орналастыру талаптарын қарастыра беруге болады. Сонда бұл сала кең қамти түсер еді», – дейді сәулетші-сарапшы Төлеутай Жарылғапов.

Мамандардың пікірінше, жаңа кодекс функциялық ауқымы жағынан еліміздегі ауқымды құрылыс нарығының қатысушылары арасында таразы басын тең ұстар рөлге ие болуы тиіс болатын. Бірақ жобада таразы табағының мемлекет жаққа ауып кететін тұсы көп. Мәселен, құрылыс жобаларына сараптама жасау нарығында мемлекеттік монополия ашық көрінеді. Егер ол осы күйінде қабылданып кетсе, дербес сәулетшілер тарапынан қадағалау мен мониторинг жүргізу мүлдем мүмкін болмай қалмақ. Ал бұл онсыз да осы уақытқа дейін бас-басына кеткен сапалық, санитарлық, сәулеттік және құрылыс талаптарын одан сайын қожырата түспек. Сондай-ақ дәрежесі айтып тұрғандай, бұл кодекс құрылыс өнеркәсібін реттеудің жаңа сындарлы жолдарын ұсынуы тиіс болатын. Өкінішке қарай, сол баяғыша жазалау риторикасына құрылған ережелер жинағы деңгейінен аса алмай қалған.

«Мәселен, 83-бапта «рекреационды аймақтарға құрылыс салуға рұқсат сақталып қалған. Ол ойын-сауық, демалыс мақсат­ындағы нысандар. Ал 11-бапта тіпті осындай аймақтарға, яки өзен-көлдердің сағаларына, орман, тоғай, жағажайларға саяжай, бақша, бау-бақша салуға рұқсат етіледі. Бұл бұған дейінгідей тағы да жаппай құрылыс жүргізуге алып келіп, биылғыдай су тасқыны кезінде тұрғын үйлер мен қора-сарайлардың қирауына, тіпті кісі өліміне алып келуі мүмкін. Орман өрті кезінде де талай ауылдардың зардап шегіп жатқанын көріп жүрміз. Ал Ұлттық парктердегі жерлерді бай-бағбандар иеленіп алып, тұмса табиғатты бұзып жатқан деректер тағы да бар. Сондықтан да бұл баптарды қайта қарау керек», – дейді сәулетші-сарапшы Надежда Текенова.

Өз уақытында бұл заңға депутаттар да қарсы шыққан болатын. Белгілі заңгер Бақытжан Базарбек: «Бұл – өте әлсіз құжат. Үш заңды біріктіре салған» деп ашық сынап тастады. Жаңа нормалар адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қайшы, керісінше, құрылыс компанияларының мүддесін көздейтінін, кезінде соны қорғау үшін қабылданғанын айтты. Сол лобби жаңа кодекс жобасына да кіріп кеткен. Сондықтан да ол бұл құжатты қабылдатпауға барын салатынын жеткізді. 

«Бас жоспар бар және ПДФ бар. Оны 5 жылда өзгертуге болмайтын. 2018 жылы құрылыс лоббидің кесірінен 47/1 деген бапқа өзгеріс еніп, енді жылына 2 рет өзгертуге болатын болды. Соның салдарынан барлық қалада қазір заңсыз құрылыстар көбейіп кеткен. Соны сүйреп, еш ұялмастан кодекске әкеліп отыр. Менің өзім одан 100-ге жуық кемшілік көріп отырмын. Осыншама кемшілігі бар заң жобасын дайындау үшін бюджеттен 382 млн теңге бөлінген. Бұл өте сорақы жағдай. Мұнымен тиісті органдар айналысуы керек. Мұндай заңды қабылдатуға болмайды», – дейді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.

Тізе берсе, бұл құжатқа айтылар сын өте көп. Олардың әрқайсысын тыңдаған сайын  Құрылысшылар одағының министрдің отставкасын талап етуі дұрыс па деп те қаласың. Өйткені, расында да жаңа құжатта жаңа ештеңе жоқ. Бірақ осы уақытқа дейінгі құйқалы жерлерді қарпып қалу мен ірі құрылыс нысандарын белгілі бір топқа беру деген лобби әлі де болса айқын көрінеді.