Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен өңірдегі ауыл әкімдерінің форумы өтті.
Ауыл әкімдерінің форумы өтті
1,012
оқылды

130 ауыл әкімі қатысқан ауқымды іс-шараның басты мақсаты – еліміздегі саяси рефор­маларды жүйелі жүзеге асыру, ауыл халқын толғандыратын өзек­ті мәселелерді ашық талқы­лау және оны шешу жолдарын қарастыру.

Алқалы жиында «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында еліміздегі саяси реформаларды жаңғырту мақсатында ауыл әкімдері сайлауын өткізу жөнінде тапсырма бергенін және бұл ше­шім ел тарихындағы маңызды оқиғаға айналғанын атап өтті.

«Тұрғындар тұңғыш рет жер­гілікті атқарушы билік басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, Қарағанды облысындағы 167 ауылдық округ­те 159 ауыл әкімі сайланды. Оның ішінде партиямыздан ұсы­нылған 139 (87%) кандидат жеңіс­ке жетті. Сондықтан бүгінгі форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар «AMANAT» партиясы атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін береді деген сенімдемін», – деді ол.

Форум барысында қатысушы­лар мемлекеттік сатып алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістерді талқы­лады. Тұрғындармен кері бай­ланысты тиімді ұйымдастыруға да назар аударды.

«AMANAT партиясының об­лыстық филиалы ұйымдастырған форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси рефор­маларын жүзеге асыру жолдары­ның бірі болып табылады. Кез­десу жемісті болатынына сенім­дімін, қатысушылар өздерінің күнделікті жұмысында табысты пайдалана алатын жаңа білім мен дағдыларға ие болады», – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз кезегінде, «AMANAT» партия­сы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков ауылдық елді мекен­дерді дамытудың мәні мен маңызына тоқталды.

«Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалар да, осында отырған көп­шілік азаматтар да ауылдан түлеп ұшты. Ауылдың жай-күйі – бә­рімізге ортақ. Оның алдағы күн­дері қай бағытта дамитыны сіздер мен бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел бо­луымыз керек. Сондықтан ауыл әкіміне артылатын жауап­кер­шілік жүгі – әркез ауыр. Ауыл азаматтары сіздерге айрықша үміт артады», – деді ол.

Осылайша, форум жұмысы пленарлық сессия форматында өтіп, 2 бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде – партияның облыстық филиалы, Орталық аппараты бас­шылығының, Қарағанды облысы әкімі аппаратының, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департа­менті­нің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының, Мәжілісі депутат­тарының, партияның аумақтық филиалдары төрағаларының, қалалар мен аудандар, ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен пленарлық отырыс ұйымдас­тырылды.

Келесі бөлімде оқыту семи­нары өткізілді. Онда әкімдер заң­нама­дағы, оның ішінде мем­ле­кеттік сатып алу саласындағы өзгерістер туралы жан-жақты ақ­парат алды. Мемлекеттік қыз­мет істері саласындағы тренерлер менеджмент процесін жетілдіру, имидж қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар берді. Жалпы, жиын барысында билік тармақтарының өзара байла­нысын нығайып, сындарлы шешімдер қабылдау қатысты түрлі кеңес берілді. 

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясын­да ауыл тұрғындарына өмір сүруге қолайлы тұрмыс деңгейі мен еңбек жағдайын жасап, ауыл аза­маттарының сапалы инфра­құрылымға, білімге, медицинаға қол жеткізуін қамтамасыз ету көзделуде. Осы мақсатта – тез салынатын спорт ғимарат­тарының құрылысын қамтамасыз ету, ауылдағы жас медицина маманына көтерме жәрдемақыны 100 ЖТМ-ге дейін арттыру, ауыл­дағы санитариялық автокөлік­терді жабдықтау, ауыл тұрғын­дары­ның скрининг тізімін он бір түрге дейін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.