Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігінің онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаражатты қысқартқанын сынға алып, жаман аурудан жыл сайын 13 мың адам қайтыс болатынын, науқастарды ерте анықтау деңгейі, өкінішке қарай, өте төмен болып тұрғанын айтып, дабыл қаққан болатын.
Науқастар заманауи ем алуға тиіс – онколог Диляра Қайдарова
1,707
оқылды

Депутат көтерген мәселеге орай және осы салада қандай жұмыс атқарылып жатқанын білу үшін Қазақстан онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологі Диляра Қайдаровамен сұхбаттасқан едік.

– Диляра Радиковна, онкологияға шалдыққан науқастарға көрсетілетін көмектің нәтижесі туралы айтып берсеңіз. Сіздің ойыңызша, еліміздің онкология және радиология саласының проб­ле­малары қандай? Саланың ғылыми не­гіздері қалыптасты ма? 

– Қазақстанда онкологиялық көмек Денсаулық сақтау министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған Стратегиялық жоспары және Онкологиялық ауру­лармен күрес жөніндегі кешенді жос­пары шеңберінде дамуда.

Ересек адамдарға онкологиялық көмекті «Қазақ онкология және ра­диология ғылыми-зерттеу институты», «Ұлттық ғылыми онкологиялық ор­талық» республикалық ұйымдары және аймақтарда 15 онкологиялық диспансер (Орталық), көпбейінді стационарлар жанындағы 5 онкологиялық бөлімше жүзеге асырады.

Онкологиялық көмектің бірінші деңгейін 2 378 қарау бөлмесі, сондай-ақ 499 онкологиялық кабинет жұмыс істейтін алғашқы медициналық-сани­тариялық көмек ұйымдары (МСАК) көрсетеді.

2023 жылдың қорытындысы бо­йынша, барлығы 218 213 онколо­гиялық пациент динамикалық бақылауда тұр (2022 жылы 205 822 пациент), өсім 5,7% құрады. Әйелдер (56,9%, 23 613 жағдай) ер адамдарға қарағанда жиі ауырады (43,1%, 17 902 жағдай), бұл қатерлі ісік ауруының құрылымымен түсіндіріледі. Науқастардың ішінде 55,6% – 18 жастан 64 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Қазақстандағы онко­логиялық аурулардың статистикасына үңілер болсақ (2010-2023 жж), 2010 жылдан бастап онкологиялық ұйым­дарда есепте тұрған пациенттер саны 50,6%-ға, 144 899-дан 218 186 науқасқа дейін өсті. Қатерлі ісіктері бар бастапқы науқастардың саны 2010 жылы 29 574-тен 2023 жылы 41 515-ке дейін өсті, бүкіл кезеңде 28,8%-ға өсті. Қатерлі ісік түр­лерімен сырқаттанушылық дәстүрлі түрде ШҚО, СҚО, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында ең жоғары деңгейде болып отыр. 

Қазір қатерлі ісікті уақытылы диаг­ностикалау көрсеткіші де жақсарды. Ал қатерлі ісік ауыруынан қайтыс болған науқастардың саны 30,9%-ға немесе 4 002 адамға қысқарды (2010 жылғы 16 960-тан 2023 жылы 12 958-ге дейін қысқарды). 2019 жылдан 2023 жылға дейін қайтыс болғандар саны 8,6%-ға төмендеді. 5 жыл және одан да көп өмір сүретін қатерлі ісік аурулары бар па­циенттердің саны 2010 жылдан бастап 58,6%-ға, 74 177-ден 117 616 адамға дейін артты.

Біздің басты міндетіміз – қатерлі ісіктің ең көп тараған түрінің деңгейін төмендету. Локализация тұр­ғысынан қиын ісіктерде (бауыр обыры, ұйқы безі обыры, бүйрек обыры және т.б) диагностикалау және тіркеу проб­лемасы әлі де бар, аталған қатерлі ісіктерді диагностикалау әдістері соңғы бірнеше жылда жетілдірілуде, ПЭТ/КТ диагностикасы және ядролық медицина (сцинтиография) әдістері кеңінен қол­данылады.

– Онкологиялық ауруларды ерте ке­зеңде анықтауға арналған скрининг зерт­теулері қаншалықты тиімді? Аза­мат­тар­дың скринингтен өту мәдениеті қалып­тас­ты ма? Бұл тәжірибе енгізілгелі бері он­ко­­логиялық ауруларды анықтау, оны емдеу мәселелері қаншалықты шешімін тапты?

– Қазір МӘМС шеңберінде Қазақстан халқы үшін онкологиялық скринингтердің 3 түрі қолжетімді: сүт безі обырына скрининг (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 2 жылда 1 рет), жатыр мойны обырына скрининг (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 4 жыл­да 1 рет), колоректальды обырға скрининг (ерлер мен әйелдер 50 жастан 70 жасқа дейін, 2 жылда 1 рет). 

Уақытылы диагностиканың арқа­сында 2022 жылы сүт безі обыры бар науқастардың 5 жылдық өмір сүру деңгейі 71,6%-ға дейін, жатыр мойны обыры 67,5%-ға дейін, колоректальды обыры 52,9%-ға дейін өсті.

2021 жылы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының халқына онкологиялық кө­мек көрсетуді ұйымдастыру стан­дарты» әзірленіп, бекітілді. Осы стан­дартқа сәйкес бірінші деңгейдегі МСАК ұйымдарында қатерлі ісікке күдікті пациент­терді тексеру «жасыл дәліз» шең­­берінде жүргізіледі және 18 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Облыстық онко­логиялық орталықтар деңгейінде диаг­нозды тексеру және процестің таралуын анықтау жүргізіледі. Үшінші деңгейдегі онкологиялық орталықтарда (ҚазОжРҒЗИ, ҰҒОО) емдеу тәсілдерін дербестендіру үшін тереңдетілген диагностика жүргізіледі.

Қазақстанда онкологиялық көмек көрсету стандарты үнемі же­тілдіріліп отырады, оның ішінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ сарап­тамалық қоғамдастығының қатысуымен клиникалық хаттамаларды өзектендіру жүргізілуде. Сондай-ақ онкологиялық оңалту бойынша стандартты әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Саланы заманауи құрал-жабдық­тармен қамту толық шешімін тапты ма? Олармен жұмыс істейтін, техника «тілін білетін» білікті мамандар жеткілікті ме?

– 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарда Алматыда және Қазақстанның басқа өңірлерінде ПЭТ-орталықтарды ұйымдастыру көзделген болатын. Бүгінде Қазақстанда 9 ап­­­параты бар кемінде 7 ПЭТ-орталық жұмыс істейді. Қазақстанның басқа өңірлерінде ПЭТ-орталықтардың құрылысы пысықталуда.

Қазір Қазақстанның онколо­гия­лық ұйымдарында пациенттерге қашық­тықтан жоғары технологиялық сәу­лелік терапия (томотерапия, сте­реотаксис, IMRT, IGRT), ин­тра­операциялық сәу­лелік терапия, аз инвазивті хирургия жүргізіледі. Кли­никалық тәжірибеде әртүрлі био­логиялық маркерді (имму­но­гис­то­химия, молекулалық-гене­тикалық зерттеулер) анықтау бойынша қыз­­меттер ұсынылады, бұл онко­ло­гия­лық науқастарды дербестендірілген ем­деуге мүмкіндік береді және қатерлі ісіктердің молекулалық-биологиялық ерекше­ліктерін неғұрлым егжей-тег­жейлі зерт­теу мүмкіндіктерін кеңей­теді.

Сонымен қатар ісікке қарсы пре­параттардың тізімі ұлғайды. Осылайша, 2022 жылы 197 препаратты (23 мақсатты 4 иммуно-онкологиялық препарат) ТМККК шеңберінде онко­логиялық науқастарға мемлекет қам­тамасыз етеді.

– Ауылдық жерлерде онкологиялық аурулармен ауыратын науқастар мәселесі шешімін тапты ма? Ауыл медицинасын дамытуға, тұрғындардың заманауи ем алуына қаншалықты жағдай жасалды?

– Ауылдық жерлерде тексерулерге қолжетімділік 2023 жылы профи­лак­тикалық тексерулер бағдарламасын жүргізу есебінен, атап айтсақ: «Жастар» 18 жастан 29 жасқа дейін, «Еңбек-1» 30 жастан 44 жасқа дейін, «Еңбек-2» 45 жастан 65 жасқа дейін және «Зей­неткер» 66 жас және үлкен адамдарға жүргізілді. 

«Қазақстан халқына» әлеуметтік қорымен бірлесіп Қазақстанның 3 өңірінде, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында сақтандырылмаған ха­лықты медициналық көмекпен көбі­рек қамтуды қамтамасыз ету және тұтастай алғанда ауыл тұрғындары ара­сында аурулардың алдын алуға бейім­ділік мәдениетін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер іске қосылды. Бұл «QH Денсаулық жолы» қайырым­дылық жобасының аясында іске асы­рылып отыр. Жоба аясында үш өңірлік онкологиялық орталыққа жылжымалы медициналық кешендер сатып алынды. OPTIMA жылжымалы медициналық ке­шені томосинтез функциясы бар цифрлық маммографиялық жабдықпен, сараптамалық деңгейдегі ультра­ды­быс­тық жүйе және ауруды егжей-тегжейлі қарауға мүмкіндік беретін жоғары сападағы компьютерлік томографпен жабдықталған. 

Жылжымалы медициналық ке­шендер жоғары техно­ло­гия­лық консультациялық-диагностикалық көмекке, әсіресе онкологиялық ауру күдігі бар науқастар үшін қолжетімділікті арттырады және төмен дозалы компью­терлік томографияның көмегімен скринингтік тексерулерді уақытылы жүргізуге көмектеседі.

Ақтөбе, Алматы және Қызылорда облыстарында «QH Денсаулық жо­лы» жобасын іске асыру арқылы ха­­­лықты түгел дерлік қамтуды және науқастарда онкологиялық ауру­лар­ды, әсіресе ерте сатыларда (0-1 са­­­тыда) анықтауды арттыруға мүм­кіндік береді. Жоба арқылы пилоттық өңірлерде халықты онкологиялық скринингпен қамтуды 50-ден 70%-ға дейін ұлғайту көзделуде.

Онкологиялық ауруларды ерте анық­тау және әрі қарай сауығып кетуі мүмкін емдеу шараларын жүргізу нәтижесінде қазақстандықтар арасында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді төмендетуге мүмкіндік береді.

Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Қазақ онкология және радио­логия ғылыми-зерттеу институты бірі­гіп, пилоттық өңірлердің әкім­­діктерімен және өңірлік онкологиялық орта­лық­тармен серіктестікте іске асыруда.

– Еліміздегі жалпы онко-клиникаларға ортақ қандай проблемалар бар? Сіздің ойыңызша, оларды шешу жолдары қан­дай?

– Соңғы жылдары онкологиялық көмекте қол жеткізілген белгілі бір же­тістіктермен қатар, оны көрсетудің қол­жетімділігі мен сапасын арттыру үшін негізгі мәселелер: мамандардың біліктілігін арттыруға және жергілікті жерлерде жабдықтар паркін жаңартуға байланысты бірқатар және басқа да мәселелерді шешуіміз керек. Онко­ло­гиялық көмекті жетілдіру – өзекті мін­дет: жыл сайын 40 мыңға жуық қазақ­стандық азаматта «қатерлі ісік» диагнозы расталады, 13 мың пациент қайтыс болады.

 Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарла­­масында онкологиялық көмекті жаң­­ғырту, онкологиялық көмек көрсетуде және қатерлі ісіктерді емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдерге ұқсас онкологиялық науқастарға диагнос­тикалау, емдеу және оңалту үшін жағдай жасау қажеттігі атап көрсетілген. 

Қазіргі проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасында онколо­гиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар – қатерлі ісіктің пайда болу жиі­лігін төмендету, онкологиялық науқас­тардың өмір сүруін ұлғайту үшін қажетті негізгі өзгерістерді жүргізуге қабілетті бес жылдық стратегия ретінде әзірленді. 

Бұл онкожоспардың шеңберінде үздік халықаралық практи­ка­лар­дың озық тәжірибесі пайдаланылатын болады. 2023 жылдан бастап онколо­гиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдар желісін жаңғырту, көпдеңгейлі жүйе негізінде көпбейінді медициналық көмек көрсету қағидаттарын іске асыра отырып, онкологиялық ұйымдар желісін реформалау жоспарлануда. Жоспарды іске асыру – азаматтарымыздың ерте кезеңдерде қатерлі ісік диагнос­тика­сының заманауи технологияларына қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрон-эмиссиялық томографияны, радиоизотоптық зерт­теулерді пайдалана отырып, заманауи сәулелік диагностика аппарат­тарында тексерілу мүмкіндігі едәуір артады, телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көз­делген.

Онкологиялық пациенттер Қазақ­станның әрбір өңірінде әлемдік стан­дарттар деңгейінде заманауи сәулелік ем алуға тиіс деп санаймыз. Өңірлік онко­логиялық орталықтарында ем алған кез­­де пациенттер үшін қолайлы жағдай жасалатын болады. Ауылдық жерлерде тұратын пациенттер жылжымалы меди­циналық кешендердің мобильді қыз­меттерін пайдалану мүмкіндігіне ие бо­лады, паллиативтік көмек пен оңалту сапасы артады. Онкологиялық жоспарда медициналық кадрларды даярлауға үлкен мән беріледі. Еліміздің онко­логтары әлемнің жетекші онколо­гиялық орталықтарына қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберіледі. 

Ұлттық технологияларға да баса назар аудара отырып, кешенді жос­пардың іс-шараларын іске асыру, он­кологиялық арулардың алдын алу, диаг­ностикалау және емдеудегі Қазақстан мен әлемнің жетекші елдері арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді.

– Онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінген бюджетті 20 пайызға қысқарту туралы шешімге көзқарасыңыз қандай? Депутат Асхат Аймағамбетов айтқандай, қаражатты қысқартуға қандай да бір ғылыми себеп бар ма? 

– Біз жұмыс тобын құрдық және ол мәселе шешімін табуы керек. Ал біз онкологтар қандай тарифтерді төмен­детуге болатынын және қайсысын төмен­детуге болмайтынын көрсетуіміз керек, яғни бұл жағдайда бірде-бір онкологиялық науқас зардап шекпейді. Біз қазір осы тарифтерді қайта қарауды және әр тарифті жекелей қарауды сұрап отырмыз. Депутаттар дұрыс шешім қабылдайтынына сенеміз.

– Рақмет!

 

Сұхбаттасқан Тілекгүл Есдәулет