Биыл елімізде шомылу маусымы басталғалы балалардың суға кетуі жиілеп отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі биылғы шомылу маусымында 70 адамның суға кеткенін мәлімдеді
www.istockphoto.com
429
оқылды

Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов мәлім етті. 

«Шомылу маусымы басталғалы 70 адамның ажалы судан келді. Оның ішінде 30 бала бар. Өткен жылы 83 адам суға кетіп қайтыс болған. Биыл суға кеткен баланың саны өткен жылмен салыстырғанда көп», - деді Ақылбек Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

ТЖМ өкілінің айтуынша, суға кеткен балалардың дені қараусыз қалған немесе рұқсат етілмеген жерде шомылған.

«Дегенмен жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы 3 пайызға, 2022 жылы 42 пайызға, 2023 жылы 4 пайызға, биыл 15 пайызға төмендеді. Дей тұрғанмен, әр статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр (2 240 ересек, 701 бала)», - дейді ол.