Huawei және ZTE сияқты қытайлық компанияларды өздерінің нарығынан алыстату үшін Германия үкіметі нақты қадамдар жасай бастағынан Reuters жазды. Агенттіктің материалына сүйенген Aikyn.kz саяси шешімнің себебін түсіндіреді.
«Біз қазір телекоммуникациялық компаниялармен нақты және қатаң келісімге қол жеткіздік», – деді министр Нэнси Фазер Берлинде журналистермен берген түсініктемесінде. Оның айтуынша, келісім Еуропаның ең ірі экономикасының цифрлық қауіпсіздігінің маңызды кепілі болмақшы.
Келісім Ішкі істер министрлігі мен Deutsche Telekom, Vodafone және Telefonica Deutschland арасындағы келіссөздердің нәтижесі болды. Ол Германияның маңызды инфрақұрылымын Қытайдан қорғауға бағытталған, өйткені, неміс билігінің ойынша, қытайлық жабдықтар ақпараттық салаға қауіп төндіреді.
Фазер Берлиннің Пекинді келісім туралы хабардар еткенін және қытайлық технологияны жеткізуге жоспарланған шектеулерге байланысты ешқандай қарсы қадамдар күтпейтінін айтты. Бірақ Қытайдың Германиядағы елшілігі егер Huawei қызметі шектелсе немесе алынып тасталса, салдары болатынын айтып, Берлиннің бұл жоспарын бәсекелестікті тұншықтырып, өз технологиясын ілгерілетуге бағытталған «аяусыз әрекет» деп атады.
«Желі қауіпсіздігіне қатысты болжамды қауіптер – бұл жай ғана сылтау. Әзірге ешбір ел Huawei жабдығы қаншалықты қауіпсіздікке нұқсан келтіргені туралы нақты дәлел келтірген жоқ», – деді елшілік сәрсенбіде (9 шілде) Германияның жоспарлары туралы болжамдарға түсініктеме беруді сұраған кезде.
Германиялық Министр келісім туралы толық ақпарат бермеді.
Reuters сәрсенбіде (9 шілде) хабарлаған жоспарлы тоқтату бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша, операторлар 2026 жылы елдің негізгі 5G деректер орталығының желісінен қытай технологиясын, жабдықтарын алып тастайды.
Екінші кезең: 2029 жылға қарай антенналар, электр желілері және мұнаралар сияқты бөлшектерді шығаратын қытайлық өндірушілердің жабдықтары ауыстырылады.
Германия Еуропалық Одақтың 5G желілері үшін қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруда артта қалған ел болып саналады.
Байланыс операторлары Берлиннің қымбат тұратын және қосымша қаражатты қажет ететін Huawei қызметтерінен бас тарту әрекеттеріне жиі қарсылық білдіріп келеді. Ал Huawei Германияны киберқауіпсіздік мәселелерін «саясиландырып» отыр деп, өздерінің қауіпсіздік шараларын толық сақтайтын компания екендерін мәлімдеген.
АҚШ-тан кейін ЕуроОдақ елдері де қытайлық технологиялық компанияларға қарсы саясат ұстануға көшті. Қытай мен батыс елдерінің арасында саяси, экономикалық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің бар екенін сарапшылар жақсы түсінеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.