Алименттер бойынша қарыз былтырдың өзінде 21 миллиард теңгеден асыпты. Проблема ауқымын осыдан аңғаруға болады. Сарапшылар мен депутаттардың байламынша, мемлекет араласып, бір шара қабылдамаса, түйткіл тек ушыға береді. Сондықтан үкіметтік жұмыс тобы жаңа институтты – Алимент қорын құру мәселесін пысықтауға кірісті.
Көкек әке қаптаған заман
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2009 жылғы Қазақстан халқының ұлттық санағы республикада әйелдердің 52,2%-ы «отанасы» болып табылатынын көрсетті. Ал 2021 жылы жүргізілген ұлттық санақ қорытындысында некедегі әйелдердің үлесі 58,9%-ға дейін өскен.
Ешқашан тұрмыс құрмаған нәзік болмыс иелерінің үлесі осы онжылдықта 28,2%-дан 25,7%-ға дейін төмендеді. Әйелдердің 8,4%-ы немесе 595 280-і жесір қалған және кейін ешбір ермен көңіл қоспаған.
Бұл ретте Қазақстанда әйелдердің 7%-ы немесе 494 328 әйел ресми түрде ажырасқан. Олардың үлкен бөлігі қолында қалған балалары үшін әкесінен қаржылай көмек алмайды немесе алатыны жеткіліксіз.
Мысалы, еліміздегі ең шағын үш өңірдің бірі саналатын, 696 мыңдай ғана тұрғыны бар Абай облысында жыл басынан бері алимент төлемеген 215 ата-ана анықталды.
– Борышкерлер мен алимент төлемейтіндерді іздестіру – көші-қон қызметінің бір бағыты. Осы жылдың басынан облыс полицейлері қабылдап жатқан шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген, алимент төлеуден жалтарған 245 адамның 215-і анықталды. Жүргізілген талдау көрсеткендей, алиментті тек ер адамдар емес, сонымен бірге балаларының тағдырына қызығушылық танытпайтын кейбір ана да төлемейді, – дейді облыс ПД көші-қон қызметі бастығының орынбасары Бауыржан Иманғажанов.
Мәселен, екі баласының алдында қарызға батқан 35 жастағы келіншек көрші облыста қашып жүрген жерінен ұсталды. Ондайларға полицейлер «атқарушылық құжатты орындамағаны үшін» деп, хаттама толтырып, заң жүзінде әкімшілік және қылмыстық жаза қолданылады.
Бас қорқақ, қол батыр ма?
Премьер-Министрдің оң қолы, яғни орынбасары Тамара Дүйсенова жуырда Мемлекеттік алимент қорын (МАҚ) құруды қарастырып жатқандарын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі кезде Әділет министрлігінде құрылған топ мұндай қордан неше адам қанша көлемде қаржы алуға мұқтаж болатынын қарап, есеп-қисабын жасау үстінде.
– Әйелдердің қаншасы әкелердің жалтаруы кесірінен алимент алмайтыны, тағы қаншасы алиментті толық көлемде алмайтыны, сондай-ақ әкелердің жұмыссыз қалуы не шетелге жұмыс іздеп кетуі салдарынан қаншасына алимент төлеу тоқтатылғаны есептеліп жатыр. Мұндай өзекті ақпарат Мемлекеттік алимент қорын құру үшін қажет. Ол қор қанша адамға қанша мөлшерде көмек көрсетуі тиіс? Бүгінде керекті қаражат сомасын анықтап алу маңызды, – деді Тамара Дүйсенова.
Әйтпесе, оның айтуынша, Үкімет МАҚ-тың құрылғанын жариялап, оған белгілі бір қаржы бөле алады. Бірақ ол қаржы «үш айдан соң таусылып қалуы мүмкін». Немесе зәру аналардың басым бөлігі көмектен қағылуы ықтимал. «Сондықтан Әділет министрлігінің есептемелері дайын болғанын күтейік, содан кейін шешім қабылдаймыз. Жалпы, өз міндетіне адал емес немесе жұмыссыз жүрген әкелердің балалары үшін алиментті мүлдем алмайтын немесе жеткілікті көлемде алмайтын әйелдер қордан төлем алудан үміттене алуы мүмкін», – деді вице-премьер журналистерге.
Алайда дәл осы кезде Парламент депутаттарына жазбаша жауабында Премьер Олжас Бектенов алимент қорын құруды құптамайтынын жеткізді. Ол мұндай қадам елдегі ажырасулар санын арттырып жібереді деп қауіптенеді. Айталық, күйеуі жұмыс істемейтін болса, әйелі аталған қордан көмекқаржы алу үшін онымен некесін фиктивті бұзуы мүмкін.
– Мемлекеттік алимент қорын құру идеясы жаңа туындаған жоқ, бұрыннан талқыланып келеді. Ұсынылып отырған бастаманы Үкімет қолдамаған. Қолдамаудың негіздері келесі: біріншіден, балаларға әлеуметтік көмек бойынша мемлекет онсыз да шаралар қабылдайды. Сонымен бірге Ата заңның 27-бабына сәйкес, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – тікелей ата-ананың етене құқығы әрі міндеті! Екіншіден, мұндай қорды құру – алимент төлеуді тоқтатқан борышкерлер санының өсуіне, некелерді жасанды түрде бұзудың артуына, ата-аналық міндеттерін орындаудан жаппай жалтаруға соқтыруы мүмкін, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, Мемлекеттік алимент қорын қалыптастыратын қаржы көздері де «күмәнді, даулы». Сарапшылар оның бір бөлігін борышкер ата-аналардың мүлкін тәркілеп, сатудан түскен қаржымен толтыруды ұсынады. Шынында, ондай борышкерлердің иелігінде құнды мүлік болмай шығады. Қолданыстағы тәжірибе бойынша құқық қорғау органдары онсыз да жосықсыз «алиментшілердің» автокөліктерін тартып алып жатыр, одан қарыз көлемі тіпті де қысқармады.
Сайып келгенде, МАҚ-тың күні қалпымен мемлекеттік бюджетке қарап қалмақ, соған салмақ салмақ. Ал бюджеттің тапшылығы биылғы жылы 3,5 триллион теңгеге жетіп қалды.
«Шетелдің тәжірибесін талдау көрсеткендей, мұндай институтты құру мемлекеттік бюджеттен мол қосымша қаражат бөлуді талап етеді. Қорды басқаратын арнайы құрылым құру, қосымша штаттық бірлік бөлу және басқасы қаржыны қажет етеді. Осы айтылғанды ескеріп, одан гөрі атқарушы өндіріс аясында алименттерді өндіріп алудың қолданыстағы тетіктерін күшейткен жөн деп санаймыз», – деді Премьер О.Бектенов.
Оның орынбасары болса, қаржы таппай қиналған аналарды үміттендіріп қойды. Сарапшылар Әділет министрлігінің есептемелерін күтуге шақырды. Онысы Бектеновтің үзілді-кесілді кесімін өзгертер ме екен?
Балам деген жұрт болмаса...
Жоғарыда әйелдердің 7%-ы немесе 494 328 әйел ресми түрде ажырасқаны айтылды. Сонымен қатар Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, 2023 жылы сот орындаушыларының өндірісінде «қашқын» алиментшілерден қаржы өндіртуге қатысты 288 мыңнан астам іс жатқан. Бұл – атқару өндірісіндегі құжаттардың үлкен бөлігін құрайды.
Министрдің дерегінше, орындауда жатқан атқару істерінің арасында 16 345-і – проблемалық. Соның ішінде 58%-ы (9 490 құжат) бойынша қарыз 4,7 миллиард теңгедей: ол ара-тұра, ішінара өтеледі. Қалған 42%-ы (6 855 құжат) бойынша 8 миллиард теңге қарыз мүлдем өтелмейді.
«Талдау көрсеткендей, алименттерді төлемеуге негізінен борышкердің ресми жұмыс орнының, табыс көзінің, өндіруге тұрарлық мүлкінің жоқтығы себепкер. Бірақ ауқатты, материалдық мүмкіндігі бар бірқатар борышкер де өз балаларына күтім жасаудан қасақана бас тартады, мүлкін түрлі тәсілмен жасырып бағады. Бұларға әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Проблемалы атқару өндірістері бойынша сот орындаушылары мәжбүрлеп өндіру шараларын қабылдайды. Мүлкі, тұрақты табысы болмаса, ондай борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп, бос орындар жәрмеңкесін өткізіп тұрады», – деді министр А.Есқараев.
Ол тек қана алименттерді өндірумен айналысатын мамандандырылған кеңсе-конторалар құруды ұсынады. Қазірдің өзінде басқа шаруаға алаңдамай, тек осы саламен ғана айналысатын бірқатар жеке сот орындаушысы бар көрінеді. Әділет министрі ЖСО кеңселерінің бір салаға мамандануы тәжірибесін барлық өңірге тарату маңызды дейді.
Алимент төлемеу үшін еркегі болсын, әйелі болсын, түрлі қулыққа басады: сот орындаушысына және алимент алушыға хабарламастан, жұмыс орнын ауыстырады, жұмыс берушісімен келісіп, шынайы табысын жасырады, тұрғылықты орнын өзгертеді, тіпті шетелге табанын жалтыратады. Ақыр соңында отбасының жұртында балаларымен жалғыз қалған адам оларды асырауға жеткілікті қаржы таппай, азап шегеді.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, Үкімет өткір әлеуметтік проблеманы шешу үшін түрлі қате жолдарды байқап көріп, айнала адасып, ақыры ескі «қазығын тапты». Тіпті, «Алиментті төлеу бойынша 30 қадам» сияқты арнайы бағдарлама қабылдап көрді. Заңнама да талай түзеп-күзелді, жаза қатайтылды. Нәтиже шықпады.
– Республикалық сот орындаушылары палатасының қабылдаған шаралары да зая! Балаларға алимент өндірту проблемасы жыл өткен сайын тек ушығып барады. Бұл мәселені VI шақырылған Парламентте көтергенбіз. Ол кезде алимент қарызы 2 миллиард теңгені құраған еді. 2023 жылы алимент бойынша қарыз 20 миллиард 796,6 миллион теңгеден асты! 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша алиментті өндіруге қатысты 8 мыңнан астам сот шешімі мүлдем орындаусыз қалған. Сондықтан біз шет елдердің тәжірибесіне сәйкес, Мемлекеттік алимент қорын құру керек деп табандаймыз, – деді депутат.
Оның ұсынуынша, МАҚ 3 айдан көп уақыт алимент алмайтын барлық балаға төленуі қажет. Қор бюджеттен тыс түсімдерден қалыптасады. Біріншіден, алимент төлеуден жалтарғандардың қаржылай табыстарының белгілі бір бөлігі қорға өндіріледі. Екіншіден, олардың тәркіленген құнды мүлкін аукционда сатудан түскен түсімді де қорға бағыттау ұсынылады. Сондай-ақ ел болашағы балаларға қамқорлығы ретінде қазақ жерінің қойнауындағы байлығын қазып-көсіп алып жатқан шетелдік және отандық инвесторлар, басқа ірі компаниялар қорға демеуші болса игі.
Сарапшылардың дәйектеуінше, қор арқылы мемлекет балалардың үлкен бөлігін қамқорлығына алып, олардың билік пен қоғамға ызалы емес, риза, отансүйгіш азамат болып өсуіне ықпал етер еді.
Лудомандардың үлкен бөлігін алиментшілер құрайтыны белгілі. Олар есіл-дерті құмар ойын болып, соның соңына түсіп кеткендіктен, отбасынан айырылып жатады. Осы орайда таяуда Парламент арнайы заң қабылдап, борышкерлердің, алиментті төлеуден жалтарушылардың бірыңғай тізімінде тұрған тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына, бәс тігуіне тыйым салып тастады. Алайда бұдан тастанды балалардың жағдайы жақсармасы анық. Ендеше олардың жағдайын оңалтудың өзге пәрменді шаралары қажет.
Айхан ШӘРІП