Шымкент қаласындағы жергілікті тұрғындар «Көл» атап кеткен демалыс аймағы бірнеше жылдан бері қараусыз қалған болатын. Сенбі күні осы нысан ел игілігіне берілді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа алаңда болып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Жылдар бойы қараусыз қалған аумақ заманауи талапқа сай абаттандырылып, халықтың серуен алаңына айналды. Қала әкімінің тапсырмасы аясында нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Көлдің түбі тазаланып, айналасы абаттандырылды. Көгалдандырылған аумаққа озық үлгідегі жарық жүйелері жүргізілді. Су қоймасы толтырылып, субұрқақтар іске қосылды. 950 шаршы метрге бетон төселіп, 350 шаршы метр гранит жаңаланған.
Сонымен бірге осы күні үшінші мегаполис басшысы тұрғындармен бірге заманауи талапқа сай абаттандырылған балалар теміржолы аумағын аралады. Мегаполис басшысының тапсырмасымен, қараусыз қалған аумақ жан-жақты зерделеніп, жаңа серуендеу аймағының тұжырымдамасы дайындалған болатын. Жоба бойынша халыққа қолайлы, серуенге ыңғайлы, қауіпсіз аймақ жасау қарастырылғанды. Сонымен қатар спорттық алаңшаларға да орындар қарастырылған.
Орталық стадионнан Дендро саябаққа дейінгі шамамен алты шақырымды құрайтын жолда жүгіру және велосипед жолдары, воркаут-алаңдары бар. Осы алты шақырымдық жол түгел асфальтталған. Алдағы уақытта азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін мұнда бейнекамералар орнатылады, сондай-ақ турполиция тәулік бойы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Келешекте нысанның тарихи келбеті сақталуы үшін стансаларға жаңартылған вагондар қойылады.
Сонымен қатар жол бойынан халықтың игілігі үшін кофе ішетін орындар ашылады.
Айта кетейік, нысан демеушілер есебінен жасалынып жатыр. Қалада бұған дейін үш нысан демеушілердің көмегімен халық игілігіне берілген болатын.
Бұл жұмыстар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылды. Қала басшысы тұрғындармен кездесіп, демалыс аймағын таза ұстап, ұқыпты қарауға шақырды.
Шымкент қаласы
Назгүл НАЗАРБЕК