Қазақстан мен Қытай басшыларының Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын логистикалық орталық салу туралы келісімі аясында құрылған порттың ашылу салтанаты биылғы ақпан айында өткен болатын. Шымкент пен Сиань қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнатудың 1 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған ресми және іскерлік делегация 24-25 маусымы аралығында Сиань қаласында болды.
Брифинг барысында Айдын Мейрамбекұлы делегацияның Сиань қаласындағы алғашқы ұлттық тағамдар желісі «Жеті тандыр» мейрамханасы жобасының іргетасын қалау рәсіміне қатысқанын айтты. Одан соң Бас консулдық ғимаратында «Шымкент-Сиань қалалары кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумы» өткен. Оның аясында қытайлық жергілікті 30-дан астам және қазақстандық 20-дан астам кәсіпкерлер арасында денсаулық сақтау, IT, металлургия, қоғамдық тамақтану, білім, ауыл шаруашылығы, электр жабдықтарының және құрылыс материалдарының өндірісі сияқты салаларда В2В кездесулер ұйымдастырылған.
Әкім орынбасары сонымен қатар Шымкент қаласының делегациясы қытайлық 6 ірі компания басшыларымен кездесу өткізгенін, бірқатар жобаларды талқылағанын атап өтті. Мәселен, Jiangsu Xiandai Lighting Group Co., Ltd компаниясымен болған жүздесуде жарықдиодты көпфункциялы көше шамдары, ландшафт жарықтары, сигналдық байланыс, электрлі және бақылау тіректері, жол қауіпсіздігі құралдары мен электромеханикалық жабдықтар, күн фотоэлектрлік панельдер және тағы да басқалар қалалық кешенді жабдықтардың өндірісі бойынша жобалар талқыланған.
«Сондай-ақ Shaanxi Jingzhao carspan компаниясымен автомобиль өндірісінен сервистік қызмет көрсетуге дейінгі толық циклді қамтитын автомобиль құрастыру зауытын салу туралы, Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастыққа ықпал ететін ұйым саналатын «Қазақстан–Қытай кәсіпорындар альянсымен» ынтымақтастық платформасын құру, іскерлік сапарларды ұйымдастыру және сауда-экономикалық форумдар өткізу арқылы екі елдің экономикаларының өркендеуі мен дамуы жайы сөз болды.
Xian Typical Elevator Co., Ltd. компаниясымен лифт өндірісі бойынша зауыт салу жобасы қаралса, Shaanxi Foreign Trade Import and export Group Co., Ltd. компаниясымен көтерме сауданы, технологиялар мен азық-түлік импорты мен экспортын, қойма қызметтерін, көлік қызметтерін, жеткізу тізбегін басқару қызметтерін, халықаралық контейнерлік тасымалдарды экспедициялау бойынша екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктері зерделенді.
«Ал China Communications Construction Company Limited (CCCC) Tianjin Dredging Co., Ltd. компаниясымен порттар мен су жолдарын тереңдету, жерді мелиорациялау, гидротехникалық құрылыстар мен іргетастарды жобалау және тағы басқалар бойынша екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Форум және екіжақты кездесулер нәтижесінде жалпы құны 17,6 млн АҚШ долларына келісімдер жасалып, құжаттарға қол қойылды», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов.
Сонымен қатар сапар аясында Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэй мырза және қала мэрі Е.Нюпин мырзамен кездесу өтіп, онда түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндіктері мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша нақты бастамалар көтерілді. Кездесу нәтижесінде биылғы күзде Шымкент қаласында екі қаланың бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен ауқымды форум өткізу жоспарланып отыр.
Сапардың екінші күні тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының қызметімен танысумен жалғасқан.
«Әрі қарай Сиань қаласының Экономикалық және технологиялық даму аймақтарын, сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс нысандарын араладық. Лифт өндірісі, темір бұйымдар өндірісі нысандарының барлығы арнайы озық технологиялармен жабдықталған. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қытайлық компаниялар Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келуге шақырылды», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
26 маусым күні Үрімші қаласында «Тату көршілік пен достық, өзара тиімді ынтымақтастық» тақырыбында өткен «Қазақстан–Қытай үшінші өңіраралық ынтымақтастық форумына» еліміздің тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған бір топ делегация қатысты. Іс-шараның бірінші бөлігінде екі елдің ресми өкілдері екіжақты ынтымақтастық бойынша сөз сөйлеп, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қаланың әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық ахуалы туралы баяндап өтті. Форумның екінші бөлігінде екі елдің кәсіпкерлері арасында кездесулер жалғасып, маңызды құжаттарға қол қойылды.
Сонымен қатар форумның барлық қатысушылары «Қытай–Еуразия» халықаралық ЭКСПО көрмесін тамашалап, көрмеде қытайлық нарыққа шығару мақсатында еліміздің әр өңірінен 40-тан астам компания өкілдері өз өнімдерін ұсынғанын атап өтті.
Шымкент қаласы
Назгүл НАЗАРБЕК