Астанада бұрынғы әйелі мен үш баласын тұрып жатқан үйінен мәжбүрлеп шығарған ер адам қамалды. Бұл туралы Kazinform жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Еске сала кетейік, кеше елорда тұрғыны Дана Атешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің полицейлермен және жеке сот орындаушылармен бірге үйіне келіп, балаларды бір-бірлеп үйден мәжбүрлеп шығарғанын, өзін соққыға жыққанын әлеуметтік желіде жариялаған болатын.
Осыған орай Астана полициясы тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Жеке сот орындаушылары үйден шығару туралы сот шешімін орындап жатқанда бұрынғы ерлі-зайыптының арасында жанжал туды. Күш қолдану дерегі бойынша Әйтеновке қатысты тергеу басталды. Тиісті сараптама тайындалды. Соның нәтижесіне қарай процессуалды шешім қабылданады», – дейді ведомстводан.
Бүгін адвокат Дамир Ишмаметов әлеуметтік желідегі парақшасында Марат Әйтеновтің қамауға алынғанын жеткізді. Айтуынша, ертең Әкімшілік кодекстің 73-бабы бойынша тергеу соты болады.
«Қылмыстық кодекстің 108-бабы, 1-бөлімі бойынша іс қозғалды. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, күдіктінің әрекетінде өзге де қылмыстың белгілері бар, полициядан жаза қолдануын талап етеміз. Сондай-ақ ер адам әйелді ұрып жатқанда араласпай құр қарап тұрған полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр. Біреуі тіпті сот орындаушыларына көмектесіп, баланы жылаған күйі көтеріп сыртқа шығарып тастады», – дейді қорғаушы.
Сонымен қатар Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева бала құқығының бұзылуына байланысты Бас прокуратурадан шара қолдануын өтініп ұсыным жолдаған.
Айта кетейік, Марат Әйтенов – Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің туған бауыры.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Тelegram арнасынан таба аласыз.