Геннадий Головкин президенттік қызметті ерікті негізде атқарады.
Головкиннің 25 миллион теңге айлық алатыны рас па? – ҚР ҰОК ресми жауап берді
РБК
824
оқылды

2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасына берген сұхбатында Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің жалақысы туралы айтты, – деп жазады Aikyn.kz.

"Нақты білмеймін, бірақ Головкиннің ҰОК-дегі жалақысы – 20-25 миллион теңге шамасында", – деді спортшы.

Кейіннен Қазақстан Республикасы ҰОК бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. 

"Геннадий Головкин президенттік қызметті ерікті негізде атқарады. Оның қызметіне ақша төленбейді. Оның мотивациясының қаражатқа да, саяси мансапқа да қатысы жоқ. Ең алдымен, оның жұмысы қазақстандық спортқа қолдау көрсетуге, сондай-ақ, Қазақстан ҰОК-тің халықаралық спорттық қоғамдастық алдындағы беделін нығайтуға бағытталған", – деген мәлімдемеде. 

Өз қызметіне кіріскен бойда Геннадий Головкин ҰОК-тің мемлекеттік бюджет ақшасына үміттенбейтінін ашық айтқан. Ұйымның қызметі Г. Головкиннің қатысуымен тартылған демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асатынын да хабарлады.

Жалған ақпарат таратушылар ҚР заңына сәйкес жауапқа тартылатынын, нақтылап айтар болсақ, ҚР ҚК 274-бабына сай қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерте кеткен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.