Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралатынын, депутаттардың рөлі едәуір күшейгенін мәлімдеген. «Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида –мемлекетіміздің басты тірегі», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға бірқатар міндет жүктеген-ді. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін, сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болатынын, жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөлетінін еске салды. «Реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді. Қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды», – деп атап өтті Президент. Сонымен бірге депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет, бұл жұмыстар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізбек. Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен «AMANAT» партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деген сенімін білдірді.
Мәжіліс депутаттары ел ішінде
Осылайша, өкілеттігі біршама кеңейген Мәжіліс депутаттары бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында бірқатар игі істің басында жүр. Жыл сайын 2 мәрте демалыс алып, елдің ахуалымен танысады, шалғай ауылдардағы тұрғындармен жүздесіп, мәселесін тыңдайды. Шешімін таппай жүрген жайттарды жергілікті билік өкілдеріне тапсырып, ал республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселелерді орталықта көтеру үшін қағазға түртіп алады. Түркістан облысынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев және Нұрсұлтан Байтілесов шілденің алғашқы күнінен бері облысқа арнайы іссапармен келіп, өңіріміздің барлық аймағында жұртшылықпен кездесіп жүр.
Мәжіліс депутаты Қайрат Рахымұлы Сауран ауданына жасаған сапары Шорнақ ауылындағы «Бинэкс» ЖШС-ның кірпіш зауытынан басталды. Мұнда заң шығарушы органның өкілі өндіріс орнының қуаттылығымен танысып, зауыт жұмысшыларымен жүздесті. Жергілікті билік өкілдерімен ауданның өндірістік әлеуеті және аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзара пікір алмасты. Түркістан қаласындағы қарқын алған құрылысқа аса қажетті өнім шығаратын кәсіпорында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына 3 млн дана кірпіш шығаратын зауытта өндірістік процестер толық автоматтандырылған, инновациялық технологиялармен жабдықталған. Зауыт басшылығы кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын мәлімдеді және өндірістік үдерісте экологиялық талаптарды сақтауға басымдық беріліп жатқанын айтты. Зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында Қайрат Рахымұлы осы жұмыс сапары аясында Парламент өкілдері қабылдаған заңдардың жергілікті жерлерде орындалуы зерделенетінін жеткізді. Сондай-ақ қолданыстағы заңдар бойынша қай талаптарды жетілдіру керек, соған баса берілетінін айтты. Осы орайда, тұрғындардан өз азаматтық пікірін білдіруде белсенді болуға үндеп, өзекті деген мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.
Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтар көтерген мәселелерге құлақ түрді. Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін аудан әкімі, осы ауданнан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, партия филиалының жауапты өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары да тыңдады, көтерілген мәселелер бойынша толық ақпар беріп, оларды шешу бағытындағы қабылданған жоспарлармен бөлісті. Айта кету керек, кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауызсу мәселесі, елді мекендердегі білім беру ұйымдарын жөндеуден өткізу, интернет кеңістіктегі құмар ойындардың таралуына шектеу қою, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларына қатысты жеке өтініштері мен ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Мақтаарал ауданына барған жұмыс сапары барысында азаматтардың арыз-өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген аудан тұрғындары тарапынан Атакент кентіндегі стадион мен саябақты реконструкциялау, рұқсатсыз сатылып жатқан Психотроптық дәрілерге тоқтам қою, жұмысқа орналасу, аудан аумағынан әуежай салу, ПУИД-2 бағдарламасы аясында салынған каналдардың сапасыз жұмыстары, дренаждарды іске қосу, Мырзакент мақта өңдеу зауытынан шығатын шаң, «Ауыл аманаты» жобасы аясында беріліп жатқан 2,5 % несие, учаскелік жер телімдерін беру, медициналық нысандар салу, әлеуметтік сала, ауызсу, елді мекендерді көгілдір отынмен қамту, техникалық қызметкерлердің еңбекақысын көтеру және «Асыл» елді мекен бағдарламасын Мақтаарал ауданына енгізіп беру бойынша мәселелер көтеріліп, сұрақтар қойылды. Парламент өкілі мәселе көтерген әрбір тұрғынды мұқият тыңдап, қойылған сұрақтар бо-
йынша тиісті сала басшыларының жауабын қарады. Жергілікті жерде шешілетін мәселелерді дереу қолға алуды тапсырып, республикалық деңгейде шешілетін мәселелерді Парламент төрінде көтеретінін жеткізді. Одан соң мәжілісмендер Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлы Жетісай ауданында болып, Жетісай ауданының зиялы қауым өкілдерімен, ардагер ақсақалдармен және жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді.
Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының ауданнан сайланған депутаттары мен аудан әкімі С.Мамытов та қатысты. Кездесу барысында фракция мүшелері аудандағы өзекті деп табылатын білім, денсаулық және аймақтағы экономикалық мәселелерді зерделеді. Зиялы қауым өкілдері тарапынан да Парламент Мәжілісі депутаттарына бірқатар талап-тілек пен ұсыныс айтылды. Жиын соңында аудан ақсақалдары елдің ахуалын билік өкілдеріне жеткізуді ұсынды.
Мандат иелері Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі ұжымымен және аудандағы белсенді жастармен жүздесті. Кездесу оңтүстік өлкедегі педагогикалық мамандармен қамтамасыз ететін алғашқы қара шаңырақ білім ордасының ғимаратымен танысудан басталды. Колледж директоры Л.Баймаханова ұстаздардың, студенттердің білім деңгейін, жеткен жетістіктерін көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар колледж жатақханасы ғимаратын көрсетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал жасауды өтінді. Еркін форматта өткен жастармен кездесу барысында жастар өздерінің бірқатар ұсыныс, тілектерін жеткізді.
Шаруаларға жайлы жағдай жасалады
Ұласбек Сәдібеков Кентау қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Қарнақ ауылында қоғамдық қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының сұраныстарына құлақ түрді, жергілікті әлеумет көтеріп жатқан өзекті мәселелерді зерделеді. Қабылдауға келіп, базынасын білдірген тұрғындар ауылдың тыныс-тіршілігін жайлы етуге қызмет ететін бірнеше мәселені көтеріп, олардың оң шешім табуына қолдау көрсетуді өтінді. Ауылдағы ағайын көтерген басты мәселелердің қатарында Қарнақ ауылындағы үйлерді табиғи газ жүйелеріне қосу, аймақтағы ең негізгі ағын су арнасы – Ырмақ өзенінің жағалауын бекіту, ежелгі дәуірлердің ізі қалған Қарнақты туристік аймақ ретінде дамытуға күш біріктіру, егін шаруашылығына ыңғайлы осы аумақтан су жинайтын қосымша тоған салу өтініштері айтылды.
Қарнақтық тұрғындар көтерген мәселелерді мұқият тыңдаған Ұласбек Сәдібекұлы ауылдардың инфрақұрылымын жаңарту, шаруаларға жайлы жағдай жасауда іргелі жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді. Қала әкімдігіне бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырып, қордаланған мәселелерді шешуге толық мүмкіндік беретін ұсыныстар беруді жүктеді. Парламент Мәжілісі депутатының жұмыс сапары одан әрі қаладағы өндіріс орны мен қарқыны артқан құрылыс алаңында жалғасты. «АБН-Альянс» ЖШС-ның пластикалық құбырлар өндіретін цехы – инновацияға негізделген жаңа кәсіпорын. Кентаудың индустриалды аймағында 2020 жылы ашылған кәсіпорын жылына 6 мың тонна пластикалық құбырлар мен 1,4 мың тонна гофра құбырларын шығарады. Цехта 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістік аймақта Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов кеншілер қаласының бүгінгі өндірістік әлеуеті жөнінде мағлұмат берді.
Сондай-ақ осы сапары барысында Ұласбек Сәдібекұлы 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңында болып, қала аумағында тұрғын үй құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қала әкімдігінің тапсырысымен қолға алынған бұл үйлер баспана кезегінде тұрған әртүрлі әлеметтік санатқа жататын отбасыларға берілетін болады.
Қайта құрылымдау жұмыстары ерекше бақылауға алынған маңызды нысан – «Кентау Сервис» мемлекеттік комммуналдық кәсіпорнының №5 Жылуэнергоорталығы. Облысқа келген мәжіліс депутаттары қатаң қадағалауға алынған энергокешендегі жөндеу жұмыстарының барысын зерделеу үшін Кентау қаласына арнайы барды. Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енген нысандағы реконструкциялау жұмыстарының барысын Парламент өкілдеріне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтып берді. Бұл бағытта Кентау қаласы әкімдігінің атқарып жатқан жүмыстары жөнінде қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов жеткізді. Мәжіліс депутаттары кәсіпорынды аралап, 2023-2024 жылдардағы жылу маусымына дайындығы барысындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының атқарылуын қадағалады.
Айта кету керек, Кентау қаласындағы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстарының сметалық құны 13 701,1 млн теңге болып бекітілген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына мердігер мекеме ретінде «ЭМ-Холдинг» ЖШС, техникалық қадағалаушы ұйым ретінде Otay Construction ЖШС анықталып, келісімшарт түзілген. Бүгінге дейін жөндеу жұмыстарына 11,8 млрд теңге қаралып, қазандықтардың құрылыс-монтажтау жұмыстары қолға алынған. Қала тұрғындарын жылумен қамтуда кәсіпорынның 8 жылу қазандығын, подстансасын, 21 шақырым – магистралды және 81 шақырым – ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын екі кезеңде іске асыру көзделген. Оның бірінші кезеңі бойынша 6,6 шақырымды құрайтын магистралды жылу жүйелерін және 4 кері сорғы стансаларын қайта құру жұмыстарына 4 431,8 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, 4,7 шақырым құбырларды бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары атқарылған. Мердігер ұйым тарапынан 6,6 шақырым құбырларға монтаждау жұмыстары жүргізіліп, кері сорғы стансаларының қайта құру жұмыстары қолға алынған. Жоспарланған жұмыстарға техникалық қадағалаушы мекеме ретінде TN KZ ЖШС бекітілген.
Екінші кезеңде 14,5 шақырым магистралды жылу құбырларын қайта құру жұмыстары бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердігер ұйым ретінде KazIntel ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Жоспарланған жұмыстардың жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайды.
Ораңғайдағы оңалту орталығы назардан тыс қалмайды
Тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру, инклюзивтік орта құру міндеті – әділдік қағидаттарына негізделген әлеуметтік реформалардың басты шарты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығын қамтуды қоғамның орнықты дамуының негізгі көрсеткіші деп бағалады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сапасын жақсарту жұмысы партияның басты басымдықтарының бірі саналатынын атап көрсеткен-ді.
Бұл бағытта көшбасшы партияның 2023-2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау, медицина және халықты әлеуметтік қолдау саласындағы нақтылы индикаторлар белгіленіп, олардың іске асырылуы партия өкілдерінің тұрақты назарына алынған. Сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы ретінде Сауран ауданы Ораңғай елді мекеніндегі мүмкіндігі шектеулі ересек тұрғындарға арналған оңалту орталығының құрылысы енгізілген. Жоба бойынша, мұнда бір мезетте 200 пациент қажетті ем процедураларын алып, оңалту шараларымен қамтылмақ. Айта кету керек, Түркістан қаласының іргесінде салынған бұл нысан тұрғындардың сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтер алуына мүмкіндік жасап, олардың денсаулық ахуалын жақсартуға көмегін тигізеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу сатысына келіп жеткен нысанның дайындығын көруге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, партиялық фракция өкілдері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков арнайы келді.
Нысанның техникалық дайындығы, оның құрылысы барысында болған түйткілді мәселелер, партиялық қадағалау және ұйымдастыру жұмыстарының барысын қадағалады. Мәжіліс депутаттары ғимарат дайындығын бағалау барысында су процедураларымен ем жүргізуге қажетті бассейннің техникалық жағдайына сын-ескертпелерін айтты. Мұнда суды қалыпты температурада ұстау мәселесі назардан тыс қалғанын ескертіп, бассейннің табаны мен ернеулері керамикалық плиткалармен қапталу керектігіне көңіл бөлді. «Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан оңалту орталығы 2023 жылдың желтоқсан айында бітуі тиіс болатын. Құрылыс созылып кеткен. Біз бүгін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы құрылысымен танысуға келдік. Бірқатар кемшілікті көріп, ескертпе жасадық. Бассейні, спортзалы, моншасы дайын емес. Аталған кемшіліктерді тез арада жоюға нұсқау берілді. Әзірге нысанды қабылдамай тұру жөнінде ескертілді», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев.
Арнайы ғимараттың ашылуын асыға күтіп жүрген ерекше қажеттілігі бар азаматтың қатары көп. Соның ішінде Сауран ауданы Қарашық ауылы Құмтиін елді мекенінің тұрғыны Жақсыкүл Истамкулова денсаулық жағдайына байланысты екінші топтағы мүгедек болып танылған. Жылына кемі екі мәрте дәрігерлердің қабылдауында болып, оңалту шараларынан өтуге мәжбүр. Бірнеше перзентін дүниеге әкелген ғазиз ана қажетті емін алу үшін бірнеше жылдан бері Шымкентке қатынап жүргенін айтады. Енді ұзақ жол жүру қиындығы артта қалғанына шын қуанышты екенін білдірді.
Түркістан облысы
Назгүл НАЗАРБЕК