Кез келген ұлттың тарихы жайлы артынан қалған мұрасынан білеміз. Ол мұра – жазылған мәтін, салынған ғимарат немесе дыбыс күйінде сақталған музыка жазбасы.
Ән мен күй жазылған алғашқы пластинкалар жайлы не білесіз?
Фото: istockphoto.com/ru
4,567
оқылды

Қазақ музыка тарихы десек, алдымен өткен ғасырдың 30-жылдары жарыққа шыққан грампластинкалар еске түседі. Әрине, одан ертерек те фонографқа жазылған аудиомұралар бар. Мысалы, ғасыр басында Рихард Карутц жазғаны, 20-жылдары жазылған Әміренің дауысы, Петерборға сақталған «Жұбанов жинап тапсырған» жазбалары жайында бәрін де білеміз. Алайда бұлар сол кездегі озық техника фонографқа жазылып, сол күйінде қалып қойған. Кейін ғана жаңа заманға лайықталып өңделген.

Біз болсақ арнайы дыбыс жазу студиясына барып, жазылып, көп кешікпей мемлекет өзі зауыттан басып шығарған грампластинкаларға тоқталмақпыз. Архив құжаттарын қарап отырсақ, Кеңес өкіметі орнаған уақыттан бастап, бұл іске көп көңіл бөлген екен. Ал қазақтардың алғашқы жазбалары 30-жылдардың екінші жартысынан ресми шығарылып отырған.  Бұл мақаламызда қазақтың ән мен күйі жазылған алғашқы грампластинкалар жайлы тоқталып өтеміз. Барлығы да «Грампластрест» жазба фирмасынан шыққан.

1935 жыл

Біз тапқан мәліметтерде ән мен күйдің алғашқы жарыққа шыққан уақыты 1935 жыл екен. Алғашқы болып «Сарыарқа» күйі жарыққа шығыпты. Орындаған – Құрманғазы атындағы оркестр. (Сол кезде оркестр атауы Казатком болған - ред.) Дирижері Жұбанов деп көрсеткен. Бұл 975 нөмір. Яғни, «Грампластрест» жазба фирмасынан осы жылы шыққан реттік нөмірі. Кейін «Қарабас», «Соқыр Есжан», «Қарасай» және «Айман-Шолпан» операсындағы келіншектер биі бар. (Басындағы реттік нөмірге бір сан қосыла береді). Кейін күйші Қамбар Медетов тартты деген екі жазба бар екен.  Олар «Ақсақ құлан» (979) күйі және «Қарғаш» (бұл жерде ән болуы мүмкін.) Оркестр орындады деген «Аққұм» және «Қоян Бүркіт», оркестрмен Шаймерденов солист ретінде айтқан «Айнамкөз» бен «Қаракесек» әндері мен «Серпер» күйі де осында бар.

Сонымен қатар осы жылы атақты сыбызғысы Ысқақ Уәлиев жазып қалдырған екі күй бар екен. Олар «Естек» және «Зәуреш». Елубай Өмірзақов «Шапибаяу», «Алтай», «Жаяу Мұсаның әні», «Нақ-нақ» әндерін домбырамен айтты деп жазылған. Әбікен Хасенов шертіп қалдырған «Сылқылдақ» пен «Сарыжайлау» да осы жылы пластинка болып шыққан екен. Жүсіпбек Елебеков «Құрбымжай», Ғарифолла Құрманғалиев «Қыз Жібек операсынан Қарақаншық» жазылған әндері де бар.

Жоғарыда жазылған Құрманғазы оркестрі орындаған «Қарасай» мен «Келіншек» күйлері

1936 жыл

Осы жылы қазаққа қатысты «Грампластрест» жазба фирмасынан шыққан пластинкалар көп емес. Атап айтсақ, Темірболат Арғынбаевтың «Қорлан» мен «Айман-Шолпан» операсындағы «Жантық әні» бар.  Қазақ музыка театрының хоры мен оркестрі орындаған келесі шығармалар: «Жалбыр» операсынан Елім-ай», «Қыз Жібектен Алты қаз», «Шашу», «16 жыл». Дирижері – Ф. Кузьмич. 

Күләш Байсейітованың да алғашқы жазбалары осы уақытта басылған екен. «Қыз Жібектің ариясы», «Жалбыр» операсынан Хадишаның ариясы, «Айман-Шолпан» операсындағы Айманның ариясы, «Шұға» операсындағы қоштасу әні жазылған екен.

Сондай-ақ «Д.Бейсембаева» деп көрсеткен әншінің үш әні жазылған. Олар: «Ертіс» (Т.Арғынбаева домбырамен сүйемелдейді), «Қараторғай», «Ағажан». 

Біз іздеген жерде бұл жылғы жазбаларды таппадық. Тек тізім ғана берілген.

1937 жыл

Бұл жылы шыққан жазбалар тіпті аз. Қазаққа қатысты бесеу ғана таптық. Манарбек Ержановтың «Сталин жайлы әні» осы жылы баспадан шыққан екен. Ф.Кузьмич дирижер болған музыка театрының хоры және фортепианода сүйемелдеген Брусиловский екен.

Күләш Байсейітованың «Сталин конституциясының» екі жазбасы бар. Бұл жерде Күләшпен бірге  «Х.Нурмагамбетова  айтқан екен. Хордың орындауында «Ер Тарғын операсынан Үйлену той әні» бар. Сонымен қатар Күләштің жеке айтуында «Ер Тарғын операсынан Ақжүністің ариясы».

 

1938 жыл

Репрессияның шарықтап тұрған кезінде де қазаққа қатысты пластинка шыққан екен. Назар аударар жайт, өткен жылдарға қарағанда көбірек.

Мысалы, Әбікен Хасенов шерткен «Дайрабай» мен «Бестөре», Әли Құрманов айтқан «Молдабай» осы жылы жарыққа шыққан екен. Ары қарай тізіммен жалғастырсақ. 

Әншілер:

Қуан Лекеров – «Бүркітбай», «Біздің күш».

Бісміллә Балабеков – «Қызыл бидай».

Жүсіпбек Елебеков  – «Сұржекей», «Көкаршын», «Құлагер», «Әсет», «Бипыл».

Қали Байжанов – «Шама», «Әсет», «Бипыл», «Сырымбет».

«С. Мүсірепов» – «Жаңа тұрмыс» (бұл Ғабит Мүсірепов болуы мүмкін).

Манарбек Ержанов – «Аққайың», «Қалқа», «Паровоз», «Жиырма бес».

Кенен Әзірбаев – «Жаңа заң», «Тың шырқау», «Бозторғай».

Қапия Түлкібаев – «Үгайым», «Тоқсан бес».

Ғарифолла Құрманғалиев – «Төлеген туралы», «Бағила», «Мұхит» және

т.б.

Күйшілер:

Оқап Қабиғожин – «Байжұма».

Лұқпан Мұхитов – «Ақсақ құлан», «Кербез ақжелең»

Ысқақ Уәлиев – «Мұңды қыз»

Дәулет Мықтыбаев – «Керторғау», «Қамбат батыр»

Дина Нұрпейісова – «Қайран шешем», «16 жыл», «Әсем қоңыр», «Төремұрат», «Бұлбұл» және т.б.

Бұл жерде оркестрмен орындалған шығармалар да баршылық. Біз тек «Құрманғазы оркестрінің»  орындауында «Топан», «Бозшолақ», «Қыз ақжелең» атты күйлерін ғана жаза кетейік. Өйткені бұл кезде оркестр дирижері ретінде бүгінде есімі көп айтылмайтын Мәлік Жаппасбаев болатын.

 

Құрметті оқырман, бұл 1935-1938 жылдары мемлекеттік деңгейде жарыққа шыққан ән мен күйіміз. Бүгінгі «Алтын қор» деп жүргеніміз осылар. Өкінішке қарай, осылай жарыққа шықса да біраз дүние жоғалды. Мысалы, Әбікен Хасеновтің шертуінде «Дайрабай» күйі мен сыбызғышы Ысқақ Уәлиев тартқан күйлер жазбасы бүгінде мүлдем жоқ. Бұл біз білетініміз ғана… Егер оқырман қажет деп тапса, алдағы уақытта кейінгі жылдардағы пластинкалар жайлы мақала жазуға да әзірміз.

Бұған дейін Біржан сал мен Махамбет, Дина Нұрпейісованың домбырасы жайында жазған болатынбыз.