Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Жұматаев мәлім етті.
«Таулы орманды жерлерде өрттің алдын алу мақсатында мобильді топтармен 62 рейд жүргізілді. Оның барысында 5 мыңнан астам демалушыға жадынама таратылды. 27 от жағу фактісі тоқтатылды. Жалпы сомасы 1,4 млн теңгеден астам сомаға 27 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді ол.
Оның айтуынша, рейдтік шараларды жүргізу үшін тепловизорлармен және құлақтандыру жүйесімен жабдықталған пилотсыз ұшу аппараттары (дрондар), құлақтандыру құрылғысы, ат және жаяу патрульдер қолданылады.
«Жаз табиғи өрттің пайда болу қаупі айтарлықтай артатын уақыт екені бәріңізге белгілі. Олар қоршаған ортаға, экономикаға және адамдардың денсаулығына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Өрт қауіптілігі жоғары кезеңде өртті сөндіруді қамтамасыз ету үшін Алмаарасан шатқалында өрт сөндіру қызметі механикаландырылған күзет ұйымдастырды. Сондай-ақ орман-саябақ және тау бөктеріндегі алаптарда жиынтық жасақ құрылды, жиынтық жасақ ретінде тәулік сайын жеке құрамның 13 адамы және 2 бірлік техника кезекшілікке алынады», – деді Е.Жұматаев.
Сонымен қатар таулы жерлерде өртті сөндіруге Қазавиақұтқару және Қазавиақорғау авиациялық бөлімшелері дайын. Үлкен Алматы, Пархач, Юнатское және Алматы әуежай көлдерінен авиациялық техникамен су алу мүмкіндігі қарастырылған.