Жинақтаушы жүйеге қатысуда қырық жылдық тәжірибесі бар және кеңестік ортақ зейнетақыға жұмыс өтіліне байланысты «іліге» алмайтын алғашқы зейнеткерді күту, соншалықты ұзақ та емес – 14 жыл. Яғни, кім БЖЗҚ-ға қанша қаржы жинайды, сонша алады. Ендеше біздің буын соған қаншалықты дайын? Бейне бір қартаймайтындай бәлсіне бермей, бірауық қамсыз қарттық туралы да ойланып көрелікші...
Күшің барда қор жина
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің енгізілгеніне биыл – 26 жыл. Содан бері оның айналасындағы түрлі әңгіме әлі де толастамай келеді. Қанша жерден түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатса да, халық арасында көп болмаса да сенбейтіндер мен түсінбейтіндер бар. Неге? Өйткені елімізде жыл сайын салымшылар қатары көбейіп, халық саны өсіп жатыр. Қанша адам, сонша пікір бар. Ал сенгендер мен түсінгендер қамсыз қартыққа ақша жинау бәйгесіне баяғыда-ақ белсене қосылып кетті.
Бірақ кім сенсін-сенбесін, түсінсін-түсінбесін, бір нәрсе анық: 1998 жылы енгізілген бұл жүйе енді тоқтамайды! Басты қағида: «Қартайғанда қиналғың келмей ме, осы бастан өзің үшін ақша жина». Ал мемлекет оған кепіл болады. Осыдан ширек ғасыр бұрын таңдап алынған Чили моделі жергілікті ерекшеліктермен толығып, көп өзгеріске ұшырағанымен, әуелгі қағидаттарына берік боп қалды. Осы тұста жиі қойылатын басты сұрақтың бірі – неліктен Чили тәжірибесінің таңдалғаны? Бұл ретте еліміздің зейнетақы жүйесін қалыптастырудың қайнар бастауында тұрған белгілі қаржыгер, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің бір сұхбатында берген жауабы еске түседі.
«Чили жүйесі, жалпы алғанда, біз үшін өте қолайлы жүйе болды. Ол кезде жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізген елдер көп емес еді, ал Чили мемлекеті бұл жүйені сәтті жүзеге асырған елдердің қатарында болды. Мұнда жеке қорлар жұмыс істейді, дәлірек айтсақ, активтері бір қордан берілетін басқарушы компаниялар бұл активтерді өз салымшыларының мүддесіне сай басқарады. Ал салымшылардың басқарушы компанияларды, олардың инвестициялық стратегиясы негізінде таңдауына мүмкіндіктері бар. Бастапқыда осы тұстарды біздің жүйеге енгіздік», – дейді ол. Оның айтуынша, Чили моделіне сілтеме жасағанда, шын мәнінде, жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейтін бірқатар елдердің тәжірибесі меңзелетінін ескеру керек.
Қазақстанның қаржы жүйесіне зор еңбегі сіңген Болат Бидахметұлының естелігінен Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесін (ЖЗЖ) енгізуде алғашқылардың бірі болғанын көруге болады. Ендеше мұны кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға бет түзеген шақтағы тәжірибенің аздығына қарамастан қабылданған формациялық батыл әрі уақытылы шешім деп қабылдау керек.
Ол қандай модель? Адамның еңбек жолы 40 жылға созылатынына негізделген модель – 5 жыл. Осы жылдарда жинаған қаражатыңның игілігін қартайғанда көресің деген жүйе. Байқағаныңыздай, әр сұраққа жауапты осы жобаның авторларынан немесе тікелей қатысы бар мамандардан беріп отырмыз. Мәселен, екі рет Ұлттық банкті басқарған Григорий Марченко: «Экономикалық ынтымақтастықты дамыту ұйымы мен Бүкіләлемдік банктің тұжырымдары бойынша зейнетақы жүйесінің пісіп-жетілетін уақыты – 40 жыл. Сондықтан 1998 жылы 23-те болғандар қазір 49-50-лерде. Олар бүкіл еңбек жолын жаңа жүйеде өткізеді. Міне, осы жастан бастап, өз күшінің қаншалықты екенін бағалап, ертеңгі күнге қор жинап, үлкен шыдамдылықпен күтер болса, бұлар лайықты қарттыққа ие болмақ», – дейді.
Болжамды түрде алғанда «жаңа» зейнеткерлердің қаржылық келешегін қазірден-ақ бағалап көруге болады. Ол бірінші кезекте ЖЗЖ реформаларының сәттілігі, салымшының тәртібі, БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі және еліміздегі жалпы демографиялық ахуалмен байланысты. Осының бәрі болашақ зейнетақыға қатты ықпал етеді. Ендеше бұл факторлардың ішінде сіз бен біздің қолымыздан келетіні – айлық еңбекақымыздан алынатын 10%-дық міндетті төлемдерден бөлек, ерікті төлемдер жасау. Биылдан бастап жұмыс беруші төлейтін 5%-дық жарна да берекемізді арттыра түспесе, кемітпек емес. «Жасыңда біліп істемесең, қартайғанда әлің келмес» демекші, осы бастан әлімізді білейік. Ол үшін әрбір Қазақстан азаматы еңбек жолы басталғаннан-ақ осы қағидат туралы ойлана бастауы керек. Ал мемлекет институционалдық деңгейде тұтастай жүйе құрап, қолайлы жағдай туғызып отыр. Оның шарттары мен талабын түсіну қиын емес. Ең басты шарт – түсінсең де, түсінбесең де айлығыңнан зейнетақы қорына қаржы аудару міндетті.
Лайықты зейнетақы жүйесі – әл-ауқатты арттырудың кепілі
Осы тұста бүгінгі ахуалға тоқталмай өтуге болмайды. Шынайы жағдайды пайымдап алмай, ертеңгі күннің сұлбасын елестету қиын. Бүгінде еліміздің жинақтаушы зейнетақы қорында 12 млн-нан астам жеке жинақтаушы зейнетақы шоты бар. Ең бастысы, қазірдің өзінде шамамен 400 мың қазақстандық зейнеткер зейнетақысын жинақтаушы қордан алып отыр. Әрине, жалпы есептегенде алатын зейнетақылар әртүрлі деңгейде. Мұның бәрі салымшылардың жарналарды қорға қалай, қашан аударғанына байланысты. Бір сөзбен айтқанда, БЖЗҚ толық қуатында жұмыс істеп тұр. Ендігі мәселе – жоғарыда атап өткен негізгі факторлардың әсері қандай екенінде? Соның ішінде бірінші кезектегісі – еліміздегі демографиялық мәселе. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 1 қаңтарда ел халқының саны 20 млн-нан асқан екен. Соның ішінде 25 жасқа дейін 8,5 млн адам (42,6%), 25 жастан 65 жасқа дейін 9,7 млн адам (48,5%), 65 жастан асқан 1,8 млн адам (8,9%) бар. Ал 2050 жылдың соңына қарай халық саны 26,3 млн адамға жетуі мүмкін.
Өмір сүру ұзақтығы және қарт адамдардың үлесіне келсек, пандемия жағдайында, яки 2020-2021 жылдары 70,23 жасқа төмендеген бұл көрсеткіш былтыр 75,09 жасқа дейін өскен. БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның да болжамдары бойынша өмір сүру ұзақтығы ұлғая бермек. Соған байланысты 2050 жылға қарай демографиялық қартаюдың жоғары деңгейі байқалмақ. 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2008 жылғы 9,7%-дан 2023 жылы 13,6%-ға дейін өскен болса, 2050 жылға қарай 16,7% болмақ, яғни орта есеппен әрбір алтыншы қазақстандық 60 және одан жоғары жаста болады.
Жиынтық туу коэффициентіне келсек, 2022 жылдан бері бұл көрсеткіш те төмендеп келеді, яғни репродуктивті кезеңде (15-50 жас арасы) бір әйел орта есеппен қанша бала тууы мүмкін дегенде, алдыңғы жылы 3,05 бала болса, былтыр 2,96 болған. БҰҰ болжамдарына сәйкес Қазақстанда 2050 жылға қарай бір әйелге шаққанда 2,42 баладан келіп, одан әрі төмендеуі мүмкін екен. Бала туу көрсеткішінің төмендеуі бүкіл әлем үшін жаһандық үрдіс. Туу көрсеткіштерінің біртіндеп төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы жағдайында 1 еңбекке қабілетті адамға түсетін демографиялық жүктеме арта түспек. Бұл – әлеуетті қолдау коэффициенті де төмендейді деген сөз. Яғни, 65 жастағы және одан асқан адамдардың санына бөлгенде еңбекке қабілетті 25-64 жастағы адамдардың саны азаяды. Бұл көрсеткіш елімізде онсыз да 2012 жылдан бері (7,7-ден 2023 жылы 5,49-ға дейін) төмендеп келеді. Тіпті, 2050 жылға қарай шамамен 4,0 болуы мүмкін.
«Бұлай бөліп атап отырғанымыздың себебі туудың азаюы мен өмір сүру жасының ұзақтығы зейнетақы жүйесіне де салмақ түсіреді. Әсіресе, қазіргі үлестіруші жүйеде бұл қаржылық-ұрпақаралық ажырауға алып келуі мүмкін. Яғни, еңбекке қабілетті жас буын қарттарды «асыраулары» керек. Олардан түсетін салықтан зейнетақы төленеді. Мұның жетпей қалу қауіпі де бар. Осындай кезеңді еліміз бір кездері басынан өткерген еді. Жаңа жүйеге көшуіміздің бірден бір себебі де осы. Оның сыртында көші-қон сальдосы да көңіл көншітпейді. ЮНФПА-ның еліміздегі өкілдігі (БҰҰ-ның халықаралық қоры) «Қазақстан Республикасының халық санағы саласындағы жағдайды талдау» атты есебінде 2050 жылға қарай 1000 адамға шаққанда 0 көші-қон сальдосы орнығады деп болжайды. Бұл «республиканың жұмыс күшіне жоғары сұраныстан, елеулі этникалық эмиграция әлеуетінің біртіндеп сарқылуынан, Қазақстаннан оңтүстікке қарай орналасқан елдердегі халықтың жылдам өсуінен болатын экономикалық дамумен» түсіндіріледі.
– Мәселен, 2016-2023 жылдар аралығында, әсіресе пандемиядан кейін Қазақстанға келушілердің жыл сайынғы саны соңғы екі жылда 2 еседен аса өсіп, 2020 жылдан бері кеткендердің саны 2 есеге азайған, – дейді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева.
Әрине, демографиялық болжам қара аспанды төндіру үшін емес, соған қамдану үшін жасалады. Ол базалық көрсеткіш қана. Бұл ретте көпке жақпайтын шешімдерді қабылдауға тура келіп жатады. Мәселен, соңғы 28 жылда (1995-2023) бюджет шығынын қысқарту үшін 83 мемлекет өздерінің зейнетақы бағдарламаларындағы жарна мөлшерлемелерін көтерген болса, 67 ел зейнет жасын өсірген, ал 69 мемлекет төлемдерді қайта есептеп, оның көлемін қысқартқан. Біздің елімізде мұндай төтенше шешім қабылдайтындай қатер төніп тұрған жоқ. Бірақ алдын ала қамдану, зейнетақы жүйесіндегі жинақ құрамын дамыту және нығайту, оның орнықтылығын және демографиялық өзгерістерге бейімделуін, болашақтағы зейнеткер буынның жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында қаржылық тәуекелдерді бейтараптандыру шаралары жүргізілуде. Осы бағытта Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен жұмыс берушінің 5% мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) енгізу көзделген.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытудың одан да басқа кең көлемдегі мүмкіндіктері қарастырылуда. Мәселен, еліміздегі қаржы нарығы мен жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудың бастауында тұрған Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов, Елена Бахмутова сияқты қазақстандық сарапшылар тобы Қазақстанның қаржы тұрақтылығы мен зейнетақы жүйесінің лайықтылығын арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс әзірлеп, Мемлекет басшысының қарауына жолдады. Мұндай ұсыныстарды әзірлеу туралы шешім Қазақстанның зейнетақы жүйесі алғаш рет 2023 жылы енгізілген халықаралық рейтинг - Mercer CFA Institute Pension Index (MCGPI) жаһандық зейнетақы индексінің нәтижелерін зерделегеннен кейін қабылданған екен. Ал MCGPI индексінде әлем халқының шамамен 64% қамтитын 47 елдің зейнетақы жүйелері талданған.
«Қазақстан «тұрақтылық» қосалқы индексі (7 орын) және «тұтастық» қосалқы индексі (14 орын) бойынша өте жоғары бағаланып отыр. Ол еліміздегі мемлекеттің, қызметкердің және жұмыс берушінің қатысуымен құралған тұрақты көпдеңгейлі зейнетақы жүйесіне негізделген. Десе де Қазақстан «лайықтылық» (38 орын) суб-индексі бойынша салыстырмалы түрде төмен баға алды. Бұл елімізде азаматтардың табыстары мен зейнетақы жинақтарын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Қазақстандық зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру үшін Mercer CFA институты жағдайы нашар қарттарды қолдаудың ең төменгі деңгейін ұлғайту, үй шаруашылықтарының зейнетақы жинақтарының деңгейін арттыруға ынталандыру, зейнетақы жинақтарын қалыптастыру және инвестициялау кезеңінде олардың мерзімінен бұрын пайдаланылуын қысқарту сияқты негізгі ұсынымдар берді», – делінген қазақстандық сарапшылар тобы жолдаған ұсыныста.
Сол сияқты сарапшылар халықаралық ұйымдардың материалдарын зерделеп, озық зейнетақы жүйелері бар елдердің халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып, қазақстандық зейнетақы жүйесінің лайықтылығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар ұсынды. Оның ішінде базалық зейнетақыны нығайту арқылы көп деңгейлі зейнетақы жүйесіндегі мемлекеттік үлесті күшейту, зейнетақымен қамсыздандыруда жинақтаушы құрамды одан әрі дамыту мәселелері бар.
«Зерттеулер зейнетақы жүйесінің үлестіруші түрінің қаржылық тұрғыда тұрақсыз екендігін және мемлекеттік бюджеттен субсидиялардың тұрақты өсіп отыруын талап ететінін көрсетіп отыр. Ал жинақтаушы зейнетақы жүйесі ондағы құрылымды жақсартып қана қоймай, жұмыспен қамтуды рәсімдеу көрсеткішін де арттырмақ. Өйткені салымшының болашақ зейнетақы көлемі оның жарналарына (кіріс табысынан жасалатын аударымдарға) тікелей байланысты, яғни өзі қалыптастырған жинағына меншік құқы өзіне ғана тиесілі. Сонымен қатар дағдарыс кезеңінде зейнетақы жинақтары инвестициялардың ішкі көзі бола отырып, сырттан қарыз алуды және халықаралық нарықтарға тәуелділікті төмендетуге, ЖІӨ өсуінің және ел экономикасына жасалатын инвестициялардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жинақтаушы зейнетақы жүйелерін капиталға инвестиция жасау, еңбек нарығының өсуі және жалпы факторлық өнімділік есебінен енгізген елдер ЖІӨ-нің 0,3-тен 0,6%-ға дейінгі қосымша жылдық өсімін алып отыр», – дейді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов.
Тағы бір атап кететін жайт, елімізде биыл енгізіліп отырған жұмыс берушінің 1,5% мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарнасы 2028 жылға қарай қызметкердің табысының 5%-на дейін жеткізілмек. Бұл шара 1975 жылдан кейін туылған, зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатын қазақстандықтарды қолдауға бағытталған. Олардың зейнетақысы үш құрамдауыштан құралады: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы (БЖЗҚ-ға өз аударымдары есебінен) және шартты-жинақтаушы зейнетақы (жұмыс берушілердің жарналары есебінен).
Сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ұлттық банк пен инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) үшін зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыным да қалыптастырылған. Сыртқы және ішкі зейнетақыны алсақ, қазақстандық ЖЗЖ-ның даму келешегі мен потенциялы өте жоғары. Мұның барлығы да халықтың болашағы үшін жасалып отыр. Өйткені лайықты зейнетақы жүйесі – халықтың әл-ауқатын арттырудың кепілі.
Жинаудан бұрын сақтау маңызды
Байқағанымыздай біз назар аударған қай сарапшы да зейнетақы қорынан оның тікелей міндеттерінен тыс жеке мақсатқа қаржы алынғанын құптамайды екен. Өйткені өзге елдердің тәжірибесінде мұның теріс әсер берген тұстары бар. Мәселен, қазір жинақтардың 50%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға беруге қайта рұқсат етілді. Зейнетақы қорынан азаматтарға тұрғын үй, денсаулық сақтаудың мәселелерін шешу үшін төлемдер жасалып жатыр. Мұның барлығы қаншалықты дұрыс?
«Зейнетақы жүйесі ғасырлар бойы жұмысын атқаратын жүйе деп ойлаймын. Бір ұрпақ зейнеткерлікке шығып жатқан кезде, келесі ұрпақ дүниеге есігін ашып жатады. Осы жаңа ұрпақ үшін зейнетақы жүйесі өз жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан да кез келген зейнетақы жүйесіндегі ең маңызды мақсат –
лайықты зейнетақы төлемін қамтамасыз етуге икемді болу керек. Қазір жинақтаушы зейнетақы қорынан 400 мың адам зейнетақы төлемін алады. Орташа төлем сомасы – 30 мың теңге. Бұл аз. Сондықтан зейнетақы шоттарында азаматтар айтарлықтай артық ақша жинады деп айтуға әлі ертерек. Ал оны шешіп алып, басқа мақсаттарға бағыттау қажет деген жансақ пікір. Бүгінде зейнетақы шоттарында жинақталған ақша зейнетақы төлеу үшін жеткіліксіз. Сондықтан неліктен мұндай шешімнің болғанын әлі де түсінбеймін. Осы жағдайда, жұмыс берушілерден қосымша 5% жарнаны өндіріп алу да мен үшін нонсенс. Өйткені бір жағынан, салымшыларға жинақ шоттарынан ақшасын алу мүмкіндігі беріледі де, сонымен қатар жұмыс берушілерге қосымша салықтық жүктемені арттырады. Демек, бұл салымшылар шешіп алған қаражаттың есебін өтейді деген үмітпен жасалынған шешім сияқты», – дейді қаржыгер Болат Жәмішев.
Кезінде бізге үлгі болған Чилидің өзінде осындай практика болған. Мұнда жинақтаушы зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын қаражат алудың үш толқынынан кейін шамамен 4 миллиондай адам зейнетақы жинағынсыз қалыпты. Осыдан соң ел конгресі дер кезінде шешім қабылдап, төртінші және бесінші транштарды қабылдамай тастаған. Әйтпесе, тағы да 5,8 миллиондай адам дымсыз қалады екен. Ал жинақ та, зейнетақы да жоқ жағдай әлеуметтік кикілжіңге алып келуі әбден мүмкін еді.
Сөз соңы – істің басы
Өзім журналист болсам да, БЖЗҚ-ның 12 миллион салымшысының бірімін. Тіпті, ең төменгі жеткілікті шегінен (ЕТЖШ) асқан 2 миллион теңгемді ипотека жабуға жұмсап, біршама қаржылық мәселемді шешіп алған жайым бар. Жұбайымның да осынша сомадағы артылған ақшасын қосып, жарты несиемізді жаптық. Содан бері екі жыл өтті, зейнетақы жинағымыз тағы көбейіп келеді. ЕТЖШ-ге менікі жетіп қалды, ал жұбайымдікі асып кетті. Әзір мүмкіндік беріліп тұрғасын оны тағы да пайдаланып қалу ниетіміз бар. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Осы мақаланы жазып отырып, қатты ойланып қалдым. Жұмыс берушім аударып жатқан міндетті жарналар қалай болғанда да аз сияқты. Ендеше ерікті жарнаны шындап жинау қажет. Сонда ғана қамсыз қарттыққа алаңсыз жетуге болады. Өйткені қазіргі жинағымның 35-40% мөлшерін БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі құрайды. Ендеше ерікті жарна көлемі неғұрлым көп болса, кіріс те көбірек болмақ.
Сондықтан егер депозит немесе жинақтаушы зейнетақы қоры деген таңдау бар болса, мен соңғысын таңдар едім. Себебі оған деген сенім портфелі пайда болды. Бұл менің ақшам екенін түсіндім. Әрине, қарсы пікір айтатындар да табылар. Бірақ біздің жинақтаушы зейнетақы жүйесі әлі де болса даму үстінде екенін ескеру керек. Ең бастысы оның базалық принциптері дұрыс. Жеке зейнетақы шотындағы жинағың дербестендірілген, ал ақшаңның сақталатынына мемлекет кепілдік береді. Қанша жинасаң, сонша ала алатының, мұраға қалдыруға болатыны және тағы басқалар. Зейнетақының тапқаныңмен емес, жинағаныңмен өлшенетіні. Мемлекет бұл жүйені қалыптастырған кезде, адамдардың тек жақын арадағы қысқа мерзімдегі қамын ғана ойлайтынын білді. Өйткені жас адамдардың, тіпті мен сияқты қырықтан асқан замандастарымыздың да болашақта қандай зейнетақы алатынын ойламайтындары шындық. Себебі өзектілік жоқ, қажеттілік аз. Оның үстіне, неге екені белгісіз, бұл туралы мемлекет ойлауға тиіс деген түсінік қалыптасқан. Бүгінгі әңгімеміз осының ара-жігін ажыратып алу тұрғысында өрбіді.
Ең бастысы, лайықты зейнетақы алу үшін қазірден бастап қаржылық қам мен қажырлы шыдам керек. Ал ол қаржының артығын жинақтаудан, яғни қаржылай сауаттылықтан бастау алады. Баршаңызды да осылай жасауға шақырамын. Ендеше іске сәт, болашақ зейнеттестер!
Нұрлан ҚОСАЙ