Руханият әлемін өнерсіз елестету мүмкін емес. Оның ішінде мәдениеттің мәйегі болған театрдың орны бір төбе. Ол бүгінгінің де, ке­шегінің де кең құлашты тарихын уақыттың тар шеңберінде алақандай кеңістікте көрсетіп қана қоймай, көрерменге түрлі эмоцияны тіке­лей сезіндіру үшін ерен еңбекті талап ететін өнер ордасы.
Аманат арқалаған Айша
679
оқылды

Ұлттық әдебиетті ұлықтайтын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры репертуарының қоржыны, шығарма­лары шынайы өмірден алынған асқақ жазушы Шерхан Мұртазаның теңдесіз туындылары желісімен жазылған драматург Еркін Жуас­бектің пьесасымен толықты.

Қанды қырғындардан аман қалған қазақтың басынан бүгінге дейін бұлт арылмағанын тарихтан білеміз. Сұрқай соғыстың, репрессияның қанды қылышын безеген безбүйрек заманның зарын естіртетін туындыны тұғырынан түсірмей сахналау зор тәуекелшілдік. Десе де, классикалық шығармалардың шамшырағы болып жүрген Қазақ ұлттық драма театры қара сөздің қас шебері Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «Мылтықсыз майдан» туындыларын көрерменге тарту етті. Басында қасіреттің қамытын кие қоймаған қамсыз тірлікті көрсететін қойылым «Балалықтың елінен келдім» – деген бір сөзбен көрерменді сол сұрапыл уақытқа сүйреп ала жөнеледі. Шаңырағында шаттанып, домбыра тартып, әндетіп отырған Мұртазаны (актер Ж.Толғанбай) НКВД жаналғыштары қолын қайырып «халық жауы» атап алып кетеді. Осы орайда, сахнаның да, актерлердің костюмдері де соған сай безендірілгенін айтпай кетуге болмайды. Өйткені театрда әр қойылымның сахнаға сәтті шығып, халықтан лайықты бағасын алуда көрерменге көрінетін тек әртістер болғанымен, сахнаның сыртында үлкен ұйысқан ұжымның еңбегі жататыны анық. Ақ желек таққан Айшаның (актриса Дәрия Жүсіп) жүзі бал-бұл жанған бақытты сәтін мойнындағы қып-қызыл алқасы айшықтап тұрады. Қара аспанды қайғы бұлты торлаған сәтте сахна сұр, сүреңсіз түске енеді. Сахна әр эпизодқа сай өзгеріп отырады. Бейбітшілік болғанда сахна түрлі-түсті түске еніп түрленсе, Мұртазаны алып кеткен кезде аспанды қара бұл торлап, қызыл сары реңкке боялған толған ай бұлт артынан қалқып барып батады. Сары түс уайым мен сағыныштың символы. Аспандағы Ай Айшаның көңіл-күйіне байланысты, тұтас, оқиғаға орай өзгеріп отырады. Қара қағаз келгенде қызыл түске еніп, Айша қиналғанда ауру көздей кілмейіп көрінеді. Кейде өңі қашып, қуарып, қалған уақытта барлық қасіреттің куәсі ретінде аспаннан ақсұр болып бақылап қана тұрады. Ай ол жерде тек деректі зат емес, ол Айшаның сенімді сырлас серігі, үзілмеген үміті, жаны ауырғанда ақтарылатын жансауғасы. Сосын да Ай Айшаның барлық ішкі бұлқынысын сезіп, соған сай өңін өзгертіп отырады. Режиссер де, суретші де автордың айтқысы келген ойын тап басып, Айды Айшаның жанының айнасы етіп сахнада көрсете алды. Ал спектакль бойы ішін тартып уілдеген әуен заманның барлық зарын, Айшаның ішін қарыған қыжылын сыздауықтай сыздатып жеткізіп отырады. Анадайдан көзге түсетін тағы бір дүние – аспанмен астасқан биік қақпа. Ол ашылады, жабылады, кейіпкерлер қақпа арқылы кіріп – шығып жүреді, бірақ көрерменді оның ар жағында қандай әлем бар деген ой орап алады. 

Сахнадағы қақпа көзге көрінетін, реалды қақпа. Ол адамның Құдайды тану жолындағы түсінігімен, көкірек көзінің ашылуымен тікелей  байланысты дүние. Пенденің көкірек көзін басқан шелді қақпамен, соңында ашкөздікті әшкерелейтін детальді топырақпен дәйектеген ақынның айтары бұдан да терең болуы мүмкін. Оның сырын финалда, айқара ашылған қақпаның ар жағынан сахнаға самғап ұшып шығып, қанаттарымен қалықтап тұрған құстар ашты. Құс – бейбітшіліктің символы. Демек, азапты жылдардың жылымығы жасырылған арғы бет – қазақ аңсаған жарқын болашақ, бейбіт өмір, тыныш заман. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманның осылай ашылуы – өте биік суреткерлік шешім (суретші Мұрат Сапаров). Мұндай шешімге келу – режиссер (Тұңғышбай әл-Тарази) мен суретшінің талғамын ғана танытып қоймай, олардың шығарманы терең түсінгенін, санасымен түйсінгенін, көңіл көкжиегіне түйгенін көрсетеді. 

Спектакль Айша образымен ғана емес, Айшаның қайын ағасы – Мамай мен жеңгесі Қамқа отбасының тағдырымен тамырласып отырады. Соғысқа кетіп опат болған Мамайдың ұлы – Орақ, көзі суқараңғы кемпірі Қамқа мен қолындағы нәрестесімен жастай жесір қалған келіні Тотия, сондай-ақ  Барысхан, Нұрперзент, Айдай секілді бір топ жастың тағдыры да терең психологиялық тәсілмен, актерлік шебер ойынмен ашылып отырады. Қамқа мен Айшаның тағдырға лағынет айтып, шер тарқатысуы да әйел образын айшықтай түседі. 

Спектакльде Нұрперзент пен Айдай қыз қасірет қапсырған кезеңде де таза махаббаттың болатынын көрсетеді. Адам қай кезде де жарқын болашаққа, адал сезімге деген үмітін үзбеу керек ененін осы желіден көруге болады. Ауылдың бір шетіндегі диірменге бір дорба бидайдан ұн тартуға барғандағы Барысхан, Нұрперзент, Айдай арасындағы пәк балалық болмыс, соңына қарай, бойжеткен мен бозбала арасындағы саф сезімге ұласқан сәттері кім-кімнің де көңіл түкпірінде тығылған естеліктерін оятары анық. Жас актерлер осы бір сезім көріністерін асқан сезімталдылықпен көрермендерге шынайы жеткізе білді. Режиссер осы жастарға жарқын болашақтың жарық үмітін сыйлағысы келеді. 

Әкесін «Халық жауы» етіп жалмаған жауыз өкіметке Барысханның «Атаңа нәлет, Сталин!» және жаны жаралы Нұрперзенттің аузынан ашумен шығатын: «Атаңа нәлет, Гитлер!» дейтін қарғыстары қысылтаяң шақта айтылып, спектакльдің әсерін одан сайын арттырып отырады. 

 Спектакль: «Сен қайдан келдің дегенде, бір данышпан, «мен балалықтың елінен келдім» деген екен. Ересектерде сол балалықтың елінен келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін. Анамның есімі Айша еді. Түсімде ылғи балалық шағымды көрем, Түсімде ылғи туған үйімді көрем. Түсіме ылғи Айша кіреді» – деп басталып,  

«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді.

Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді.

Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран 

бардым.

Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, 

Нью-Йоркта болдым – олар да түсіме кірмеді. 

Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсім

де көрмедім.

Түсімде ылғи балалық шағымды көремін.

Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде 

Ақсу-Жабағылыны көремін.

Түсімде ылғи туған үйімді көремін» – деп аяқталады. 

Отан, ана, халық деген ең қасиетті ұғымдарды ұштастырып, бір шаңырақтың басынан кешкен оқиғасы арқылы тұтас халықтың, дәуірдің қасіретін тереңінен қазып көрсете білген драматург пен режиссердің, сол оқиғаны дәл түсініп таспалай білген суретшінің талант сүзгісінен осындай шоқтығы биік шедевр шықты. Театрдың шығармашылық құрамы кез келген әдеби туындыны шеберлік шыңына көтеріп көрсете алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. 

Қазақ жазушыларының, оның ішінде Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін», Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме», «Қар қызы» романдарында соғыс тақырыбы қозғалады. Бұл романдардың қай-қайсысында да ерінің артын күткен, жігері жасымаған, сағы сынбаған, еңсесі езілмеген, артында қалған аманатын көзінің қарашығындай сақтап, отын өшірмеген өр әйелдердің образы бар. Ол әйелдердің осал болуға қақысы жоқ. Тағдырлары таңдау бермесе де, табанымен тас тіліп жүріп асыл азаматтарының аманатын алып қалған аналардың ұлттың сақталуына қосқан үйдей үлесін шығармаларына арқау еткен жазушылар бар және бола бермек. Заманында бір туатын заңғар жазушылардың тұғыры биік туындыларының ғұмыры тоқсан жылдық тарихы бар театр сахнасында жалғаса берсін.