Жері шұрайлы, шөбі шырайлы, топырағы құнарлы өлкеде ауыл шаруашылығын дамытудың аса зор мүмкіндіктері бар. Кезінде облыс осы жетекші саладағы басымдыққа ие бағыттардың бірегейі – мал шаруашылығы бойынша республикадағы үздіктер қатарында аталатын.
Төрт түлікті мыңғыртып өсіріп, оның пайдасын көріп келген халықты мемлекеттік тұрғыда қолдау мақсатында қарастырылған түрлі қолдау да баршылық болатын. Алайда соңғы жылдары сөз бен істің арасында алшақтық көрініс беріп, мемлекеттік қолдаудың маңызын қашырып, мәнін жоғалтатын керітартпа жағдайлар жиі кездесе бастапты. Басқаны айтпағанда, мал тұқымын асылдандыру үшін мемлекет тарапынан берілген миллиардтаған демеуқаржыны нақты мақсатқа жұмсамай, жоғары жақты жалған ақпаратпен жарылқап, қазынадан қарастырылған қаржыны талан-таражға салып жіберу анықталыпты. Соның кесірінен, қағаз жүзінде көрсетілген асылтұқымды мал саны мен дәл қазіргі қолда бар нақты санның арасында еселенген алшақтық бары белгілі болған.
Алматы облысының прокуратурасы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына жүргізген тексеру нәтижесінде бюджеттік субсидияларды жымқыруға қатысты деректердің, демеуқаржыны шаруаларға беруде заңсыз қитұрқылықтар қолданылып келгенінің бетін ашыпты. Нақтырақ айтқанда, субсидия алатын «таңдаулыларды» алдын ала белгілеп, оларға миллиондаған теңгенің заңсыз төлемдері жасалған.
Облыстық прокуратураның 2024 жылдың 9 шілдесіндегі ақпаратында айтылғандай, субсидиялау саласындағы бұзушылықтар сомасы 4,8 млрд теңгеден асып жығылады және қайтарылуға жатады. Қазір прокуратураның қадағалау актісі бойынша қымқырылған қаржыны кері қайтару қолға алынған және бюджетке 110 миллион теңге қайта құйылыпты.
«Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асылтұқымды жануарлар алу мақсатындағы селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 млрд теңге субсидияны жымқырған. Іс жүзінде асылдандыру жұмыстары мүлде орындалмаған, құжаттар атүсті жалғандықпен толтырылған, облыстағы асылтұқымды мал басының саны мүлде артпаған», – деп хабарлайды Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Ал облыс әкімдігінің есептік деректеріне қарасаң, өңірдегі мал тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бұл бағытта айтарлықтай даму бар. Соған қарағанда, ауыл шаруашылығы басқармасындағылар көзбен көргенге емес, қағазға жазылған деректерге ғана сүйенетін, сенетін сыңайлы.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, тек қой тұқымын асылдандыру бағдарламасын орындау нәтижелері бойынша төрт жылда асылтұқымды қой саны 1,9 миллионға көбейген. Бірақ бұл деректер қағаз жүзінде ғана қалғаны белгілі болып отыр. Прокурорлық тексеру көрсеткендей, дәл бүгін облыстағы асылтұқымды қой саны бар-жоғы 367 мыңнан аспайды.
Қазір облыстағы ауыл шаруашылығы саласының даму тиімділігіне талдау жасау жалғасуда және көптеген бұзушылық бен ысырапшылдықтың беті ашылуда. Мәселен, Ұйғыр ауданында әлеуметтік-өндірістік кооператив былтыр тіркелген асылтұқымды жануарлардың жоқтығына қарамастан, мал тұқымын селекцияландыру жұмыстары үшін деп 45,2 миллион субсидия алған. Артынан анықталғандай, аталған кооператив демеуқаржы алған кезде өзінің жеке ауласындағы мал ретінде аудандағы басқа тұрғындарға тиесілі асылтұқымды малдарды тіркетіп жіберген.
«Әкімдікпен іс жүзінде сақталған мал басына түгендеу жүргізілмеген және соған байланысты мемлекеттік бюджетке орасан шығын келтірілуде. Жымқыру деректері бойынша, бес бірдей сотқа дейінгі тергеу басталып, заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға қатысты үш ұсыныс енгізілді», – деп хабарлайды баспасөз қызметіндегілер.
Алматы облысы,
Болат АБАҒАН